Accessibility links

Суретші Әбілхан Қастеев бүгінгі күні ортамызға қайта оралар болса...


Белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1936 жылы салған " Бие сауу" деп аталатын картинасы. Сурет Өнер мұражайындағы көрмеден түсірілді. Алматы, қазан, 2009 жыл
Белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1936 жылы салған " Бие сауу" деп аталатын картинасы. Сурет Өнер мұражайындағы көрмеден түсірілді. Алматы, қазан, 2009 жыл

Таяуда Қазақстан мемлекеттік Өнер мұражайында, халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің шығармашылығына арналған арнайы көрмені аралай жүріп, суретші туындыларын жаңа қырынан танығандай болдым.

ЗАМАН ОЗҒАНДАЙ, ТАБИҒАТ ТОЗҒАНДАЙ

Қылқалам шеберінің әрбір еңбегінде кейіпкердің жан дүние болмысы табиғат бірге араласып, біте қайнасып кетеді екен.

Мысалы, 1934 жылғы «Пішен шабу» және одан кейінгі жылдардағы «Мақта жинау», «Бие сауу», «Колхоздың сүт фермасы» атты картиналарда көзіңізге бірден негізгі кейіпкерлермен қатарлас тамылжыған табиғат түсері анық.
Белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1936 жылы салған "Колхоздың сүт фермасы" картинасы. Сурет Өнер мұражайындағы көрмеден түсірілді. Алматы, қазан, 2009 жыл.


Бұл көріністердің шынайылығы соншама, бір сәт өзіңізді сол бір қаймағы бұзылмаған, тамылжыған табиғат құшағында тұрғандай сезінетініңіз бар. Сыңсыған ну орман, гүл көмкерген шалғынды алқап, сылдырай аққан тұма бұлақ... бәрі-бәрі де - жаныңа соншалықты жақын көріністер.

1960-шы жылдардың бас кезінде мұндай сұлу табиғатты біз де туған өлкемізде тамашалаушы едік. Ол жылдары Табиғат-ана келбетіне әлі қаяу түсе қоймаған-ды. Қастеев полотноларындағы әлгі көріністер - сондықтан да көзге ыстық, көңілге жақын. Ал суретші кейіпкерлерінің жүздері жарқын, қанағатшыл, тәубашыл кейіпте бейнеленген.

ЖИЫРМА ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ТУЫНДЫЛАРДАН СҰРҚАЙ ТАРТҚАН ТАБИҒАТТЫ КӨРЕСІЗ

Дегенмен, көрмені одан әрі аралай түскен сайын суретшінің араға жиырма жылдай уақыт салып барып кенеп бетіне түсірген туындыларында, адам қолының араласуымен, табиғат ананың тоза бастағанына мегзейтін көріністердің молынан ұшырасатынына куә боласыз.

Мысалы, 1967-ші жылы дүниеге келген «Ақсай карьері» туындысында бей-берекет жүргізілген кен өндіру жұмыстары, сондай-ақ суретші қаламынан 1954 жылы шыққан «Тыңдағы алғашқы борозда» шығармаларындағы жер құйқасын аяусыз тілгілеген темір тістердің болмысы сұсты әрі суық көрінеді.
Белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1954 жылы салған "Тыңдағы алғашқы борозда" картинасы. Сурет Өнер мұражайындағы көрмеден түсірілді. Алматы, қазан, 2009 жыл.


Ал, 1969 жылы салынған «Түрксіб», 1972 жылғы «Қапшағай ГЭС-і » полотноларындағы табиғаттың суреттелуінен қоршаған ортаның сұрғылт тартып, ернеуінен кетіліп, өңі қаша бастағаны аңғарылады.

Бәлкім, суретші ондай астарлы «хикаяларды» баяндауды мақсат тұтпаған да болар өзіне. Алайда, өмір шындығын мейлінше дәл жеткізуге тырысқан қылқалам шебері советтік «жоспарлау» экономикасының қазақ жеріне әкелген қасіреттерін, шабытты шығармашылық ізденіс үстінде, өзі де аңғармастан, кейінгі ұрпаққа осылайша шынайы түрде әңгімелеп берген екен. Оқиғаның одан арғы даму желісі белгілі ғой...

«Тыңды игереміз» деген сылтаумен жүргізілген Кремль саясаты санаулы жылдар ішінде құнарлы қазақ топырағын борпылдақ шаңға айналдырды. «Өзендерді өз арнасынан қалаған жағымызға бұрамыз» деп жар салды, «Жерді адамға табындырамыз» дер шала бүлінді. Сөйтіп, нағыз қойыртпақ жасап, дүниенің астаң-кестеңін шығарды.

Бір қызығы, табиғатты бүлдірудегі «қызылдар» жүргізген саясат Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ел «игі-жақсыларының» ашкөздікпен жүргізген елді, жерді тонау саясатының қасында жіп есе алмай қалды десе болғандай.

Біртуар талант иесі Әбілхан Қастеев дәл бүгінгі күні бояуын көтеріп, кенебін арқалап, ортамызға қайта оралар болса..., ол кісінің қылқаламынан қандай дүниелер туар еді? Әлде, әлем-тапырақ болған мынау дүниеге шошына қарап, торыққан көңілден қолынан қылқаламы сусып түсіп кетер ме еді ... кім білсін?
Белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1937 жылы салған "Колхоз тойы" картинасы. Сурет Өнер мұражайындағы көрмеден түсірілді. Алматы, қазан, 2009 жыл.


Шетелдерге ағаштарды заңсыз жолдармен сату үшін сыңсыған ормандарға қолдан өрт қойып, бұтақтары мен жапырақтары отқа оранғандықтан қара күйелеш боп сойдиып қалған ағаш діңгектерін, яғни күйік шалған тұтас орманды «списаниеге» жіберіп, нәтижесінде «жарамсыз орман» ағаштарын шетке сатып, байлыққа белшесінен батқан «іскер азаматтар» тірлігін өз көзімен көрсе, суретші Қастеев қандай күй кешер еді?...

Бәлкім, жоғарыда біз санамалап өткен полотноларындағы өзі бейнелеген көріністер: сыңсыған сұлу орман, шалғынды жайлау, төскейде малы мыңғырған маң дала қайда көшіп кеткен?... деп аһ ұрар ма еді... Кім білсін?!
XS
SM
MD
LG