Accessibility links

Алматыда қоғамдық телеарна қажеттілігі талқыланды


Александр Кельчевский, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бас өкілі (оңнан солға қарай), Миклош Харасти, ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі, Александр Болдырев, ЕҚЫҰ кеңесшісі, Андрей Рихтер, Ақпарат заңы мәселелері институтының директоры. Алматы, 16 қазан 200
Александр Кельчевский, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бас өкілі (оңнан солға қарай), Миклош Харасти, ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі, Александр Болдырев, ЕҚЫҰ кеңесшісі, Андрей Рихтер, Ақпарат заңы мәселелері институтының директоры. Алматы, 16 қазан 200

Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның шеңберінде өтіп жатқан Орталық Азия баспасөзінің ахуалы жайындағы конференцияда осы мәселе арнайы талқыланды.

Қазақстандық сарапшылар бүгінгі таңда қалыптасып отырған саяси және экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанда қоғамдық телеарна құрудың мүмкін емес екенін айтты. Олардың пікірінше, бүгінгі билік жүйесі өзгермейтін болса, қоғамдық арна құрып әуре болудың керегі жоқ, өйткені, ол «Хабар» телеарнасының «сыңарына» айналып, бәрібір «Нұр Отан» партиясы мен оны құрған лауазымды шенеуніктерді насихаттаудан аса алмайды.
Аталған конференцияда бас қосқан халықаралық және аймақтық сарапшылармен бірге Қазақстанның, Тәжікстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның ақпарат құралдарының өкілдері қоғамдық хабар тарату мен сандық форматқа өтудің төңірегінде пікір-талас жүргізді. Басқосуда Еуропаның дамыған мемлекеттерінде демократияның құрамдас бөлшегі болып саналатын қоғамдық телеарнаның посткеңестік кеңістіктегі республикаларда, соның ішінде, Орталық Азия елдерінде дұрыс жолға түспей жатқандығы сөз болды.
Мәскеудегі Ақпараттық құқық мәселелері институтының директоры Андрей Рихтер өз баяндамасында бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттердің арасында Қоғамдық арнаның Балтық жағалауы елдерінде қарқынды дамып жатқанын айтып, біраз мысалдарды алға тартты. Оның айтуынша, Эстония, Латвия және Литва мемлекеттерінде құрылған қоғамдық арналар мемлекеттік апараттан тәуелсіз. Тіпті, арнаның сегіз адамнан тұратын кеңесшілері де сайланады. Ал кеңесші болуға үміткерлер міндетті түрде қоғам және мәдениет қайраткері болуы керек. Сондай-ақ, ол Грузиядағы қоғамдық телеарнаға тоқталып, 2005 жылы Қырғызстанда да аталған арнаға байланысты заң қабылданғанын айтты.
Сондай-ақ, Рихтер мырзаның айтуынша, Балтық жағалауы елдерін қоспағанда, бүгінгі посткеңестік республикалардағы қоғамдық арналардың барлығы дерлік, өкінішке орай, мемлекеттік бюджетке тәуелді.
Азаттық тілшісі Андрей Рихтерге: "қоғамдық арна сіз айтқандай, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын болса, ол қалайша тәуелсіз болмақ және ондай жағдайда оның ақпарат тарату мүмкіндігі де шектеулі болады емес пе?" деген сұрақ қойды.
- Өкінішке орай, бұл бүгінгі таңда қолданылып жатқан тәжірибе. Егер де Қазақстанда қоғамдық арна құрылатын болса, ол мемлекеттік арнаға қарағанда тәуелсіз болады. Бірақ, ол ешуақытта президент пен бүгінгі режимге қарсы бағытталған оппозициялық арнаға айналмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ешбір елде қоғамдық арна оппозициялық болған емес. Оның мемлекеттік арнадан бір ерекшелігі - онда балама пікірлер айтылады. Дегенмен, Қазақстанда бар проблема Ресейде де жоқ емес. Біздің елде әлі күнге дейін қоғамдық арна атымен жоқ. Шамасы, Ресейдің билік элитасы да Қазақстандағы әріптестері тәрізді қарапайым халықтың көзқарасын өзгертуге шамасы жететін ақпарат құралдарының тетіктерінен айырылғысы келмейтін болу керек. Мұны, тек билікке деген үлкен сүйіспеншілік деп түсіну қажет, - деді ол.
Ал осы басқосуға қатысқан «Әділ сөз» халықаралық қорының басшысы Тамара Калеева дәл қазіргі уақытта Қазақстанда қоғамдық арна құрудың мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, қазақстандық билік ЕҚЫҰ-на төрағалық етер алдында демократияның дамуына үлес қосып жатырмыз дегендей түр көрсетіп, «қоғамдық» деген құр аты бар телеарна құруы мүмкін. «Бірақ, олар мұндай қадамға барғанмен, қоғамда бәрібір ешқандай өзгеріс болмайды. Себебі, біздің мемлекетіміздегі халықтың жартысынан астамы кедейшілікте өмір сүретінін ескеретін болсақ, қоғамдық арнаның мемлекеттік бюджеттің қаржысынан тыс жұмыс істеуі мүмкін емес. Мұндай жағдайда президенттің көңілінен шыққан адамдар ғана аталған арнаны басқарады. Ал содан соң, ол «супер» билікшіл арнаға айналмай ма?»
Сонымен қатар, Тамара Калеева демократиясы дамыған мемлекеттердің халқы қоғамдық арна үшін ай сайын өз қалтасынан 50 доллардың көлемінде жарна төлейтіндігін мәлім етті:
«Ал бүгін біздің мемлекетте қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайда қарапайым халықтың ай сайын 50 доллар төлеуге шамасы жетеді ме? «Зейнетақысы наны мен шайынан артылмай отырған кемпір-шалдарға қоғамдық арнаның мүлдем керегі жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстанда дәл қазіргі кезде қоғамдық арна құру мүлдем мүмкін емес. Бұған болашақтың ісі деп қарағанымыз дұрыс».
Бүгінгі басқосуда болған пікір-талас кезінде шетелдік журналистердің тарапынан баяндамашыларға "қоғамға не керек? және не керек емес?" екенін кім анықтайды деген сұрақ қойылды. Бұған әркім әр түрлі жауап берді. Ал Андрей Рихтер қарапайым халықтың қажеттілігін парламент анықтайды,-дейді. Дегенмен, «Политон» пікірсайыс клубының директоры Сергей Дуванов мәскеулік қонақтың пікірімен келіспейтіндігін жеткізді.
-Біріншіден, парламент қазақстандық қоғамның бейнесі емес. Ол заң шығарушы орган және оған биліктің бір тармағы деп қарау керек. Ал Қоғамның қажеттілігін ең алдымен қоғамдық ұйымдар анықтайды,-деді ол.
Сергей Дуванов та Қазақстанның бүгінгі саяси жағдайында қоғамдық арна құрудың мүмкін емес екенін айтты:
«Біріншіден, билік тәуелсіз арнаның құрылуына мүдделі емес. Екіншіден, бұған біздің қоғам дайын емес. Ертең телеарна құрылатындай жағдай туатын болса, оны бақылауда ұстай алмайды. Үшіншіден, біздің қоғамның өзі аталған арнаны қажетсініп отырған жоқ. Себебі, бүгінгі қазақстандықтардың басым бөлігінің назары ресейлік бағдарламаларға ауып отыр. Біз таңертеңнен кешке дейін «Мұз айдынындағы жұлдыздар», «Поле чудес», «Әзілкештер клубы» сияқты бағдарламалармен қоса, телехикаяларды қараймыз. Ал қоғамның назарын одан гөрі мазмұнды, терең ойлы бағдарламаларға бұру мүмкін емес. Осыған байланысты айтарым, қоғамдық арнаны билік қана емес, қазақстандықтардың басым бөлігі де қажетсініп отырған жоқ».
Сонымен, бүгін оныншы Ортаазиялық БАҚ конференциясының алғашқы күні қоғамдық телеарнаның төңірегіндегі пікір-таласпен аяқталды. Қоғамдық арна көрші Қырғызстанда да бар екен. Ол билік басына Құрманбек Бакиев келген соң құрылған. Бірақ, қазақстандық сарапшылар Қырғызстандағыдай арнаның болғанынан, болмағаны жақсы деген пікірге тоқталды. Олардың айтуынша, қоғамдық деген аты бар бұл арнаның эфирінде жергілікті оппозиция өкілдері мүлдем көрсетілмейді. Ол арна Құрманбек Бакиевтің саясатын насихаттаумен шектеліп отыр екен.
XS
SM
MD
LG