Accessibility links

Ұлттық бағыттағы одаққа билік қолдау танытты

"Халық үні" қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы. Алматы, 18 қараша, 2008 жыл.
"Халық үні" қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы. Алматы, 18 қараша, 2008 жыл.

Алматыда "Халық үні" қоғамдық бірлестіктер одағының құрылтайы өтті. Ұлттық бағыттағы ұйымдарды біріктіру үшін құрылған одақ биліктен қолдау тапты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, одақ Қазақстандағы ұлттық бағытта жұмыс істеп жүрген 13 қоғамдық ұйымның басын біріктіріп отыр. Құрылтай жиынды жүргізген жазушы Советхан Ғаббасов одақтың негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық мұң-мұқтажын жоқтау, жерді мемлекет иелігіне қайтару, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне толыққанды ие болуына қол жеткізу екендігін айтты.

– Бұл мақсатқа жету үшін біз үш тағанды формула ұсынамыз: үкімет – ұйымдастырушы, зиялы қауым – ағартушы және жұрт – орындаушы болуы керек. Осы үшеуі бірлесіп, үндесіп жұмыс істесін деген ұран тастаймыз, – деді Советхан Ғаббасов.

Құрылтай жиынында сөйлегендер рухани мәселелермен бірге Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық проблемалар туралы да сөз қозғады.

– Жемқорлық мәселесін де үлкен проблема деп қойып жатыр. Бірақ сол проблемамен айналыспақшы болған, соны айтып жүрген адамдардың өзі жемқор. Қоғамдағы ең құрметті адамдар – ең үлкен ұрылар, - деді "Мемлекеттік тіл" қоғамдық бірлестігі төрағасы Мұхтар Шаханов.

Бұған қоса Шаханов осы жиынға қатысып, одақты ұйымдастырудың басы-қасында жүргендер арасында биліктің тапсырмасын орындап жүрген адамдар болуы мүмкін деген күдігін де айтты.

– Біз бұған дейін "Халық рухы" атты партия құрмақ болғанда, басында бізбен болуға келіскен әлгі адамдар кейін аяқ астынан осы "Халық үні" деген бірлестік құрамыз деп бөлініп шыққан болатын, сондықтан менің күмәнім бар оларға, – деді Мұхтар Шаханов.

Советхан Ғаббасов Шахановтың бұл айтқанын жоққа шығарып, одақ құрудың артында ешкім тұрмағанына жиналған жұртты сендіруге тырысты. Дегенмен, жиынға қатысқандар арасында әлгіндей күмән білдірген жалғыз Шаханов емес.

Алматыдағы Ғалымдар үйінің мәжіліс залында өткен құрылтайды ұйымдастырушылар ұлттық-патриоттық бағыттағы барлық қоғамдық бірлестіктерге шақырту жібергенін айтқанымен, жиынға залдағы орындардың үштен біріне жетер-жетпес адам жиналды.

Жарыссөзге шыққан студент Руслан Желдібаев жиынға көңілі толмайтынын айтып, онда сөйлеген шешендерді қатты сынға алды.

– Бүгін мына залда жастар неге тым аз? Советхан аға, сіз жастар ұйымдарына да шақырту жібердім деп отырсыз ғой, бәлкім, расында, "Жас Отан" мен Студенттер Конгресі секілді ұйымдарға жіберген шығарсыз. Бірақ, менімен бірге оқитын жастар келгісі келмеді осы жиынға. Себебі, мұнда бүгін сөз болған мәселелердің барлығы осыған дейін мың сан мәрте айтылып, әбден жауыр болған тақырыптар. Іс - жоқ, сөз – көп. Жас азамат ретінде айтайын, өз басым мұндай сөздерден шаршадым. Сіздер неге жастардың, қазіргі қоғамның шынайы көкейкесті проблемаларын қозғамайсыздар? Мәселен, бүгінде 7 мың теңге стипендияны талғажу етіп жатқан студент ғылым жолындағы ғалымның үй-күйсіз, бала-шағасын асырауға шамасы жетпей жүрген күйкі тірлігін көріп ешқашан ғалым болам демейді. Ал осы мәселені шеше алмай отырған мемлекеттен не үміт, не қайыр?! Жаңа бір ағамыз ондай мәселелерді айтпай-ақ қояйық деді. Шындықты айтудан қорқып, сөйлей алмай отырған сол ағаларымыз кейінгі бізге қандай үлгі болмақ?!

Руслан Желдібаев тәрізді құрылтайға қатысқанымен, оның жұмысына көңілі толмаған бірқатар адам жиынның аяқталуын күтпей шығып кетіп жатты.

Ал құрылтайда сөйлеген Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өкілі атқарушы билік органы тарапынан "Халық үні" қоғамдық бірлестіктер одағына қолдау танытып, онымен тізе қоса жұмыс істеуге әзір екенін білдірді.

Амалбек Тшанов. Алматы, 18 қараша, 2008 жыл.
Амалбек Тшанов. Алматы, 18 қараша, 2008 жыл.

– Бізде биліктен тәуелсіз құрылған ұйым, қозғалыстар қоғамда күш ала бастаса, билік оған араласып, ыдыратуға күш салып жатады. Өздеріңізге мәлім, осыған дейін бізде бірнеше партия да бас қосып біріккенімен, кейін биліктің тікелей ықпалымен жеке-жеке бөлініп кетті. Сол секілді бүгінгі мына топтың ішіне де сол билікке қажетті сөзді сөйлейтін, солардың айтуымен ғана кіріп отырғандар бар екеніне еш күмән жоқ. Мұның арты қалай боларын ертеңгі күн көрсетеді, – деді парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Амалбек Тшанов Азаттық тілшісіне.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG