Accessibility links

Көміршілер көмек сұрайды


Қарағанды көмір бассейнінің мың жарымнан астам көмірші ардагерлері әлеуметтік жағдайларының нашарлығын айтып, сейсенбі күні ақпарат құралдарынан көмек сұрады. Билікке талай мәрте жолдаған хаттарына олар жауап алмапты.

Қарағанды көмір бассейнінде еңбек еткен көміршілер қазіргі таңда айына 8-10 мың теңге көлемінде өтемақы алатын көрінеді. Тіпті ондай ақша да кеншілердің барлығына бірдей тие бермейтінін айтады шахтада 37 жыл еңбек еткен көмірші Дулат Аққошқаров:

- 1997 жылы қабылданған «Банкроттық туралы» Заңның 77-ші бабында еңбекке жарамдылығын жоғалтқаны үшін, өндіріс кезінде жарақат алғаны үшін төленетін кез-келген өтемақы 70 жастан кейін төленбейді деген жолдар бар. Бұл бапты сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі енгізген болатын. Бізді әлі күнге дейін осынау баптың не үшін қажет болғандығы толғандырады. Біздің қолымызда еңбекке жарамсыздығымыз туралы мемлекеттік медициналық ұйымдардың берген қағазы бар. Ол қағаздың жарамдылық мерзімі шектеусіз. Бірақ, 77-ші бап бұл құқығымызды шектеп отыр.

Көміршілердің айтуынша, Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін, көмір бассейніндегі кеніштердің басым бөлігін «Арселор Миттал Теміртау» корпорациясы сатып алып, сатылмай, банкроттыққа ұшыраған 4 кеніште істегендердің барлығы жұмыссыз қалыпты. Әсіресе, бұл - жер астында аянбай еңбек етіп, ақырында денсаулықтарынан айырылған мүгедек жұмысшылар үшін өте ауыр тиген. Себебі, кеніш жабылғаннан кейін оларға өтемақы төлеу міндетін мемлекет те, кәсіпорын да мойнына алғысы келмеген.

Ардагер кенші Василий Саулин: Билік бізді тірідей көмді. Алматы, 16 қыркүйек 2008 ж.
Осыған дейін аталған шахтерлардан құрылған бастамашыл топ мүшелері Премьер-министрге, депутаттарға, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және т.б. органдарға хат жазыпты.

- Біз аталған заңдағы «масқара» бапты қайта қарастыруды ұсындық. Бір-бірінің көңілін қалдырғысы келмеген болар, өкінішке қарай, біздің мәселемізді ешкім көтергісі келмеді. Ешқайсысы да бізбен сөйлескісі келмеді. «Нұр Отан» партиясына жолдаған үндеуіміз де жауапсыз қалды, - дейді Дулат Аққошқаров.

Көмірші, 3-ші топтағы мүгедек Василий Саулин биліктің бұл қылығын еңбек ардагерлерін тірідей көмгенге теңейді. Ол қазірде төсекке таңылып, жүру қабілетінен мәңгілікке айырылған әріптестерінің өте ауыр жағдайды бастан өткеріп жатқанын айтады.

- Шетелдік компаниялар төлеп отырған өтемақыны, неге екені белгісіз, мемлекет мойындамай отыр. Мәселен, мен 5-шы разрядтағы жұмысшымын, айына 9 мың теңге алғанмын, ал «Арселор Митталдағы» мен сияқты жұмысшылар мейлі, 70-те, мейлі, 80-де болсын, үш есе көп өтемақы алады, - дейді ардагер кенші.

Аталған мәселе жөнінде тиісті билік орындарынан, депутаттардан түсініктеме алудың сәті түспеді. Сондай-ақ бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевпен байланысудың мүмкіндігі болмады.

Ал Қарағанды көмір бассейнінің бұрынғы жұмысшылары егер биліктен еш жауап болмаса, наразылық шараларын жасауға мәжбүр болатынын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG