Accessibility links

Алматы түрмесіндегі бүліктің соңы


Алматы қалалық прокуратурасы мен Қылмыстық-түзеу жүйесі комитетінің өкілдері баспасөз мәслихатында. Алматы, 2 тамыз 2010 жыл
Алматы қалалық прокуратурасы мен Қылмыстық-түзеу жүйесі комитетінің өкілдері баспасөз мәслихатында. Алматы, 2 тамыз 2010 жыл

Алматыдағы №1 тергеу абақтысындағы жағдай тұрақты қалыпқа түсті. Бұл туралы дүйсенбі күні, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-түзету жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ирина Якупова журналистерді мәлім етті. Оның айтуынша, өздеріне қол жұмсап, тәнін тілген алты сотталғанға медициналық жәрдем көрсетілді.


Естеріңізге сала кетейік, 30-шілде күні Алматыдағы № 1 тергеу абақтысында тұтқында отырған бір топ азамат наразылық шарасын ұйымдастырып, өздеріне қол жұмсаған. Алғашқы күні құқық қорғау органдары өз тәнін кескілегендердің саны екеу деген еді. Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай олардың саны алтау болып шықты. Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-түзету жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ирина Якубованың айтуынша, наразылық шарасын ұйымдастырушылар сот үкімі шығып, жасаған қылмыстары үшін ауыр жазаға кесілгендер. "Олар абақтыға жаңадан тағайындалған басшының ішкі тәртіп жөніндегі ережелеріне қарсылық білдірді", - дейді Ирина Якупова.
Алматы қаласы мен облысы бойынша Қылмыстық-түзету жүйесі департаменті директорының орынбасары Ирина Якубова. Алматы, 2 тамыз 2010 жыл

- Жаңадан тағайындалған басшы ұстанған тәртіп, Қазақстан республикасының заңына сәйкес. Ал тұтқындар болса карта ойнап бір-біріне қонаққа барғылары келеді. Ішкі тәртіпке мойынұсынғысы келмеген бірнеше тұтқын наразылық акциясын ұйымдастырып осындай әрекетке барып отыр. Белгісіз біреулер телефон арқылы тұтқындардың туған-туыстары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «ұрып-соқты» деп жалған ақпарат таратып арандатушылық жасады.

Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қылмыстық-түзету жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ирина Якубова наразылық ұйымдастырушыларға қарсы күш қолданылғанын жасырмай отыр. Өйткені олар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті дейді.

- Тоғыз тұтқынға қарсы арнайы шара қолданылып, карцерге қамалған. Бұл әрекеттің барлығы прокуратураның тиісті келісімімен жасалды, - дейді Ирина Якубова.

Алматы қалалық прокурорының көмекшісі Ержан Мырзакеров Азаттық радиосына берген сұхбатында, наразылық танытушылардың талабы, тек ішкі тәртіп қана болмағанын айтады. Оның мәлімдеуінше наразы топ, жазаға кесіліп басқа жақтағы түзеу мекемелеріне айдалып кеткен үш тұтқынды қайтаруды талап еткен.
Алматы прокурорының көмекшісі Ержан Мырзакеров Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, 2 шілде 2010 жыл

- Мен өзім кесілген кісілермен сөйлескенде олар айтты, осында отырған үш адамды бізге қайтарыңдар деді. Енді заңға сәйкес ол адамдар он күн ішінде қылмысын жасағаны үшін өтеу мекемелеріне жолдану керек. Бұл талаптарын біз орындамаймыз. Өйткені заңға сәйкес емес.
– дейді Алматы прокурорының көмекшісі Ержан Мырзакеров.

Өз денесіне жарақат салған тұтқынның бірінің анасы Наталья Ибрагимова, Азаттық радиосына берген сұбатында баласымен әлі де болса тілдесе алмай отырғанын айтады. Түрме басшылығы барлығының денсаулығы жақсы, бүгін-ертең карцерден шығарамыз депті.

- Мен өзім баламмен сөйлесе алған жоқпын, әйтсе де түрмеге кіріп шыққан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйым өкілдерінің айтуынша, тәртіп сақшылары тарапынан өрескел әрекеттер болған жоқ. Бәрі заң аясында деді. Кескілеген жерлеріне дәрігерлік көмек көрсетіліпті. Карцерден шыққан күні кездесуге сұранайын деп отырмын. Содан анық-қанығын білерміз.
Алматы түрмесінде өз денесін жарақаттаған сотталушы Руслан Ибрагимовтың анасы - Наталья Ибрагимова. Алматы, 30 шілде 2010 жыл

Алматы және Алматы облысы бойынша түзеу мекемелеріндегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы Ардақ Жанәбілованың айтуынша, тұтқындарға құқық қорғау қызметкерлері тарапынан қолданылған күш орынды. Өздерінің қате әрекетке барғандарын тұтқындар да мойындап отыр – дейді Ардақ Жанәбілова.

- Түрменің әкімшілік қызметкерлерімен аздаған жанжал болған. Тұтқындардың өздері де кінәлі, оны олар мойындап отыр. Олар өздерінің ағат іс жасағандары жөнінде өтініш жазды. Аса қатты ұрып-соғу болмаған, тек қана арнайы құралдарды қолданыпты. Оны қолдану жөнінде прокуратурадан рұхсат алған.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің айтуынша, абақтыдағы медициналық қызмет көрсету жағынан біраз шағымдар болған.
Алматы қаласы мен облысы бойынша түзету мекемелеріндегі адам құқықтарын қорғау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова. Алматы, 30 шілде 2010 жыл

- Біз оларды тиісті орындарға жеткіземіз дейді, - Ардақ Жанәбілова.

Ал наразылықты бастағандар - сот үкімі шығып жазаға кесіліп қойғандар. Олар тиісті колонияларға жөнелтілген.

Бір айта кетерлігі, абақтыдағы тәнін тілу оқиғалары түрмеге Димаш Асқарұлының бастық болып келгеніне жарты күн ғана болғанда өріс алып отыр.
XS
SM
MD
LG