Accessibility links

Кондолиза Райс Астанада геосаяси тұрақтылық мәселесін көтерді


АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 5 қазан 2008 ж.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 5 қазан 2008 ж.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарын қорытындылай келе, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары геосаясат және мұнай мәселелерін баса жазып жатыр.

Америкалық беделді басылым New York Times мемлекеттік хатшы Кондолиза Райстың табиғи ресурстары бай бұрынғы коммунистік мемлекеттерді Ресейдің ықпалынан алып шығу үшін Американың Кремльмен «нөлдік баланс жағдайында» ойынға кіріспейді деген сөзіне назар аударады.

Басылым соңғы уақытта аймақтағы дипломатиялық белсенділіктің артқанын айта келе, «Қазақстанға Райс ханымнан екі апта бұрын келіп кеткен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Мәскеудің бұрынғы патшалықтың аймағында «айрықша қызығушылығы» бар деп тамызда айтқан сөзін еске салады. Вице-президент Дик Чейни кыркүйектің басында Грузия, Әзірбайжан, Украина сияқты бұрынғы кеңестік республикаларда болып қайтты».

Кондолиза Райстың Астанада айтқандарына қарамастан, New York Times газеті посткеңестік кеңістіктегі күштердің ара салмағы бәрібір Кремльге қарай ауып отырғанын айтып: «Ресей екі ай бұрынғы Грузиямен арадағы қысқа мерзімді соғыстағы батыл қимылына қоса энергетикалық ресурстарға стратегиялық бақылауды уысынан шығармау үшін барынша тырысып бақты», - дейді.

Американың астаналық газеті Washington Times газеті басқа басылымдар сияқты, мемлекеттік хатшының аймақтағы бәсекелестік туралы сөзін мысалға келтіреді.

«Бәрінен бұрын Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Ол кімді қаласа, сонымен дос бола алады, — дейді Райс, — Ресейдің бұл аймаққа қандай да бір әсері барын біз көріп тұрған жоқпыз, және қабылдай да алмаймыз, меніңше, ХХІ ғасырда бұл қалыпты жағдай».

«Неміс толқыны» радиостанциясының тілшісі Кондолиза Райс көздеген мақсатына жетті дей келе: «Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің «енді Ресейдің ықпалында емеспіз» деген ашық мәлімдемесін премьер-министр Кәрім Мәсімов «Қазақстан бұрынғыша Әзірбайжан мен Грузия арқылы энергоресурстарды тасымалдауда көпвекторлық саясат жүргізуді жақтайды» деп құптағанын айтады. Ақырында бар мәселеге нүкте қойған Назарбаев Қазақстанның мұнай-газ секторына, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация мен транспорт саласына инвестиция салатынына сене отырып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа кандидатурасын қолдағаны үшін АҚШ-қа алғыс айтты.

«Кондолиза Райстың Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылысына қарағанда, келіссөзде адам құқығы мен демократия мәселелері маңызды орын алуы мүмкін», - деп болжам жасады Associated Press агенттігінің шолушысы сапар қарсаңында.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті сапар барысында Райс демократия мен адам құқықтары мәселелерін көтереді деген болатын. Аталған мәселелерге жауапты мемлекеттік хатшының көмекшісі Дэвид Крэмердің Қазақстанға жуырда келген сапары осыған дәлел бола алады.

«Бірақ, Мәскеумен бәсекелестікті арттыру жағдайында АҚШ энергетика нарығындағы ресейлік монополияны бағындыруда маңызы бар Ресейге «жақын шетел» болып табылатын Қазақстан мен осы аймақтағы басқа елдермен қарсылықты күшейтуге мүдделі емес, — делінген Associated Press материалдарында. – Президент Буштың екінші мерзімге сайлануы кезінде демократияландыруға басымдық бермек болғанына қарамастан, бұл уәде прагматикалық мақсаттарға көбірек жол береді».

Шын мәнінде, Американың ішкі саясат ведомствосының басшысы демократияландыру мен адам құқығы туралы өте сақ пікірлер білдірді. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге құқық берілгені белгілі болғаннан бастап Астана саяси жүйені демократиялық стандарттарға лайықтау міндетін өз мойнына алғаны белгілі.

Reuters агенттігі ел басшысы саяси партиялардың тіркелуін жеңілдетуге уәде бергенін еске салады. «Олар өздеріне міндеттер қабылдады, Қазақстан сол міндеттерін орындайтынына сенемін, — деп Астанада сөз сөйлеген Райс, – оның өз үкіметінде де адам құқықтарын қорғаудың кейбір мәселелері қаралып жатқанын қосып айтты.

«Қазақстан... АҚШ үшін ерекше күрделілік туғызады» дейді BBC-дің әуе толқынында пікірін білдірген Бостондағы Смит-колледжінің сарапшысы Сергей Глебов. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан саясаты Американың ішкі саяси қарама-қайшылықтарындағы барлық жайттарды сипаттайды, бір жағынан бұл идеяландыру, демократияны қолдау болса, екінші жағынан, АҚШ-тың қандай да бір ұлттық мүддесін қорғауға талпынысын көрсетеді.

XS
SM
MD
LG