Accessibility links

Әкіммен кездескен кеншілер пикетке шығу райынан қайтты


Мемлекеттік көмектен қағылған Қарағанды көмір бассейнінің 2 мыңға жуық ардагер көміршілері наразылық пикетіне шығатындарын айтқаннан кейін ғана үндері билікке жетті.

Қарағанды көмір бассейнінің көмірші ардагерлері қазанның 6-сы күні облыс әкімшілігі ғимаратының алдында бейбіт пикет өткізбек болған еді. Билікке талай мәрте хат жазып, әлеуметтік тұрғыда көмек беруін сұраған шахтерлар өзге амалдары қалмағандықтан, сондай қадамға барған-тұғын.

Әлеуметтік теңсіздікке ұшырағанына реніш білдірген ардагер кеншілер наразылық пикетін өткізу туралы өтінішті жергілікті билікке тапсырған болатын.

Қыркүйектің 30-ы күні Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин мүгедек кеншілермен кездесіп, олардың көтеріп отырған өзекті проблемаларын талқылау үшін осы аптаның соңына дейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездесу ұйымдастыруға жәрдемдесуге уәде берген.

Облыс әкімімен кездескеннен кейін ардагер кеншілер пикет өткізу туралы өтінішті қайтарып алу туралы ұйғарымға келгенін айтты ардагерлердің бірі Дулат Аққошқаров қазанның 1-і күні Азаттық радиосына:

- Біз, егер қателеспесем, қыркүйектің 19-ы күні облыс әкіміне пикет өткізу туралы өтініш бердік. Келесі жылдың республикалық бюджеті қарастырылып жатқан уақытта оған үлгермей қаламыз ба деп қорықтық. Кеше облыс әкімі бізді қабылдады. Ол, біздің естуімізше, кеше таңертең Еңбек және әлеуметтік қорғау министрілігіне хабарласыпты. Әңгіменің немен аяқталғанын білмеймін. Бірақ, осы апта ішінде министр бізді қабылдамақ.

Ал Қарағанды облыстық әкімшілігі баспасөз қызметінің өкілі Жанар Бекбанова осы аптада шахтерлар еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездесу үшін Астанаға баратындығын жеткізді:


- Кездесуде әкім оларға «біз сіздерді қолдаймыз, сіздерге көмектесуге дайынбыз» деді. Облыстық деңгейде шешілетін мәселе емес қой бұл. Министрге әкімнің атынан хат жіберілді. Мәжілісте Қарағанды облысының депутаттарымен бірге бастамашыл топты да Астанаға жіберетін болды. Біздің шахтерлар құдай қаласа, ертеңнің арғы күні сол жаққа барады.


Ардагер кенші Василий Саулин: Билік бізді тірідей көмді. Алматы, 16 қыркүйек 2008 ж.
Әлеуметтік жағдайлары ауыр Қарағанды көмір бассейні жұмысшыларының мәселелері 1990-шы жылдардан бастау алады. Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін көмір бассейніндегі кеніштердің басым бөлігін «Арселор Миттал Теміртау» корпорациясы сатып алды. Ал сатылмай, банкроттыққа ұшыраған 4 кеніште еңбек еткендер еш қорғаусыз қалды.

Бүкіл өмірін шахтадағы жұмысқа арнап, бүгінде денсаулықтарынан айрылған көміршілердің ішіндегі ең жағдайлары ауыры сол 4 кеніште еңбек еткен шахтерлар болып отыр. Бүгінде олар мемлекет тарапынан айына 8-9 мың теңге көлемінде өтемақы алады. Әйткенмен, сол өтемақының өзіне қолдары жетпей қалғандар бар көрінеді.

- 1997 жылы қабылданған «Банкроттық туралы» заңның 77-ші бабында еңбекке жарамдылығын жоғалтқаны үшін, өндіріс кезінде жарақат алғаны үшін төленетін кез келген өтемақы 70 жастан кейін төленбейді деген жолдар бар. Бұл бапты сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі енгізген болатын. Бізді әлі күнге дейін осынау баптың не үшін қажет болғандығы толғандырады. Біздің қолымызда біздің еңбекке жарамсыздығымыз туралы мемлекеттік медициналық ұйымдардың берген қағазы бар. Ол қағаздың жарамдылық мерзімі шектеусіз. Біз аталған заңдағы «масқара» бапты қайта қарастыруды ұсындық. Бір-бірінің көңілін қалдырғысы келмеген болар, өкінішке қарай, біздің мәселемізді ешкім көтергісі келмеді. Ешқайсысы да бізбен сөйлескісі келмейді. «Нұр Отан» партиясына жолдаған үндеуіміз де жауапсыз қалды, - дейді Дулат Аққошқаров.

Ол өздерінен гөрі, шетелдік компанияның қоластында істеген жұмысшылардың маңдайының бағы бар деп есептейді. Себебі, онда істеген жұмысшылар кезінде істеген ауыр бейнеттің аздаған болса да зейнетін көріп отыр екен.

- Шетелдік компаниялар төлеп отырған өтемақыны неге екені белгісіз, біздің мемлекет мойындамай отыр. Мәселен, мен 5-ші разрядтағы жұмысшымын, айына 9 мың теңге алғанмын, ал «Арселор Митталдағы» мен сияқты жұмысшылар мейлі 70-те, мейлі 80-де болсын, үш есе көп өтемақы алады, - дейді көмірші, 3-ші топтағы мүгедек Василий Саулин.

Қазір Қарағанды облысында шахталарда жекешелендірілгенге дейін еңбек етіп, денсаулықтарынан айырылған 2 мыңға жуық ардагер кенші тұрады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG