Accessibility links

Британия ғалымдары ең алғаш жылқыны құрықтап, үй жануарына үйреткен қазақтың ата-бабалары деген жаңалық ашты


Чехиядағы қазақ диаспорасының өкілі ұлын атқа мінуге үйретуде. Ледце ауылы,12 шілде, 2008 жыл
Чехиядағы қазақ диаспорасының өкілі ұлын атқа мінуге үйретуде. Ледце ауылы,12 шілде, 2008 жыл

Ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарында бес жарым мың жыл бұрын жылқының бірінші рет қазақ жерінде үй шаруашылығына бейімделгеніне дәлел тауып отыр. Бұған дейін халықаралық археологиялық қауымдастық бұл үдеріс бір мың жыл кейін басталған деп есептеп келген еді.

Архелогтар ұзақ уақыт бойы жалпы жылқылар алғаш рет үй шаруашылығына қола дәуірде бейімделген дегенге сенімді болып келген.
Адамзат бірінші рет металды үй шаруашылығынан қару-жараққа дейінгі түрлі мақсаттарға пайдаланудан бастаған.

Археолог-ғалымдардың қазба жұмыстарында қола дәуір кезіндегі темір заттар табылған. Оның ішінде сол кезде жылқылардың мініске пайдаланылғанын дәлелдейтін аттың үзеңгі-жүгені сияқты әбзелдер табылған.

Бірақ Солтүстік Қазақстаннан табылған археологиялық қазбалар жылқы малының бірінші үй қолданысында болғаны қазақ жерінен бір мың жыл бұрын бастау алғанына дәлел болып отыр. Бұл кезде адамдар көбіне тастан жасалған заттар мен мыстың өзін шектеулі түрде ғана пайдаланған.

Британияның Эксетер университетінің археологы Алан Оутрам бастаған ғалымдардың тапқан қазба жұмыстары жылқылардың бірінші қолға үйретілуін ежелгі Ботай мәдениетіндегі қазақтар бастағанын көрсетіп отыр.

“Жалпы қабылданған пікір бойынша, жылқылар қола дәуірде қолға үйретілген. Ол шамамен біздің дәуірімізге дейін 2000 бәлкім 2,500 жыл бұрын. Бірақ біздің тапқан осы зерттеулерімізде аттардың үй шаруашылығына бейімделгені біздің жыл санауымыздан 3,500 жыл бұрын Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай мәдениетінде болғанына айқын дәлел бар. Және біз тапқан бұл жаңалық жылқылардың азық үшін үй шаруашылығына ғана пайдаланылғаны емес, оларды сондай-ақ мініп, сүтін алғаны туралы болып отыр”.

Британиялық бұл топ осы аптада тапқан жаңалықтары туралы Science журналына жариялады.

Басында Орталық Азия жылқыларды алғашқы болып қолға үйреткен аймақ ретінде ұсынылып келген. Оларға қоса Таяу шығыс пен Қытай сияқты аймақтар да жануарларды үй шаруашылығына пайдаланғаны айтылған. Бірақ жаңа зерттеулер бұл болжамдарға көбірек айғақ келтіріп отыр.

Археологиялық қазбадан табылған жылқы сүйектері арасында олардың тістерімен қатар ыдыс-аяқ сынықтары да болған.
Оларды жақынырақ зерттеп келгенде, ғалымдардың көз алдына сол замандағы көріністер келген.

Аттың сүйектеріндегі тас пен пышақтардың белгілері оларды ет үшін сойғанын байқатқан. Бұл таңқаларлық жәйт емес, өйткені бірнеше ғасырлар бұрын адамдар аңшылық жасағанда жабайы жылқыларды құрықтаған.

Бірақ ең бір таңданыс тудырған мәселе - ол ыдысқа құйылған бие сүтінің дағы қалған. Ғалым Оутрамның айтуынша, ыдыс-аяқта болған қалдықтар арқылы тіпті мыңдаған жылдан кейін де құпияны ашуға болады екен.

Адамдар бие сүтін ішкені туралы деректер сол кезде жылқының ешкі және қой сияқты үй жануары болғанына жеткілікті дәлел бола алады, дегенмен ғалымдар жылқының сол кезде қолға үйретіліп, мініске жарағанын да анықтап отыр. Және археолог ғалымдар адамның тұрмыс-тіршілігіне жылқыны пайдалануы адамзаттық өркениет дамуының бір деңгейі деп бағалады.

Оутрамның пікірінше, ілкі кезде аттың жүгені теріден жасалса керек. Бұл жөнінде бүгінгі күнге жеткен дәлел болыңқырамай тұр. Дей тұрғанмен, археолог-ғалымдар сол замандарда теріні жұмсарту және одан тартпа-таралғы жасау үшін қолданылған арнайы жабдықтарды қазба жұмыстары кезінде тауып алды.

Егер ғалымдардың дәлелдегеніндей, жылқы малын қолға үйрету ісі біздің жыл санауымыздан бұрын-ақ қолға алынғаны дәлелденсе, онда сонау аталған ықылым заманаларда адамдардың көлік ретінде нені пайдаланғаны туралы біздің түсінігіміз түбірімен өзгеріске ұшырамақшы.

Мініс жылқыларының арқасында адамдар жай ғана сапар шегіп немесе кең байтақ далада сауда-саттықтарын сәтті жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге соғыс кезінде, жүйрік аттардың қанатында айтулы жеңістерге қол жеткізіп отырған.

Қазақ археологтары жылқыны қолға үйрету ісі қола дәуірінен көп бұрын басталған деген ғылыми болжамдарын талайдан бері айтып келеді. Олармен бірлікті жұмыс жүргізген британиялық ғалымдар тобының айтуынша, әлгіндей болжамды ұстанушы ғалымдардың бірі - Көкшетау университетінің ғалымы Виктор Зайберт.

Оутрамның айтуынша, Зайберт пен оның біраз әріптестері біздің жыл санауымыздан бұрынғы жылқы малын қолға үйреткен ұрпақ пен қазіргі ат құлағында ойнаған қазақ халқының арасында тікелей байланыс бар дейді.

Ғалым Оутрам осылай дей келіп, қазақ даласында жүйрік баптап, ат жарысын өткізіп, жылқы малына қатысты тағы басқа да ұлттық ойындарды дәстүр ретінде жалғастырып келе жатқан қазақ халқының бие байлап, қымыз ішіп отырғандарына баса назар аударған екен.

Сонау біздің жыл санауымызға дейінгі Ботай мәдениетінде өмір сүрген халықтың ішкен қымызы мен қазіргі қазақ қымызының дәмінде қаншалықты ұқсастықтың бар екендігін айта қою әзірге ертерек екендігін мойындай келіп, ғалым Оутрам:

“Бір жолы мен егде қазақ азаматынан қымызды неліктен ашытатындары туралы сұраған едім. Ол азаматтың түсіндіруінше, саумал сүттің ешқандай дәмі болмайды, сондықтан жаңа сауылған сүт тек сәбилерге ғана беріледі екен. Мен сонда ойға қалдым: демек ол кездің тұрғындары бие сүтін ашыту арқылы оның дәмін ғана кіргізіп қоймай, сонымен бірге тоңазытқышы болмаған әлгі ерте заманда бие сүтін ашыған күйінде ұзаққа сақтау амалын тапқан екен-ау деп. Егер сіз бие сүтін ұзақ уақыт ұстағыңыз келсе, онда оны ашыған күйінде ғана сақтауға болады”-деді ғалым Оутрам.

Британия археологтарының айтуынша, жылқы малының қолға үйретілуі біз ойлағаннан да ежелгі замандарға жалғасып жатқаны туралы ғылыми жаңалықтардың көптеп табылуы тарихи талай-талай сауалдарға жауап беріп үлгерді. Сонымен қатар, оған жалғас небір жаңа сұрақтар да пайда болуда.

Сондай сауалдардың бірі: "Бәлкім Орта Азияның әлі зерттеулер жүргізілмеген өзге түкпірлерінде жылқыны қолға үйрету ісі біз сөз етіп отырған дәуірден де ертерек басталған болуы мүмкін ғой?" деген сұрақ.

Келесі бір қомақты сауал - ЕурАзия кеңістігінде жылқыны қолға үйрету ісі мен оның өнімдерін пайдалану үдерісі қалай дамыған деген сұрақ болып отыр. Әзірге бұл сауалдың шешімін табу археология ғылымының болашағына жүктелер міндет болып отыр.

Қазақстанның солтүстігіндегі осы зерттеу жұмыстарын Британияның Қоршаған ортаны зерттеу кеңесі мен Британия академиясы және АҚШ-тың Ұлттық ғылыми қоры қаржыландырған болатын.
XS
SM
MD
LG