Accessibility links

Елде энергетикалық дағдарыс болуы мүмкін


Астанада ІІІ Еуразиялық энергетикалық форум өтіп жатыр. Әлемнің бірқатар елдерінен делегаттар қатысып жатқан жиында ғаламдық және Қазақстандағы энергетика саласындағы мәселелер талқылануда.

«Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары ассоциациясының хабарлауынша, форумның алғашқы күні негізінен, елдегі энергетикалық ресурстардың дамуы талқыланып, ғаламдық энергетика мәселелерін шешуде елдің үлесі жөнінде сөз болған.
Премьер Кәрім Мәсімов Қазақстан электр энергетикасын дамыту саласында АҚШ, ЕуроОдақ, Қытай секілді елдердің тәжірибесіне сүйенгені жөн деп санайды.
- Мұнымен қатар форумда елдегі көмірсутектік өндірістің даму сатыларына баға берілді. Атом өнеркәсібінің дамуына тоқталған Үкімет басшысы электр энергетикасын дамыту саласында Қазақстан Еуроодақ, АҚШ, Қытай секілді мемлекеттердің озық тәжірибесін меңгеру қажеттігін баса айтты. Әрине, форум энергетика саласында қордаланған мәселелердің барлығын шеше алмайды. Мұнда тек олардан шығу жолдары жөнінде пікірлер айтылды. Форум сонысымен маңызды, - деді ассоциацияның имидждік саясаты бойынша атқарушы директоры Ләззат Ақкөзова.
Астанада энергетика мәселелері талқыланып жатса, Қазақстанның оңтүстік аймағы қазірдің өзінде энергетика тапшылығын бастан кешіруде. Бұл өңірде екі күннен бері тұрғындар үшін жарық тұрақты түрде берілмей келеді. Мұның себебін «Энергопоток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Оксана Иванова былайша түсіндіреді:
- Биылғы жылы судың аз болуы салдарынан көптеген электр станциялары өз жұмыстарын дұрыс атқара алмай қалды. Мәселен, Талас өзенінде су болмағандықтан Жамбыл электр станциясы генераторларын суыта алмай, қазір оның тек екі блогы ғана жұмыс істеп тұр. Тәжікстан мен Қырғызстан да сол себепті Қазақстанға электр энергиясын сата алмай отыр. Ал солтүстіктің энергия өндіруші орындарында үнемі жөндеу жұмыстары жүріп жатады. Ал Шардара су қоймасында мүлде су жоқ.
Сұхбаттасымыздың айтуынша, қазіргі уақытта бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысын тұтастай электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін сағатына 35 мВт энергия күші керек екен.
Кейбір мамандардың болжамынша, бұл әлемді меңдеген энергетикалық дағдарыстың Қазақстанға да есік қағып кіруі. Неге десеңіз, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған электр станциялары тұрғындардың сұранысын тек 2009 жылға дейін ғана қанағаттандыра алатын көрінеді. Оның үстіне, жабдықтардың да тозығы жетіп, құрып-бітуге айналған. Дерек бойынша, Қазақстанда электр қуатына деген сұраныс жыл сайын 5-6 пайызға артып отыр. «Экспортты дамыту және оны алға бастыру» корпорациясының кеңесшісі Акбар Алиннің айтуынша, энергетикаға деген сұранысты Қазақстанның барлық аймағы басынан өткеріп отыр:
- Электр қуатының басты жауы - өндіріс ошақтары. Сондай-ақ, бізде энергияның көп бөлігі дұрыс мақсатта қолданылмайды. Жылу сақтайтын технологиялар іске қосылмаған. Соның салдарынан қаншама қуат желге ұшып жатыр. Бұлардың барлығын мемлекет өзі реттеуі керек.
Мамандар энергоресурстарды тиімді қолдануға мүмкіндік беретін технологиялар қондырылса, онда кететін энергияның 45-50 пайызын сақтап қалуға болатынын айтады. Әзірге, оған деген сұраныс өсіп тұр. 2012 жылға таяу Қазақстан сағатына 0,4 млрд кВт энергияға зәру болады деп болжайды мамандар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG