Accessibility links

Еңбек ауылының тұрғындары күн сәулесімен жұмыс істейтін кептіргіш пайдалануды үйренді


«Күн қуаты ауыл адамдары үшін» жобасының жетекшісі Үрқыз Ілеева. Еңбек ауылы, Алматы облысы, 16 қазан 2010 жыл.
«Күн қуаты ауыл адамдары үшін» жобасының жетекшісі Үрқыз Ілеева. Еңбек ауылы, Алматы облысы, 16 қазан 2010 жыл.

Алматы облысы Еңбек ауылының бір топ тұрғыны грант есебінен ауыл шаруашылық өнімдері өндірісін жолға қойды. Күн қуаты пайдаланылатын бұл өндіріске жұмсалатын шығын аз.


Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында жалпы көлемі 40 шаршы метрлік күн қуатымен жұмыс істейтін 10 секция кептіргіш орнатылды. Оларға бір мезгілде 1400 келі жеміс-жидек өнімдерін немесе 400 келі шөп салып қоюға болады. Ауыл адамдары мұнда әртүрлі дәмдеуіш қоспалар, дәрілік шөптер, құрғақ жемістер, алуан түрлі көкөністерді кептіріп, кейін сатуға шығарады.


ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ

БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшысы Гүлнәр Бектұрованың сөзіне қарағанда, бұл жоба «Климат өзгерісі туралы» Конвенция шегінде жүзеге асып отыр. Қазақстан Конвенцияға 1995 жылы мамыр айында қосылған.

– «Күн қуаты ауыл адамдары үшін» атты жобаның мақсаты күн сәулесін тегін қуат көзі ретінде пайдалануға болатынын көрсету. Бірінші кезекте әйнек ыдыстарды, көкөністер мен жеміс-жидектерді жууда, жеміс-жидектерді жеделдете кептіріп, қалбырлауда, сондай-ақ
Жеміс пен көкөністі кептіруге арналған күн қуатымен жұмыс істейтін кептіргіш. Еңбек ауылы, Алматы облысы, 16 қазан 2010 жыл.
монша-кір жуу кешенінде органикалық отын мен электр қуатының орнына күн қуатын пайдаланудың тиімділігін таныту, – дейді Гүлнәр Бектұрова.

Шығыс әйелдерінің экологиялық ассоциациясы ұйымының президенті және аталған жобаның жетекшісі Үрқыз Ілееваның айтуынша, Еңбек ауылы – балама жарық пен жылу көздерін пайдалану арқылы үнемшілдікке көшкен Қазақстандағы санаулы ауылдардың бірі.

– Бұрын су жылыту үшін электр қуаты пайдаланылып, газ, ағаш немесе көмір жағылатын болса, енді кем дегенде сегіз ай бойы, яғни ауа-райы жылы кезде оның қажеті жоқ, – дейді ол.

Үрқыз Ілеева Азаттық радиосының тілшісіне көшеге орнатылған душ кабинасының пластинкасына түскен күн сәулесінен бөшкедегі судың тез жылитынын айтып өтті. Суды тәулігіне 240 литрден үш-төрт рет жылытуға болады екен. Ал кептіргіштерге ондаған келі көкөніс пен жеміс-жидек салып қойса, бірнеше күннен кейін пайдалануға жарайды. Оның сөзіне қарағанда, мұндай кептіргіштің орташа бағасы 300-400 доллар екен. Кептіргіш 15 жылға дейін жұмыс істей алады. Ауылдықтардың сөзіне қарағанда ол өзін-өзі толық ақтайды.

Үрқыз Ілеева «Күн қуаты ауыл адамдары үшін» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін грантқа қол жеткізген Еңбек ауылының тұрғындары біртіндеп аяғынан тік тұрып келе жатыр дейді. Жаздай ауыл шаруашылық өнімдерін жинап алатын жергілікті әйелдер күз бен қысқа дайындық жасап, қосымша табыс таба бастапты.

– Жұмсалған шығын өзін-өзі ақтайды, – дейді Үрқыз Ілеева. – Мәселен, екі мың келі дәмдеуіш қоспадан 320 келі дайын өнім шығады. Бұл – жылына 545 доллар таза табыс деген сөз. Ал 20 мың келі жемістен 3,3 мың долларға бағаланатын 6600 келі дайын кепкен жеміс алуға болады. Осындай көлемдегі көкөністен бес мың доллардан астам табыс табуға мүмкіндік бар. Түскен қаржының бір бөлігі жұмысшыларға еңбекақы төлеуге, коммуналдық қызметтер мен басқа да шығындарды жабуға жұмсалады, – дейді жоба жетекшісі.


ДЕМЕУШІ ІЗДЕУ

Үрқыз Ілееваның айтуынша, әдетте ауылдық жерлерде ыстық судың жоқтығына және қаржы тапшылығы себепті электр қуатын үнемдеуге байланысты балалар үйінде іш киімдер сирек жуылады, ал сәбилерге арналған памперс сатып алынбайды.

– Электр қуатын жұмсамай-ақ күн батареясы арқылы су ысытуға болатынын естіген Еңбектегі балалар үйінің басшылығы ауыл
Адам жуынатын душтың суы күн қуатымен жылиды. Еңбек ауылы, Алматы облысы, 16 қазан 2010 жыл.
тұрғындарынан жәрдем сұрады, – дейді Үрқыз Ілеева.

Олар жергілікті бизнесмендер арасынан демеуші табуға талпынғанымен нәтиже болмаған соң БҰҰ Даму бағдарламасының Жаһандық экологиялық қорына тағы да өтініш жасапты.

– Қор біздің жобамызды қабылдады, сөйтіп балалар үйіне күн батареясын орнату үшін 20 мың доллар шамасында грант алатын болдық. Алайда Америкадағы дағдарысқа байланысты бұл ақша келер жылы бөлінеді деп ескертті, – дейді Үрқыз Ілеева.

Оның сөзіне қарағанда Еңбектегі мүгедектер мен ақыл-есі кем балаларға арналған интернат-үйде күн батареясы ыстық су алу үшін орнатылады. Бұл жоба жұмыстары Орталық Азиялық экологиялық орталық бөлетін 17 мың долларлық грант есебінен қаржыландырылады.

Үрқыз Ілеева Еңбек ауылының тұрғындары күн қуатымен жұмыс істейтін кептіргіш, душ кабинасы мен батарея шығаратын мини-зауыт салғысы келеді дейді. Соның арқасында олар қала базарлары мен басқа да жерлерде қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие болып отырған өз өнімдерін көптеп шығара алар еді.

Ол үшін әуелі оны орнататын жер, сонан кейін құрал-жабдық сатып алу керек. Ал бұл аз қаржы емес. Үрқыз Ілеева осы мақсатта ауыл шаруашылығы министрлігіне, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ экология министрлігіне ұсыныс жасағанын айтады. Бірақ көптеген шенеуніктер, тіпті өзге ауылдардың тұрғындары да бұл жоспардың жүзеге асарына сенімсіздік танытып келеді.


ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ

Үрқыз Ілеева Еңбек ауылының тұрғындары өз тәжірибелерін өзгелермен бөлісуге даяр екенін айтады. Мәселен, қырғыздың Ош қаласындағылар да бұл жобаға қызығушылық білдіріп, олар да күн қуатымен жұмыс істейтін кептіргіштер орнатқан.

– Мұндай батарея мен кептіргіштер әрбір үйде тұрса халықтың қаншама қаржысы үнемделер еді! Ауыл адамдары күнде суға түсіп, күнде кір жуар еді. Газ да, электр қуаты да керегі жоқ, ыстық су тегін, – дейді Үрқыз Ілеева.

Оның үстіне, экологиялық өлшемдер бойынша да «Күн қуаты ауыл адамдары үшін» жобасының келешегі зор. «Қазсумет» сарапшысы Светлана Долгихтің сөзіне қарағанда халық қазірден бастап-ақ климат өзгерісіне бейімделе бастауы керек.

– Біздің ойымызша күн коллекторы мен кептіргіш секілді қуатпен қамтамасыз ететін кешенді жүйеге көшу – сәтімен жасалған қадам. Ауылдықтардың осы қам-қарекеті арқылы климат өзгерісіне бейімделу тәсілдерін көсетуге болады, – дейді Светлана Долгих.
XS
SM
MD
LG