Accessibility links

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы басшысының Бішкектен түйіп қайтқан ойлары


Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының басшысы Джэффри Гедмин. Бішкек, 6 қыркүйек 2010 жыл
Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының басшысы Джэффри Гедмин. Бішкек, 6 қыркүйек 2010 жыл

Джеффри Гедмин осы аптаның басында Қырғызстанда үш күн болып, саяси аласапыранды бастан кешкен өңірді көріп қайтты. Азаттық корпорациясының басшысын Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаева қабылдады.


БІШКЕКТЕГІ ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Джеффри Гедмин үш күнге созылған іссапар кезінде Қырғызстаннан көңіліне түйіп қайтқан ойларын ортаға салды. "Бішкекте қазанның ортасында өтетін парламент сайлауы тағы бір толқын наразылыққа түрткі болуы мүмкін деген қауіп бар" дейді Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшысы. Өткен дүйсенбі күні тамыздың 6-ы Қырғызстан президенті Роза Отунбаевамен Парламент ғимаратында кездескен Гедмин мырза сәуір айындағы жаппай толқу кезінде қирауға шақ қалған Президент сарайының әлі жөнделіп бітпегенін айтады. Түрлі қоғамдық күштер мен этникалық топтардың арасына түскен жіктің де қашан жойылатыны белгісіз. "Бұл жолы әсіре ұлтшылдар сайлаудың бейбіт түрде өтуіне кедергі келтіруі мүмкін деген күдік басым" дейді Гедмин мырза.

Кезінде өзі Абхазиядағы дауды реттеуге араласқан Роза Отынбаева Азаттық басшысынан Балқан елдері сияқты түрлі қақтығыс ошақтарында жанжалды реттеу мен бітімге шақыруға мұрындық болатын хабарлар ұйымдастыру жайын сұраған. Джэффри Гедмин оңтүстікті қалпына келтіру бойынша қырғыз вице-премьерінің де осы мәселені көтергенін айтады. "Біздің [Қырғыз қызметіндегі] әріптестеріміз Оштағы трагедияға кім кінәлі деген дебат кезінде бітімге шақырушы рөл ойнайды деп үміттенем. Қырғыз да, өзбек те қатар зардап шекті" дейді Азаттық басшысы.

- Қырғыз мемлекеттік университетінде 250 студент пен оқытушылар алдында сөз сөйледім. Бір студент Азаттықта тәжірибеден өту мәселесін көтергенде өзгелері ду еткізіп қол соқты. Азаттыққа деген сұраныс күшті, артқан үміт те зор, - деді Гедмин мырза.

ОЙРАН БОЛҒАН ОШ

Қырғызстанның оңтүстігінде Рамазан айы аяқталысымен тағы бір қақтығыс бас көтеруі мүмкін деген қорқыныш сейілмегенін айтады Азаттық басшысы. Джеффри Гедмин Ош қаласына арнайы сапар шегіп, 400 000 тұрғыны баспанасыз қалған аймақтағы жағдайды өз көзімен көріп қайтты. "Шатырда күнелтіп жатқандардың дені - өзбек. Құрылыс қарқыны баяу. Жергілікті бір өзбек әйел маған қыстың тақап қалғанын айтты" дейді Гедмин мырза.

Азаттық корпорациясы басшысының айтуынша Ош қаласындағы жоғары білімді азаматтардың арасында да этникалық бөлінушіліктің сызы кете қоймаған. Ол өзі кездескен 15 үкіметтік емес ұйым жетекшілерінің жиыны кезінде екі жақтың бір-бірімен сөзбен шарпысып қалып отырғанын айтады. "Ош әкімі орнында жоқ. Біреулер Минскіде жүр десе, енді біреулер Қытайда дейді. Сондықтан оның орынбасарымен кездестім" дейді Джэффри Гедмин. Жиырма бірінші ғасырда этникалық ұлтшылдықтан зардап шегіп отырған қала әкімдігінің қарсы алдында қасқайып тұрған Ленин ескерткіші туралы сұраған Азаттық басшысына Ош әкімінің орынбасары "Бұл - халықтың өз талап-тілегінің көрінісі" деп жауап берген.

Ошта Азат Еуропа/Азаттық Радиосының басшысы үш жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан Азаттық журналисі Әлішер Саиповтың жақындарымен кездесіп, марқұмды еске алып қайтты. Ислам Каримовтың режимі туралы өткір де батыл материалдар жариялаған Әлішердің әкесі ұлының еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтқан. "Ошта жылт еткен үміт отының бір ұшқыны - осы сөздер болды" деді Джэффри Гедмин.
XS
SM
MD
LG