Accessibility links

Әлнұр Мұсаев Лондондағы «Топрак» зәулім сарайын Нұрсұлтан Назарбаевтың сатып алғанын айтады


Лондондағы Миллениум көпірі. Википедия, 2007 жыл
Лондондағы Миллениум көпірі. Википедия, 2007 жыл

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев Sunday Times газетіндегі мақалада Қазақстан президентінің Британия астанасының байлар тұратын ауданынан қымбат бағалы зәулім сарай үйді жасырын түрде сатып алғанын баяндапты.

«Қазақстан басшысы 50 миллион фунт стерлинг тұратын үйді жасырын иемденді» деген тақырыптағы мақала британдық Sunday Times-тің 9 қараша, жексенбі күнгі санында жарық көрді. Мақала ауторы Дэниэл Фогго тұманды Альбиондағы ең қымбат үйлердің бірінің нақты қожайыны президент Н.Назарбаев екенін жазады. Бұл ақпаратты таратушы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Ә.Мұсаев.
Ә.Мұсаевтың Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевпен бірге адам ұрлау, төңкеріс жасамақшы болды деген айыптармен және басқа да көптеген қылмыстарына байланысты Қазақстан құқық қорғау органдарының халықаралық іздеуінде екені белгілі. Отанында олар сырттай ұзақ мерзімге сотталған. Соңғы кездері Ә.Мұсаев баспасөз арқылы ел басшылары мен бірқатар саясаткерлерді әшкерелейтін материалдар жариялауда.
Sunday Times басылымының мақаласында Лондонның солтүстігіндегі Хампстед ауданындағы «миллиардерлер көшесі» деп аталатын атышулы Бишопс-авенюдің бойында орналасқан «Топрак (Toprak)» атты зәулім үй туралы айтылады. Бұл үйді жылжымайтын мүлік арқылы байыған магнат Хосейн Гандехари басқаратын компания 50 миллион фунт стерлингке сатып алған.
Лондондық басылымға берген сұхбатында компанияның артында Назарбаев тұр деген Мұсаев. «Топрак» зәулім үйі Назарбаевтікі », — деп атап көрсетеді. Оның айтуынша, «президент бұл іске қатыстылығын жасырғысы келген».
Үйді 75 жастағы Қазақстанда туылған шешесі Хурие Перамаммен (Hourieh Peramam) бірлесіп сатып алған Хосейн Гандехари бұл ақпаратты жоққа шығарады. Сөйте тұра ол президентпен және оның отбасымен қайырымдылық шараларының аясында таныс екендігін жасырмады.
«Біз Назарбаев отбасын жақсы білеміз, бірақ олармен ешқандай іскерлік байланысымыз жоқ», — дейді 43 жастағы Гандехари.
«Гандехари/Перамам отбасылары Британия мен шетелдерден сатып алған жылжымайтын мүліктері арқылы 1 миллиард фунт байлық жинаған дейді», — деп жазады Sunday Times. Басылымның жазуынша, мұндай талғамсыз салынған вилла үшін төленген қомақты ақша мен оның сатып алушыларына жылжымайтын мүлік саласының адамдары таң қалыпты. Мұсаевтың мәлімдемесі британдық жылжымайтын мүлік нарығына қаржының көбі бұрынғы Кеңес Одағынан келіп жатқаны туралы мәселе көтереді».
2002 жылдан бері Гандехари отбасы сатып алған зәулім сарайлардың ішіндегі ең қымбаты — Бишопс-авенюдегі «Топрак» — делінген басылым мәліметінде. Sunday Times-тағы сұхбатында Мұсаев бұл Назарбаевтың қаржыларын шетелде орналастыруының жалғасы болып табылады дейді.
Басылым сонымен бірге Хосейн Гандехари бизнесі мен оның жеке басына қатысты біраз мәліметтер келтіреді. Ол бұдан бес жыл бұрын Канададағы Торонто университетінің магистратурасында оқыған және ақпараттық технология саласында жұмыс істеген. Sunday Times оның байлығының көзі туралы мәлімет бермегенімен, жақында Ұлыбританияға ірі көлемде аударылған ақша операциясына қатысты күдікті саналғанын айта кетеді
Burger King жедел тамақтандыру желісі лондондық филиалының бұрынғы жұмысшысы Эхсан Мирафзал (Ehsan Mirafzal) Гандехаридің Британияға 1 миллион АҚШ долларын (640 мың фунт стерлинг) аудару үшін банктен есепшот ашуға өзіне ақша ұсынғанын айтады. Бірнеше жыл бұрын олар бірлесіп, «Lenard Ltd» атты кішігірім компания ашқан екен.
Осы компанияның есепшотына Ресейден Иранға метал жеткізу үшін деген желеумен ақша түсуі тиіс еді. Көрсеткен қызметі үшін Мирафзалға ақшаның 5 пайызын беруге келіскенімен, (бұл 32 мың фунт көлемінде) уәде орындалмай, ол ақшасын әлі алмаған.
XS
SM
MD
LG