Accessibility links

Борышкерлер Алматыда наразылық акциясын өткізсе, Астанада үкіметбасының отставкаға кетуін талап етті


Үлескерлер несие қарызының 5 жылға шегерілуін сұрайды. Алматы, 27 қараша 2008 ж.
Үлескерлер несие қарызының 5 жылға шегерілуін сұрайды. Алматы, 27 қараша 2008 ж.

Алматыда «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан Халық банкінің бас ғимараты алдында екінші рет наразылық акциясын өткізді. Ал Астанада «Лайықты баспана үшін» қоғамдық қозғалысының өкілдері Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов отставкаға кетсін деген талап-үндеулерін президент Н. Назарбаевқа жолдады.

Осыдан бір ай бұрын «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы Сәтпаев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында орналасқан Халық банкі филиалы ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізген болатын. Олар ол кезде банктің басқарма төрағасы Григорий Марченконың атына арнап, үндеу оқыған еді. Қозғалыс мүшелері содан бері 1 ай өтсе де банк тарапынан ешқандай жауаптың болмағандығын айтты. Алайда банк алдына екінші рет жиналған борышкерлердің бұл жолғы сапары ерекше. Қолдарына Григорий Марченконың бейнесі салынған шарды ұстаған олар төрағамен кездесетіндіктеріне кәміл сенді. Алайда борышкерлермен тілдесуге келген Халық банкінің басқарма бастығы Валерий Савицкий төрағаның келмейтіндігін айтты:
- Менің білуімше, сіздер басқарма төрағасы Г. Марченкомен кездесуге келдіңіздер ғой. Ол қазір банкте жоқ. Сіздермен кездесе алмайды, - деді Валерий Савицкий.

Алматы қаласының тұрғыны Майра Мұсабекова осыдан бір жыл бұрын Халық банкінен несиеге пәтер алған. Ай сайын 2 мың АҚШ долларын төлеп тұратын ол, қаржылық дағдарысқа байланысты бір жылдан бері ақша төлей алмай отырғандықтан, өзіне банктің жеңілдік жасауын сұрап отыр:

- Несиемді уақытылы төлеп тұрғанда мен банкке жақсы клиент болдым, ал төлеуге қабілетім болмай қалып еді, жаман болып шыға келдім. «Бір жылға шегеруге болмайды. Үйіңді сатамыз» деп, бала-шағамды қорқытады. Банк үйді қалаған бағаға сатып, қалған қарызды мойныма іліп тастамақшы. Мен қазір несиемді төлей алмаймын.


Майра сияқты жұмыссыз қалған Гүлнар Райымжанова да банктен алған несиесін төлей алмай отыр. Ол банк басшыларының елдегі дағдарысты ескеріп, жағдай реттелгенше уақыт беруін талап етті:


- 2007 жылдың шілде айында несиеге пәтер алғанбыз. Сол баспананың ақшасын наурыз айынан бері төлей алмай отырмыз. Банк тарапынан күнде қысым болып тұрады. «Несиенің пайыздық үстемесін азайтыңдар» деп, банкке 3 рет өтініш жаздым. Дағдарыс жалғыз Қазақстанда емес, дүниежүзінде болып жатыр ғой. Сондықтан үкімет халыққа көмектеседі деп ойлаймын.


Бұл несиесі төленбеген қала тұрғындарының жағдайы. Ал «Халыққа баспана қалсын» қозғалысының жетекшісі Эльмира Ысқақова Азаттық радиосына берген сұхбатында, банк басшыларының баспанаға қатысты дауға бас қатырғысы келмей отырғандықтарын айтты:

- Біз аталмыш банкке осымен екінші рет келіп отырмыз. Бірінші кездесуіміз сәтсіздікпен аяқталған. Ол кезде банктің басқарма төрағасы Григорий Марченко бізбен тілдесуге жарамады. Біз еріккенімізден келіп отырғанымыз жоқ, шарасыздықтан банкке жүгінудеміз. Осы жолы да Марченко мырзаға хат дайындап әкелдік. Халық банкінің Алматы филиалы бойынша борышкерлер саны 80 адамды құрайды. Бұл республикалық деңгейде өткізіліп отырған акция болғандықтан, Астана, Павлодар, Шымкент қалаларының да борышкерлері жұмылдырылуда. Ал Шымкенттегі халық банк ол жақтағы борышкерлердің пәтерлерін саудаға шығарып отыр екен, - деді Эльмира Ысқақова.

Normal 0 «Лайықты баспана үшін» қоғамдық қозғалысының өкілдері бүгін сондай-ақ Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов отставкаға кетсін деген талап-үндеулерін президент Н. Назарбаевқа жолдады. Бұл туралы олар Астанадағы баспасөз мәслихатында мәлім етті. Шағымданушылардың айтуынша, премьердің «ипотекалық несие алғандар мәселесін шешу жолы» көзбояушылық.
Осыдан екі күн бұрын премьер- министр Кәрім Мәсімов ипотека мәселесін дағдарысқа қарсы шаралар кешеніне енгізіп, бірлестіре шешу мүмкіндігін қарастырамыз деген болатын.


Экономист мамандардың сараптауынша, АҚШ банктері былтырдан бастап, 6, 7 пайыздық азаматтардан алатын сыйақыларын 4 пайызға дейін түсірсе, Еуропа елдерінде ипотекалық несие пайыздары әрі кетсе 6 пайыздан аспайды екен. Ал Қазақстан банк жүйесі керісінше сонғы он жылда пайыз мөлшерін бірнеше есеге өсірген. Былтырдан бастап шетел банктері Қазақстанға қарыздарын қайтару туралы мәселе көтергенде, елдегі банк жүйесі несиенің 12-13 пайыздық көрсеткіштерін 16-18-ге өсірген. Оның салдары бүгінде үлескерлер мен борышкерлердің наразылығымен жалғасуда.

XS
SM
MD
LG