Accessibility links

Қашаған кеніші: үміт пен күдік


Қазақстан үкіметі Қашағанға қатысты даулы мәселе биыл күзде аяқталады деп сендірсе, бірқатар тәуелсіз сарапшылар белгіленген мерзімде кеніштен мұнай өндіру жұмысының басталатына күмән келтіреді.

Астанада ІІІ Еуразиялық энергетикалық форумда Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Қашаған жобасы төңірегіндегі мәселе бойынша тараптардың келісімі қазанның 25-іне дейін аяқталатынын мәлімдеді. Бұған дейін Agip KCO консорциумы мен Үкімет арасында кенішті игеру төңірегінде келіспеушіліктер туындап, осы жылдың жаз айында екі жақ бітімге келген болатын.
Жүргізілген күрделі келісімдер нәтижесінде мемлекеттің жобадағы үлесінің 16,6 пайызға көбейгенін айтқан Үкімет басшысы, жобаны жүзеге асыру мерзімінің өзгергені үшін де мемлекет өтемақы алатындығын айтты. Осыған дейін кенішті игеру мерзімі концорциумның тілегі бойынша бірнеше мәрте кейінге шегерілген болатын. Соңғы өзгерту бойынша ондағы жұмыстар 2013 жылдың соңына таман басталуы тиіс.
Мұнай-газ саласының маманы Нәдір Нәдіров Үкіметтің Қашағанға қатысты саясатын қуаттайды:
- Кейбіреулер қатты талаптар қоя беретін болсақ, шетелдің компаниялары кетіп қалуы мүмкін деп қорқытады. Менің ойымша, олар еш жаққа кетпейді. Қазір дүниежүзі бойынша мұнай бағасы көтеріліп келе жатыр. Істеп жатқан 5 компания Қашаған сияқты үлкен жоба, үлкен мұнай кенішін еш жерден таба алмайды. Жобаға кеткен қаржы жақын уақытта ақталуы керек.
Алайда кейбір сарапшылар Қазақстан үшін Қашағанның жемісін көретін күн алыс екендігін айтады. Қоғамдық мәселелерге талдау жасау орталығының директоры Меруерт Махмұтова болса, әуел бастан-ақ экономикадан гөрі саясаттың құралы болып кеткен кеніштің ел үмітін ақтайтынына күмәнданады:
- Тіпті, біз бүгінгі күні шетелдік компанияларды қысқартып, оны қазақ компанияларына береміз десек те, еш нәрсе өзгере қоймайды. Себебі, оған әжептәуір инвестиция керек, сондай-ақ, оны игеру ісінде отандық компаниялардың тәжірибесі болуы керек. Осының бәрін Үкімет ескеріп, әуел бастан кеніштің мүмкіндігін дұрыс бағалағанда, бүкіл әлемді «Қашаған не болды» деген сауал мазаламас еді.
Ал экономикалық-саяси мәселелер бойынша шолушы Ярослав Разумов Қашаған жобасының жүзеге аса қоятынына мүлде сенбейді. Ол бастапқы кезден-ақ жасанды болып көрінген Қашаған жобасының артында өзге мақсаттар тұрғанын айтады:
- Мұның барлығы, менің ойымша, осы жоба төңірегіндегі саяси-қаржылық ойындар. Бастапқыдан жоба өте жариялы түрде жүрді. Соған қарағанда, батыстық концорциум мүшелері осы жарнамаға үлес қосқаны үшін мемлекеттен жақсы мөлшерде дивидендтер алып тұратын сияқты.
Сұхбаттасымыздың айтуынша, Қазақстанның құрлықтағы мұнай-газ қоры баяғыдан бері зерттеліп, ашылып қойғандықтан, мол қоры бар жаңа кеніштің пайда болатыны шындықтан гөрі ертегіге ұқсас:
- Саяси рейтингісін көтергісі келген Қазақстан әлемге мұнайы көп ел екенін айтып, жар салғысы келді. «Тілегенге сұраған» демекші, Қазақстанның бұл тілегі өздерінің акцияларының құнын өсіргісі келген батыстың компанияларының тілегіне сай келді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Жоба бойынша, Қашаған мұнай кенішінің геологиялық қоры 4,8 млрд тонна деп есептелген. Кеніш игерілген жағдайда одан жылына 25 млн тонна мұнай өндіріледі деген болжам бар.
Қыркүйектің 4 күні журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Президентінің күйеу баласы, KazEnergy ассоциациясының басшысы Тимур Құлыбаев 2014 жылы Қашағаннан тәулігіне 450.000 баррель мұнай өндіруді жоспарлап отырғандарын айтты.
«Тек ешқандай форс-мажорлық жағдайлар килігіп кетпесе болғаны», - деді ол.
2008 жылғы маусымда Қазақстан Үкіметі кенішті игеріп жатқан Agip KCO консорциумы акционерлерінің Қашағанда мұнай өндірісін бастау мерзімін 2013 жылға қалдырутуралы ұсынысымен келіскен болатын.
Әу баста Қазақстанмен жасалған келісім бойынша Қашағаннан алғашқы мұнай өндіру жұмыстары 2005 жылы басталуы тиіс еді. Бірақ, ол мерзімді 2007-2008 жылдарға жылжытуға Үкіметті көндірген консорциум былтыр 2010 жылға сырғытуды сұрады. Бұған қоса жобаның құны бастапқы мөлшерден 2,5 есеге - 136 млрд долларға дейін ұлғайтылды.
Бұл жайтқа көңілі толмаған Қазақстан Үкіметі италияндық Eni компаниясы бастаған консорциумды келісім-шарт талаптарын бұзды деп айыптап, шетелдік инвесторларға айыппұл салып, кенішті игеруді тоқтататынын мәлімдеді. Мұндай қатаң саясаттан кейін шетелдік инвесторлар консорциумдағы үлестің бір бөлігін Қазақстанның ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясына сатуға келісті.
Сөйтіп үлесі екі есеге көбейген ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясымен бірге Қашаған жобасына қатысып жатқан консорциум құрамына Eni, Exxon Mobil, Royal Dutch Shell, Total, ConocoPhillips, Inpex Holdings Inc секілді шетелдік өндіруші компаниялар кіреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG