Accessibility links

Астана циркіндегі жанжал президентке дейін жетуі мүмкін, артистер аштық жариялаймыз дейді


Арыстандарды үйретуші Мұрат Өселбаев енді директорға қарсы бастамашыл топқа жетекшілік етеді.
Арыстандарды үйретуші Мұрат Өселбаев енді директорға қарсы бастамашыл топқа жетекшілік етеді.

Сот шешімімен креслосына қайта жайғасқан директор Өмірбек Исабековке қарсы цирк ұжымы наразылықтарын дүйсенбіден бері күн сайын манежде митинг өткізумен білдіруде. Олар басшылықтың саяси ықпалын былай қойып, өздері "қылмыстық" деп атаған әрекеттерін әшкерелеуде.

АСТАНАЛЫҚ ЦИРК АРТИСТЕРІ ҚАНАТ САУДАБАЕВТАН ЖАУАПТЫ ӘЛІ КҮТЕДІ


Естеріңізге салсақ, Өмірбек Исабеков цирк директоры қызметінен осыдан бір айдан астам уақыт бұрын қалалық мәдениет департаменті бастығының бұйрығымен жұмыс орнында болмағаны үшін босатылған болатын.

Дүйсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізіп, істің басын ашып берем деген цирк директоры Өмірбек Исабеков бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шығуға әлі дайын емес екендігін жеткізді.

«Менің жұмыс орнымда болмағанына бір ай болды. Алдымен осы аралықта істелген шаруалардың барлығын қарап шығуым керек. Әртістердің маған тағып отырған айыптарының барлығын көріп, оқып отырмын. Олардың бәріне міндетті түрде жауап беремін», - деді цирк директоры.

Алайда, цирк басшысы осылай деп бас тартқанымен, Бішкектен гастрөлдік сапардан енді оралған әртістер цирк манежінде дүйсенбіде де, сейсенбі күні де «шоу» өткізіп, егер Өмірбек Исабеков өз еркімен орнын босатпаса, жаппай жұмыстан кетеміз деп ескертті.
Бұл жолы олар цирк басшылығының кейбір қылмыстық деген әрекеттерін алға тартты. Астаналық цирк 2005 жылы ашылғалы бері мемлекет тарапынан цирк қызметкерлеріне 17 пәтер кілті беріліпті. Бірақ сол пәтердің біреуі де қызметкерлерге бұйырмапты.

- Ол пәтерлер қайда кетті? Әртістердің көбі күні бүгінге дейін атқорада тұрады. Қазіргі басшылық ең болмаса, цирктің қонақ үйінен бөлме беруді қимады. Соңғы төрт жылдың ішінде циркке қыруар қаржы түсті. Соның барлығы шетке кетіп жатыр. Біз осының бәрін көріп, біліп отырып, он екі мың теңге жалақы алып келдік. Тек соңғы жылдары ғана жиырма екі мың теңгеге көтерді. Осының өзі ақша ма? Шыдамның да шегі бар,- дейді цирк әртісі Салтанат Құңғожинова.

Түйелерге қараушы Мүтәлі болса, өзінің осы уақытқа дейін атқорада тұрып келгенін жасырмайды. Бастапқы кезде оған цирктің қонақ үйінен отбасымен тұруға бөлме беріпті. Бірақ Өмірбек Исабеков басшылыққа келгеннен кейін бөлмесін тартып алыпты.

- Қайда барасың, өзің біл. Бөлмені босат деді. Пәтер жалдап тұруға жалақым жетпейді. Сосын әйелімді, екі баламды ауылға жіберіп, атқорада тұруыма тура келді. Тек өткен айда Бекболат Байсағатов келгеннен кейін ғана маған қонақ үйден бөлме әперді. Енді бөлмені қайтып тартып алады ма деп қорқамын, - дейді цирк қызметкері Мүтәлі.

28 сәуір күні цирк артистері "Нұр Отан" партиясының Астанадағы кеңсесіне шағымданып барып, Қанат Саудабаевтың атына хат тапсырып кеткен. "Нұр Отан" оларға заңдық көмек беруге уәде еткенімен, алдымен тек апеллияциялық сот шешімін күте тұрыңыздар деп сабырға шақырыпты.

-Егер шешім біздің пайдамызға болмаса, біз президентке дейін барамыз және аштық жариялаймыз,-деп мәлімдеді бастамашыл топтың жетекшісі Мұрат Өселбаев.

Сейсенбі күні цирк артистері директор Өмірбек Исабековтің крышасы мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев қолдап отырғанын білдіретін деректерді алға тартты. Бұл жанжал басталмай тұрып, өткен жылдың 22 желтоқсанында цирк ұжымы мемлекеттік хатшының өзіне тікелей қайрылып хат жазған екен, бірақ оған бүгінге дейін жауап болмаған.


ЦИРКТЕГІ ЖАНЖАЛ КҮННЕН КҮНГЕ ӨРШІП, ҚЫЛМЫСТЫҚ БЕТТЕРІ ДЕ БЕЛГІЛІ БОЛУДА


Алғашында, сот шешімі шыққаннан кейін 23 сәуір күні өз кабинетіне, жұмыс орнына өтпекші болған директорды адвокатымен бірге артистер ғимараттың маңайына да жолатпай қойған еді.

Ал 25 сәуір күні Исабеков креслоға сот орындаушыларының көмегімен жайғасты.

27 сәуір күні артистердің бір тобы Бішкектегі гастролдерін тоқтатып, Астснсға оралды.

Бүкіл ұжым манежде кезекті рет ереуіл ұйымдастырды. Артистер БАҚ өкілдерін шақырып, ескі де жаңа директордың төңірегіндегі жаңа даулар туралы баяндамақшы блған-ды. Белгілі болғандай ол мәліметтер директордың өзінен гөрі оның бұрынғы орынбасары Бауыржан Қожалыға қатысты болып шықты.

Астаналық цирктегі дау басталғаннан кейін оларға Петропавл қаласынан сөздерін дәлелдейтін бір бума құжаты бар хат келіпті. Артистер журналистерге соларды көрсетті.

Онда Өмірбек Исабековтің бірінші орынбасары болған Бауыржан Қожаұлының қылмыстық іске қатысы болғандығы, сотталғандығы жазылған.

- Міне құжатты қараңыз, Петропавл қаласы сотының үкімі. Жемқорлық үшін, мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін соттаған, - дейді манеж жетекшісі Жолдас Имашев.

Құжатта көрсетілгендей, Бауыржан Қожаұлы Қылмыстық кодекстің 176, 308 және 58-баптары бойынша мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен үш жыл шартты мерзімге бас бостандығынан айрылыпты. Сонымен бірге жазасын өтегеннен кейін де бес жыл бойында лауазымды қызмет атқаруға тыйым салыпты. Ал қазіргі күнде оның шартты жазасы әлі аяқталмапты.

Бұл іске қатысты Бауыржан Қожаұлының өзімен хабарласудың мүмкіндігі болмады. Ал директор Өмірбек Исабеков өзінің бірінші орынбасары болған Бауыржан Қожаұлының ендігі жерде циркке ешқандай қатысы жоқ екенін айтады.
Оның сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың 18-наурызында ол қысқартуға ұшыраған. Содан бері қайда екенін білмейді екен. Ал әртістердің алдағы жұмыстарына қатысты Өмірбек Исабеков:

- Ұжым бұрынғыдай жұмыс істей береді. Ешкімді де қысқартпаймын. Қысқарту болмайды, - дейді.

Бірақ соған қарамастан, цирк әртістерінің айтуынша, олардың әрбірінің ізіне түскен көрінеді.

- Біздің әрбір қадамымызды аңдитындар табылып жатыр. Тіптен, жігіттерден ілік іздеп, оларға түйені ұрладыңдар деп айып тағып, полицияға ұстатып беріп жатыр, - дейді Салтанат Құңғожинова.

Цирк сахнасында өнер көрсететіндердің дені дарын әкеден балаға даритын династиялар болып келеді екен. Бала кезден, буындары қатпастан цирк өнеріне бой ұсынатын таланттарды жұмыссыз қалдыру олардың өнерін таптау болып табылады дейді олар. Бүгінгі күні Қазақстанда небәрі үш цирк жұмыс істейді. Олардың бірі Алматыда, екіншісі Қарағандыда болса, үшіншісі осы Астанадағы цирк.
XS
SM
MD
LG