Accessibility links

Наразылықпен келген үлескерлердің арызын тыңдауға «Нұр Отан» партиясы филиалы кеңсесінен ешкім шықпай қойды


Ақтөбедегі «Лашин-инвест» құрылыс компаниясының 50 шақты үлескері қаладағы «Нұр Отан» партиясы филиалының кеңсесіне жиналды. Олар қаланың 11-ші ықшамауданында салынып жатқан 25 қабаттық «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінің аяқталмай тұрғанына наразылық білдірді.

Төрт жыл бұрын 200-ге жуық адам осы жерден жайлы пәтерлер мен сауда орындарын сатып алуға қолма-қол ақша салған. Шақырылмаған қонақтарды күтіп алуға партия басшылығынан ешкім шыға қоймады.
Соған қарамастан жиналғандар өз мәселелерін талқылауға кірісті. Төрт жылдан бері салымдарының кімнің қолында кеткендігінен жұрт хабарсыз.
Құрылыс компаниясы есеп бермейді, жөнін айтпайды. Мәселен, 90 шаршы метрлік пәтер үшін 66 мың доллар, 50 шаршы метрге 50 мың доллар, тіпті 300 шаршы метрлік дүкенге 350 мың доллар төлегендер бар.
Жеке кәсіпкер Берік Оянғалиев банктен 11 миллион теңге несие алып, ай сайын 3 жарым мың доллар қалтасынан шығарып отыр. Уәде етілген пәтер әлі жоқ.
Жоба бойынша 25 қабаттық кешеннің төменгі бөлігі сауда дүкендері үшін, ал жоғарғы қабаттары пәтерлерге лайықталып салынбақшы болған. Үлескерлердің айтуынша, алматылық «Лашын-инвест» өкілдері бастапқыда олардан қолма-қол ақша ғана қабылдапты.
Ғимараттың тапсырылатын күні 2007 жылдың қазанына белгіленсе де, әлі ол біткен жоқ. Құрылыс компаниясының басшылығы да әлденеше рет ауысып үлгерген.
Үлескер Гүлнар Байдосова осыдан екі апта бұрын «Лашын-инвесттің» жергілікті кеңсесіне барып, Тимур есімді басқарушысымен жолыққанын хабарлады. Тимур «дағдарыс ақшаны жеп қойды, құрылыс материалдары қымбаттап, қаражат жетпей қалды» деп ақталып, сәл күте тұруын өтінген.
Мазасы кеткен жұртшылық қаржы полициясы мен прокуратураға арызданып, «Лашын-инвесттің» есеп-шоттарын тексеруді сұрапты. Құқық органдарынан да жартымды жауап келмеді. Өткен жылдың қазанында қаржы полициясы аталмыш компанияның қаржылық жағдайын тексеруге кірісіп, ақырында ешқандай заң бұзушылық анықталмады деп ресми жауап жазған.
Үлескерлердің басын қатырып отырған мәселе – салымдарының қайда жұмсалғандығы. Бұл жөнінде ақпарат жоқ. Компания өкілдерінің пәленің бәріне дағдарыс кінәлі деген сылтауына сенбейді. Себебі, 2005-2006 жылдары «Лашын-инвесттің» есеп-шотына ең көп ақша аударылған.
Осы жылдары банктер тарапынан жұртқа несиелер үйіп-төгіп берілді. Оның үстіне, әу баста осы алматылық компания қолма-қол ақшаларды ғана қабылдаған. Аумағы үлкен жайлы пәтерлер аламыз деп өз баспаналарын сатып, соның ақшасын үлескерлік компанияға салып, тіпті алмаған үйге несие төлеп отырғандар да жеткілікті.
Басқа үлескерлік компаниялар тәрізді емес, «Лашын-инвесттің» бас кеңсесі жабылмапты. Өкілдері келген жұртты алдаусыратып қоя береді.
«Нұр Отанның» кіреберісінде бірін-бірі түгендеп, бастамашыл топ құрған үлескерлер Ақтөбеде шаруа бітпейді, құрылыс компаниясының Астанадағы басшылығына тікелей шығайық деген ұсыныс білдірді.
«Лашын-инвесттің» қорғап-қолдаушысы Астанада, Индустрия және сауда министрлігіндегі Асхат есімді лауазымды тұлға» десті көпшілік. Он күн бұрын 9 үлескер қала әкімінің орынбасары Омаровтың қабылдауына кірген. Жергілікті бюджеттен бітпей тұрған құрылысқа 400 миллион теңге бөлу ұйғарылған.
Осы «Ақтөбе ажарының» 3-ші қабатына облыстық кітапхана орналастырылмақшы. Тендер 23 ақпанда өткізілуге тиіс болса да, аталмыш құрылыс компаниясы 400 миллион теңгені алып, құрылысқа салуға аса ықыласты емес. Себебі, қаражат «Қазкоммерцбанк» арқылы өткенде, банк орасан зор пайыздық үстемені сыпырып алып қалатындығынан қашып отыр.
400 миллион теңге бәрібір барлық үлескердің шаруасын шешіп бермейді десті жұрт. Қалқиып сырты ғана тұрғызылған ғимараттың ішкі бөліктері әлі салынбаған. Алданған жұрт құрылыс қомпаниясы басшыларынан ақшаларын қайда жұмсағандығы туралы есеп беруді талап ете бастады. Әр сенбі сайын «Нұр Отан» кеңсесінің алдына кездесу орнын белгіледі.
Бізге мәлім болған тағы бір жағдай, өткен жылдың қазанынан бері сол ғимаратты тұрғызған жергілікті жұмысшылар бірнеше айдың еңбекақысын ала алмай жүр.
XS
SM
MD
LG