Accessibility links

Азаттық радиосының хабарынан соң әкелі-балалы Жидкихтерге көмек келді


Андрей Жидкихке жәрдем көрсеткендер оған мүгедектерге арналған арбаны сыйға тартты. Междуречинск ауылы, 21 наурыз 2010 жыл.
Андрей Жидкихке жәрдем көрсеткендер оған мүгедектерге арналған арбаны сыйға тартты. Междуречинск ауылы, 21 наурыз 2010 жыл.

Алматы облысындағы Междуречинск ауылында тұратын мүгедек Андрей Жидких пен оған жалғыз қамқор болып отырған 12 жасар ұлы Виктор туралы Азаттықтың хабарынан соң әкелі-балалы жандарға жәрдем беруге тілек білдірген сайтымыздың оқырмандарынан көптеген пікірлер мен хаттар келіп түсті.



«АДАМДАР БІР-БІРІНЕ ҚАЙЫРЫМДЫ БОЛУЫ КЕРЕК»


Көмек қолын созғандардың арасында Андрей Жидкихке жеке есеп-шот ашуды ұсынып, әкелі-балалы жандарға көмек көрсетуге ниет білдіргендер де жоқ емес.

Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Зарина наурыз мейрамы күні Жидкихтердің отбасымен арнайы барып кездесті. Көмек ретінде азық-түлік, ең бастысы, Андрей Жидкихке оның өзі армандап келген заты - мүгедектерге арналған арбаны сыйға тартты. Осы оқиғаның басы-қасында Азаттық радиосының тілшісі де болды.

– Мұндай жағдайға біздің әрқайсысымыз душар болып қалуымыз мүмкін. Ешкім де осы тәрізді дертке ұшырамаймын деп айта алмайды.
Әкелі-балалы Жидкихтерге көмекке келгендердің бірі - Зарина. Междуречинск, 21 наурыз, 2010 жыл.
Менің ойымша, бәріміз де бір-бірімізге көмек көрсетуіміз керек. Материалдық құндылықтар – алдамшы, ал жалғыз рет жасаған ізгі амалың мәңгіге қалады. Әрқайсысымыз рақымшылық таныта білуіміз қажет. Міне, біз сондықтан осында келдік, – дейді өзінің толық аты-жөнін атағысы келмеген Зарина.

Азаттық радиосының хабарынан кейін мүгедек әке мен балаға көрсетіліп жатқан көмек жалғыз бұл емес. Заринаға дейін Жидкихтерге бірнеше алматылық кәсіпкер келіп, азық-түлік, киім-кешек беріп қайтқан екен. Олардың көбі Зарина секілді өз есімдерін атамауды жөн көреді.

АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН

Сондай-ақ, қайырымдылық көрсетуге ниет білдірген жеке тұлғалардан бөлек, Азаттық редакциясына өзге де БАҚ өкілдері хабарласып, олар да жұртшылыққа Жидкихтердің басына түскен ауыртпашылық жайлы баян еткен болатын.

Осылардың бәрінің әсері ме, осы хабар дайындалып жатқанда Междуречинск ауылының әкімшілігі мүгедек әке мен баланы Іле ауданының Ащыбұлақ ауылындағы шіркеудің қайырымдылық үйіне орналастырды.

– Ащыбұлақта Свято Сергеев приходының қайырымдылық баспанасы бар. Ондағы жатын орын, асханасын өзіміз барып көрдік. Жағдайы жақсы. Баласы екеуіне сол баспанадан жеке бөлме берді. Баласы сол жерден мектепке баратын болды. Енді біз Қарасай ауданындағы баласы оқыған мектепке барып, құжаттарын алып, Ащыбұлақтағы мектепке тапсырамыз. Андрейге біз қазір мүгедектігін анықтап, зейнетақы тағайындау үшін жеке басын куәландыратын құжаттарын жинастырып жатырмыз, – дейді Междуречинск ауыл әкімшілігінің жетекші маманы Бекмырза Иманбеков.

Әкелі-балалы Андрей және Виктор Жидких. Междуречинск ауылы, 21 наурыз 2010 жыл.
Азаттық радиосының алғашқы хабары шыққанға дейін әкелі-балалы Жидкихтер өздеріне жергілікті билік орындарынан ешқандай жәрдем болмағанын айтқан еді.

Әйелі Андрей Жидкихті ұлымен тастап кеткен соң көп ұзамай төсек тартып жатып қалған Андрейге күтуші болатын жан баласы табылмады. Науқастың құжаттары толық еместігін желеу еткен денсаулық сақтау мекемелері оған дер кезінде ем көрсетпеген еді.

МҰҚТАЖДЫҚПЕН ӨТКЕН ТӨРТ ЖЫЛ

Виктордың әкесі Андрей осыдан төрт жыл бұрын абайсызда жығылып, мертігіп, сол ауруы меңдеген соң, қыс басталмай жатып, төсек тартып қалды. Содан бастап 12 жасар ұлы Виктор мүгедек әкесінің жалғыз тірегі әрі күнделікті күтушісі болды. Бұған қоса екеуінің ішер асын табуды да өз міндетіне алған қаршадай бала жұртқа жалданып жұмыс істеп, еңбегіне кейде ақша, кейде тамақ не киім-кешек алатын. Басына сын түскен соң Виктор мектепке де дұрыстап бара алмады.

Тағдырдың тәлкегіне қарамастан Андрей Жидких ұлы екеуінің көше кезген тіленші болғандарынан гөрі өзінің өліп кеткенін артық санайтынын айтқан-ды. Бірақта қиын-қыстау кезінде жоқшылықтан қысылған ұлы Виктордың көрші қоныстағы шіркеу маңында арагідік қайыр тілеп жүретіндігін Азаттық тілшісіне Жидкихтердің көршілері әңгімелеп берген еді.

Әкелі-балалы екеудің тағдыры туралы алғашқы хабар жасауға барғанымызда Андрей Жидких: «Қоғамнан ажырап қалдық, ешкім көмек қолын созбайды, тым болмаса біреу мүгедек арбасын алып берсе ғой», – деп мұңын шаққан еді. Ол тілегі, міне, орындалды. Енді олар жалғыз емес.

Әкелі-балалы Андрей мен Виктор Жидкихке қайырымдылық көмегі туралы видеоны қараңыз:

Әкелі-балалы Жидкихтерге көмек көрсетілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00
XS
SM
MD
LG