Accessibility links

Канадалық туристі Қазақстанның табиғаты тамсандырып, Астананың әсемдігі таңқалдырған


Есіл өзенінің сол жағалауындағы Астананың әкімшілік орталығы.
Есіл өзенінің сол жағалауындағы Астананың әкімшілік орталығы.

Астана мен облыс және алыс елдімекендердегі ел тұрмысы арасындағы айырмашылық Батыстан келген саяхаткерді ерекше таң қалдырыпты. Канадалық турист өз жолжазбасында сәулетті ғимараттарға толы жарқ – жұрқ еткен Астананы республиканың бүгінгі табыстары тізілген сөрелерге ұқсатады.

АЛПАУЫТ МЕМЛЕКЕТТЕР АРАСЫНДА БҰЛ ЕЛДІ ҚАСТЕРЛЕУШІЛЕР САНЫ АЗ ЕМЕС

Canada.com сайтында жарияланған мақаласында турист Эндрю Принц өзінің Қазақстанға сапарын суреттей отырып, алдымен бұл елдің әлемге «Борат» комедиялық фильмі арқылы аты әйгілі болғанын тілге тиек етеді. Ол қойылымда аталған мемлекеттің «мешеулігі» келемеж етілген.

Дегенмен, аутор дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттер арасында бұл елді қастерлеушілер санының аз еместігін де айта кеткен. Себебі, дейді ол, аталған мықты ұлыстар әлемнің осы бір аумағында өздерінің ықпалын нығайтуға мүдделі болып отыр, сонымен қатар, минералды ресурстарға бай Орталық Азияның бұл мемлекетімен тұрақты негізде, ұзақ мерзім бойы үздіксіз, жемісті экономикалық қарым – қатынас жасау ниеттері де бар.

Эндрю Принц шетел туристерінің еркін келуіне жол ашып берген халықаралық ашықтыққа бұл бұрынғы советтік республиканың қолы таяуда, яғни 1991 жылдан соң ғана жеткендігін айтады. Елге Америка да, Қытай да, Ресей де ықпал жүргізеді, бұлардың ынтығып, қол жеткізсем деп қиялдайтыны – Қазақстандағы телегей теңіз мұнай мен газдың қоры. Алайда бұл тартыста ойыншы саны үшеу болғандықтан, алпауыт мемлекеттердің жігері құм боп отырған түрі бар деп түсіндіреді турист.

Елде табиғаты сұлу жерлер көп, мәдени әрі тарихи жәдігерлер де аз емес дейді аутор. Бұдан әрі Эндрю Принц елдің оңтүстігіндегі орталық қала саналатын Алматыдан тікұшақпен ұшып шығып, өзі бақылаған табиғаты сұлу жерлердің әсем көрінісін суреттейді.

«Біздің тікұшақ қар жамылған Тянь-Шань тауларының заңғар шыңдарын төменге тастап, биікке көтеріле самғай ұшты, - деп жазады ол, – Тянь-Шань деп Алматы қаласынан едәуір алыста жатқан биік таулар тізбегін атайды. Бұл тау арқылы елді Қытай және Қырғызстанмен бөліп тұрған мемлекеттік шекараның бір бөлігі өтеді.

Кішкентай дөңгелек терезелерден қылаң беріп көрінген өлке табиғатының ғажап сұлу көріністерінің көптігі сонша, тікұшақ ішіндегі 20 жиһанкез біресе ана, біресе мына терезеден қараймыз деп, таласа-тармаса, жапа-тармағай анда-мында ұмтылып әлек болды да қалды, сөйтіп бос тұрған терезе алдынан орын табу мұңға айналды. Ал астыда көрініп, көсіліп жатқан жердің көріктілігі расында да таңғажайып еді. Кейде терезден ойлы-қырлы, қыратты тұстар көрінсе, енді бірде адам аяғы баспаған, бұталары мен өсімдігі қаулап өскен жер жаннаты елес беріп қалып жатты.

Біз мұздықтар мен жазира – байтақ шөлейт далаларды баса ұштық, Көлсай көлінің суының саф таза мөлдірлігіне биік көктен қарап тәнті болдық, сонымен қатар, ит мұрыны батпас ну қалың ормандардың мүлгіген, салтанатты тыныштығына да куә болдық. Аннан-мұннан жайылған жылқы, малшылар ауылы және киіз үйлер көрініп қап отырды. Киіз үй – бұл көшпенді халықтың дәстүрлі үй-жайы болып саналады. Бұның бәрі ХХI ғасыр, табалдырығынан енді ғана аттаған бұл елдің өткен тарихының жұрнағы іспетті еді».

«Содан, Шарын шатқалына қарай ұштық – бұл бір ертегідегідей қайталанбас әдемілікке ие, қызғылт түсті биік жартас пен шың-құздарға толы терең аңғар екен. Тікұшақ сайдың ортасындағы ең терең шыңыраудың табанына кеп қонған соң, тамақ ішіп, әлденіп алайық деп жерге аяқ бастық. Ондағыдай әсем табиғат аясында, қалың шөп ортасында отырып, тамақ ішудің ғажап әсерін тілмен айтып жеткізу, әй, мүмкін емес шаруа!» деп таңданып, таңдай қағады аутор осы жерде.

Бар болғаны жүз жылдан сәл астам ғана уақыт бұрын бұл елдің халқы көшіп – қонған көшпендінің өмірін сүрді. Содан бері қазақ халқы тағдырдың небір тауқыметін тартып, замананың талай тәлкегін басынан кешірді. Совет үкіметі бұл халықты күштеп отырықшы етіп, өзбетінше шетелмен, соның ішінде Батыспен қарым-қатынас орнатуға толық тыйым салды. Республика жерін совет басшылығы қарудың нешеме түрін сынау үшін пайдаланып, осының салдарынан бұл жердің табиғаты қатты өзгеріпті деген қорытындыға келеді шетелдік саяхаткер.

ҚАЗАҚСТАНДА КӨНЕ МЕН БҮГІНГІНІҢ ЕТЕНЕ ТЫҒЫЗ БІРГЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАНДЫҒЫ АДАМДЫ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАДЫ

Бұрынғы мен жаңа, бүгінгінің өзара кереғар қайшылығы бұл елде мықты сақталған. Мәселен, үйленер алдында болашақ күйеу мен қалыңдық бір-бірінің жеті атасына дейінгі ата-тегін тексереді. Бұлардың салты бойынша, жеті атасынан бері туыстас болатын қыз бен жігіттің бір-бірімен үйленуіне болмайтын көрінеді деп түсіндіреді Батыстан келген турист.

Тянь-Шань тауының аспанмен таласа, сеңгір көкке ұмтылған заңғар шыңдарынан бастап, 1996 жылы құрылған Іле Алатауы ұлттық саябағына дейінгі небір әсем тау-тоғайдың аясындағы Алматы қаласының тұрған жерінің табиғаты керемет көркем. Алматы елдің
Іле Алатауы ұлттық саябағы. Шілде, 2004 жыл.
оңтүстік-шығысында орналасқан ең ірі қаласы. Бұл маңға әсіресе жаяу саяхаткерлер мен табиғат аясында демалуды ұнататын туристер үйір. Биік тау ішіндегі Шыңбұлақ шаңғылы шипажайы, онда 2011 жылы қысқы Азия ойындары өтетін болғандықтан, қазір қайта жөндеуден өтіп жатыр екен.

«Біздің елде өзіміздің ХІХ ғасырдағы тіршілігіміз бен осы ХХІ ғасырдағы өміріміздің әдет-ғұрыптары етене тығыз бірге өмір сүріп жатыр, осылардың біртүрлі бір ерекше симбиозы бар, - деген қазақ кинорежиссёрі Ардақ Әмірқұловтың сөзін келтіреді аутор. – Күнделікті өмірде де, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да көптеген нәрсе өзіміздің өткеннен келе жатқан салт-дәстүріміздің негізінде шешіледі».

Астана қаласында өткен бірінші басты халықаралық кинофестивальда Әмірқұловтың соңғы туындысы болып табылатын «Қош бол, Гүлсары!» атты фильмінің премьерасы болып өтті. Қойылым Иосиф Сталиннің ұжымдастыру саясатының салдарынан осы жерді мекендейтін байырғы халықтың қалай азып-тозып, аштықтан қырылып, әдет-ғұрыпынан ажырап, мәңгүрттенгені жайлы тарихтан сыр шертеді.

Қазақстанның даңқы аспандаған замандардың арғы тамыры тереңге, ежелгі Жібек жолының дәуірлеген тұстарына кетеді. Таң ата ұшатын ұшақ рейсімен Қазақстанға келген туристер Шымкентке жете алады – бұл бір ежелден келе жатқан сауда жолдарының қиылысында орналасқан елдің оңтүстігіндегі қала.

Бұл жолдар арқылы көптеген мың жылдар бойы саудагерлер Еуропа мен Қытай арасында өздерінің тауарларын тасымалдаған. Осы өлкеде орналасқан және бұрындары, ежелгі Жібек жолының бойымен сауда қарым-қатынасы дәуірлеп тұрған кездерде қатты дамып, өркендеген қалаларға күні бүгін барған адам бұл жерден небір ұлыстар мен санқилы мәдениеттің өкілдерін кездестіре алады. Сондай-ақ, сырттан келген саяхаткер бұл қалаларда нағыз у да шу, айғай-ұйғайға толы шығыс базарларын да кездестіріп, көнекөз, сырға толы ежелгінің ескерткіштерін көре алады.

Біз осы сапар барысында Шымкент, Түркістан, Отырар және Таразда болдық. Тараздың бет-бейнесін Совет үкіметі кезінде салынған сыртқы кейпі бір сарындас пошымды, сұп-сұр ғимараттар қатты өзгертіп жіберген. Осы советтік кезең ғимараттарын салу кезінде өткен өмірдің естелігі болып келе жатқан сәулет өнері мұраларының жаппай қиратылуының себебі болған деген тоқтамға келеді Эндрю Принц.

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ

Шағын Түркістан қаласындағы ХІV ғасырда бой көтерген Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне күн көтеріліп келе жатқан уақытта барған сапарымыз барысында рухани тазарудың ең бір қатты есте қалар, ғажайып күйге толы кемел сәтін бастан кештік дейді ел қонағы. ХІІ ғасырда өмір сүріп, сопылықтың үлкен бір ағымының негізін салған, бұл рухани ұстаз – пір қазақ даласын мекендейтін түркітілдес ұлыстардың ісләм дінін қабылдауына көп еңбек сіңірген.

Оның кесенесі «Дүниежүзілік мәдени мұра» тізіміне 2003 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша енген Қазақстандағы бірінші сәулет нысаны болып саналады. Аутор арайлап атқан таңменен бірге бір қосын болып жиылып, кесенені айнала ұшып, құйқылжыта ән салған топ-топ құстың әуенінің адамға қалайша терең әсер ететінін таңдай қаға отырып, тамсана жазады.

БӘЙТЕРЕКТІ АЯҒЫ АСПАННАН КЕЛІП, ТӨҢКЕРІЛІП ҚАЛҒАН ЭЙФЕЛЬ МҰНАРАСЫ ДЕРСІҢ

Қазақстандағы сапарымыздың соңғы аялдамасы Астана болды дейді аутор. Бұл қаланы сәулеттендіру туралы идея мен бастаманың ауторы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Астананы көру – біздерге қатты әсер еткені соншама, өзіміз бастан кешірген таңданыс пен тамсаныста шек болмады десе болады деп ағынан жарылады Эндрю Принц.

Астанадағы «Бәйтерек» ескерткіші.
Бұл тәуелсіздік алғаннан бері ел қол жеткізе алған жетістіктерді паш ететін көрме, фасад ретінде салынған қала боп саналады, мұны тұрғызу үшін мемлекет қалтасынан миллиардтаған доллар қаражат жұмсалған. Астана футуристік стилде салынған, санаға айрықша әсер ететін әрі әлем-жәлем бояуға толы қиял – ғажайып патшалығының, ертегі әлемінің қамал - қалаларын есіңе түсіреді. Мұнда өзіндік бет-бейнесі бар әрі сәл ерсілеу кейіпте тұрғызылған сәулет туындыларының небір түрлі реңктегі жарқыраған нұр дариясына малынып тұрғанын көресіз.

Бүгінгі күннің ең алдыңғы қатарлы үлгісіндегі қалалар дәрежесіне жетуге ұмтылып отырған бұл кентте жаңадан салынып жатқан құрылыстар да көп. Яғни, деп қорытындылайды сөзін аутор, бұл мүлде басқа Қазақстан. Кең әрі асфальт даңғылдар қос бүйірінен неон шамдарымен безендірілген, олардың жарығы күлгіннен көкке, қызғылттан жасылға, одан соң сарыдан қызылға ауысып, мың құбылады. Бұл нұр фонтаны әйнекбетоннан тұрғызылған және сюрреалистік пішінде салынған зәулім үйлердің қабырғаларына шағылысып, маңайға сан түсті, құбылған сәуле шашады. Осындай оғаш, әдеттен тыс түрдегі биік үйлер қаланың түрлі түкпірінен кездесіп қалып отырады.

Және де әр жерден құрылыс жүріп жатқанынан хабардар ететін, биік көтергіш крандар менмұндалайды. Осының бәрінің ортасында Бәйтерек мұнарасы тұр, оның сыртқы түрінің қандай болу керектігін ел президенті ойлап тауыпты деген сөз бар. Іңір уақытында қаланың әр шетінен көрінетін бұл нысан құдды бір аяғы аспаннан келіп, төңкеріліп қалған Эйфель мұнарасы тәрізді, оның ортасында қапталында тіреулері бар үлкен алтын жұмыртқа қойылған. Сөйтіп, Эндрю Принц өзінің Қазақстан жайлы естеліктерін келесідей шабытқа толы сөзбенен аяқтапты: «Астана – бұл Қазақстан ертеңінің жарқырап көрінген нышаны».
XS
SM
MD
LG