Accessibility links

Көшені жаппақ болған жатақхана тұрғындары полициямен тіресті


Бір-бірінің белін байлап алған наразы әйелдер көшедегі жолды бөгемекке бірнеше рет әрекет жасады. Алматы, 23 желтоқсан 2008 ж.
Бір-бірінің белін байлап алған наразы әйелдер көшедегі жолды бөгемекке бірнеше рет әрекет жасады. Алматы, 23 желтоқсан 2008 ж.

Алматыдағы №1 автопарктың қарамағанда болған екі жатақхананың тұрғындары сейсенбі күні Райымбек көшесін бөгемек болды. Бірақ полиция қызметкерлері наразы топты жолға жібермей қойды.

Бүгін қаладағы орталық көшелердің бірін жабуға шыққан жатақхана тұрғындарының арасында анасымен бірге жүрген 11 жастағы Аян қала әкімі Ахметжан Есімовке жазылған хатты оқып берді:

- Әкім көке, біз жылуы мен жарығы, суы жоқ жатақханада тұрып жатырмыз. Біздің сабақ қарап, теледидар көруге мүмкіндігіміз жоқ. Үйдің іші суық әрі сыз. Күнделікті су тасимыз. Сіз бізге Жаңа жылға сый ретінде үйімізге жылу мен су бергізіңізші! Біз де басқа балалар секілді жағдайда тұрғымыз келеді.

Қазір екі жатақханадағы отбасыларында мектеп жасындағы және әлі мектепке бармайтын 36 бала бала бар екен. Олар ата-аналарымен бірге қыстың көзі қырауда суық үйде тұрып жатыр.

Наразы тұрғындарды полиция көшедегі жолға жібермей қойды. Алматы, 23 желтоқсан 2008 ж.
Соңғы 6 жылда бірнеше қожайын ауыстырған бұл жатақханалардың қазіргі иесі «Файнекс корпорейшн ЛТД» компаниясы басшылығының тұрғындармен соттасып жүргеніне бір жылдан асты.

Кейбір тұрғындарға Жетісу аудандық соты жатақхананы босату туралы шешім шығарып қойған. Ал тұрғындар болса өздерінің барар жері жоғын айтып, жатақхананы өз меншіктеріне қалдыруды немесе соған сәйкес басқа баспана беруді талап етіп отыр.

- Мен қазір мына тастай суық, сусыз үйде 5 баламмен тұрып жатырмын. Тағы бір қызым осы суық үйде ауырып, 2004 жылы бір күннің ішінде қайтыс болған. Үйдің ішінде сыздан сау адам қалған жоқ, киімдеріміз көгеріп кетті. Айтар талабымыз – бізге жылу, жарық, су қосып берсін. Егер билік бұл жердегі жағдайымызды шеше алмаса, бізге басқа баспана тауып берсін. Біздің барлығымыз даладан қаңғып келген жоқпыз, кезінде мемлекеттің меншігіндегі кәсіпорында жұмыс істеп, содан алған баспана бұл, - дейді Жанат Ижанова есімді тұрғын.

Осыдан екі аптадай уақыт бұрын Алматының әкімі Ахметжан Есімовке өз жағдайын айтып жолықпақ болған осы жатақхананың кейбір тұрғындарын полиция ұстап, жауапқа тартқан болатын. Ал бүгін әйелдер жатақхананың маңынан өтетін Райымбек даңғылын жауып, осылайша жұртшылықтың назарын өздерінің проблемасына аударуға әрекет жасады.

Бірақ олар полицияның тосқауылына тап болды. Араларында жасөспірім қыз бала бар он бес шақты әйелден қарасы екі-үш есе көп полицейлер наразылық

11 жасар Аян Көлбай Алматы әкімінен жаңа жылдық сыйлық ретінде үйіне жылу мен су қосуды сұрайды. Алматы, 23 желтоқсан 2008 ж.
білдірушілерді автокөлік жолына жібермей күштеп ұстады. Жатақхана тұрғындарына қолдау білдіріп, олармен бірге шыққан қоғамдық белсенді Ризада Жақыпбек қала әкімінің атына жазған үндеуді дауыстап оқи бастады. Онда кезінде қала билігінің басында болғандардың бармақ басты, көз қыстымен сатып жіберген даулы жатақханалардағы қарапайым тұрғындардың қордаланған мәселесін әділ түрде шешпейінше жағдайдың ушыға беретіндігі айтылған.

Полициямен бірге осы жерге келген прокуратура өкілі бұның рұқсат етілмеген заңсыз жиын ретінде бағаланып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын ескертумен болды. Алайда заң өкілінің бұл ескертуі наразы әйелдерді тоқтата алмады. Бір-бірінің белінен жіппен жалғап байланып алған олар полиция тосқауылын бұзып өтпекке әрекет жасады. Полиция басшыларының бірінің бұйрығы бойынша Ризада Жақыпбекті ұстап, осы жерге алдын-ала әкелінген автобусқа апарып тықты.

Бірақ полицияның бұл ісі отқа май құйғандай әсер етті - наразы топ Ризаданы бостауды талап етіп, у-шуға басты. Ұлардай шулаған әйелдерді баса алмай, не оларды бұл жерден әкете алмай бір сағаттай тұрған полиция ақыры Ризаданы автобустан босатып, автобустан шығарды.

Бұдан соң әйелдер «Менің Қазақстаным!» әнін шырқап, үлкен үйді айналып өтіп, келесі беттен көшеге шығауға әрекет жасады. Алайда, бұл жерден де оларды полиция тосып алып, жолға жібермей қойды. Ақыр соңында, екі жатақхананың бірінің ішіне кірген әйелдер сыртқы есікті жауып алып, шатыры жартылай бұзылып, ашық-шашық жатқан жатақхананың төбесіне шығып алды да, егер билік өз мәселелерін шешпесе, полиция қуғындауды тоқтатпаса төбеден төмен секіруден тайынбайтындарын ескертті. Әйелдерді райынан қайтармақ болған полицейлер мен журналистердің айтқанына төбедегілер құлақ аспай біраз тұрды.

Ақыр соңында мүмкіндігін тауып жатақхананың ішкі жағына кірген запастағы баспанасыз офицерлер қозғалысының төрағасы Дәулет Жұмабеков бастаған адамдардың араласуымен әйелдер шатырдан түсті.

- Қазіргі билік проблеманы өзі қолдан тауып беріп отыр. Қаржы дағдарысы күшейіп бара жатқан мына заманда, егер үкімет әлеуметтік проблеманы дереу шешпесе, басқа амалы қалмаған наразы халық жаппай көшеге шығуға мәжбүр болады, - деді Д.Жұмабеков.

Бұл оқиғадан түсірілген бейнесюжетті қараңыз

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG