Accessibility links

Қазақстан басшыларының біразы түрмелерге тоғытылуы мүмкін


Елде жиілеп кеткен көпе-көрнеу тұтқындаулар мен тергеулер сенімсіздік жайлаған қоғамда «Ендігі кезекте кім?» деген жалғыз сұрақты өзекті етіп тұрғандай. Оппозиция жетекшісінің пікірінше, Ақорда үнемі өз қателіктері үшін кінәлі етіп шығаратын адам іздеп отырады.

ЕЛДЕГІ СОТ - ТЕРГЕУ ДҮРБЕЛЕҢІНІҢ ӨЗІНДІК БОЯУЫ БАР

Жаңалық таспаларына қарағанда, мемлекет бірінің артынан бірі қуалаған үздіксіз криминогенді лектер кеңістігіне айналып отыр. Мемлекеттік машина бар күшімен, бүкіл қуатымен жұмыс істеуде.

Ескі істер жайындағы ең жаңа хабарлама. Ақмола гарнизонының әскери соты 20 наурызда «Қазмұнайгаздың» бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевты алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл әлгі бір кезде көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаевтың өзі. Оның тағы сегіз қызметтесі бар, олардың әрқайсысына әртүрлі қамау мерзімі тағайындалды. Бұл не сонда, ескінің жаңғыруы ма, әлде бірнеше ай бойы жинақталған компроматтың елдің қоғамдық теңізіне соттық прессинг арқылы жаңа лекпен жіберілуі ме?

Сот-тергеу рәсімінің барлық механизмі зорықпа режимде қызмет етеді. Процессуалды-жазалаушылық серпін экономиканың ірі, орта және кіші сатыларындағы кез келген менеджерлер қабатынан әсіресе анығырақ аңғарылады. Мұндай шиеленісте нағыз ағымды байқау қиын.

Бұл не? Күшінде тұрған заңдарды жаппай жоққа шығару ма? Заңдардың толық сәйкессіздігі ме? Әлде биліктің басқарушылар класына жасаған қасақана басқыншылығы ма? Мүмкін осының бәрі бар шығар? Бірақ бір нәрсені жоққа шығару қиын – ел өзіндік сот-тергеулік дүрбелеңді басынан кешіруде. Және негізгі жүйке көбіне құпия себептермен президенттік команданың қуғынына түскен топ-менеджерлерді жегідей жеуде.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ ПРОЦЕСТІ НАЗАРБАЕВТЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАР САХНАЛАҒАН ДЕП БІЛЕДІ

Мысалдар жаңалықтардан табылуда. БТА банк төңірегіндегі оқиғаның өзін жаһандық, негізгі, тіпті тарихи ауқымға көтеруде. Мұндай мәртебеге жаппай чекистік тазалау уағындағы сталиндік «сұңқарлардың» соққылары ие болатын. Оған Бухарин немесе Зиновьев ісін мысал етуге болады, ол кезде бір ғана соққы бұқаралық көзбояушылық сипат алып кеткен еді.

БТА банктің бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов пен Роман Солодченко мемлекеттік қырықтықтан құтылып кетті. Соңғы хабарламаға сәйкес 21 наурыздан бері Роман Солодченкоға іздестіру жарияланған. Бұл шамасы әншейін, дәстүр үшін. Алда-жалда дегенге саяды. Бұл Астанадағы тәжірибелі жандардың басты екі айыпталушыға құрықтарының жетпейтінін түсіне отырып, әлдеқалай боп жатса деген ниетпен істей салғаны. Бірақ бұл қайғы емес! Мемлекеттік машина бұл олқылықтың орнын ондаған өзге менеджерлермен өтейді.

Бірақ ,ә дегенде, Мұхтар Әблязовтың немере бауыры Тайыр Дүйсембековты тұтқындады. Әблязовтың тағы бір немере қарындасы - Ақмарал Әблязованы банк топ-менеджерлерінің құрамынан қас - қағымда шығарып тастады. Соңғы хабарламаларға сәйкес, БТА банк ісі әзірге жеті тұлғамен айналып тұр: Мұхтар Әблязовтың өзі және оның алты әріптесі – бір кездегі банк басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, несие комитетінің төрағасы Жаксылық Жарымбетов және өзге де қызметкерлер.

Туындаған сұрақтың есебі жоқ. Әлгі кесек қар қайдан шыққан? Кеше ғана БТА банк әлдеқайда тәуір қызмет етіп тұр еді ғой. Қалай болғанда да мұндайлық метаморфозаның болатынын болжауға негіз жоқ еді.

Егер шынында да бұл сондайлық апатты жағдай болса, онда неге көз алдындағы соншалық алып алаяқтықты көрмегендерді тұтқындамайды? Соншалық көп адам бес-алты күнде жемқорлық пиғылда бәтуәласа қалмайды ғой! Әлде ондай да бола ма? Мүмкін осыған бәрін сендіргісі келетін шығар?

Мұхтар Әблязовтың Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені кеше ғана еді ғой. Неге инспекторлардың, бақылаушылардың және кеңесшілердің мыңдаған жасағы күдікті ештеңе аңғара алмады? Мүмкін онда ештеңе болмаған да шығар?

Қазақстандық күш қолдану орындарының қолы жетпейтін жақта отырған Мұхтар Әблязов Еуропадан бұл процесті президент айналасындағылар сахналаған дегенді айтуда.

Бас прокуратураның ресми түсініктемесі мынадай: «Нақты анықталғандай 2005-2008 жылдар аралығында Әблязов және оның сенімді адамдарының тобы жасырын қимылдап, акционерлер мен банктің мыңдаған салымшыларының мүддесін ескерместен, көптеген арнайы құрылған қазақстандық және оффшорлы компаниялар арқылы, банктің қарыз алушысы болған әлгі компанияларға несие беру жолымен банктен ірі қаражат шығарып алған, яғни ірі мөлшерде ұрлаған».

Егер осы айыптаудағы әрбір сөз шындыққа сай болса, егер бұл большевиктік тазалау уағында Берия мен Ягода адамдары жақсы орындаған кезекті бір шебер айла-әрекет болмаса, онда мұны басқа қырынан қарауға болады. Осынау ерек айыптау арнаулы қызметтің өз маңдайына үкім боп тимесін!

Оларға да күн туар. Сол құрылымдағы ірі тұлғалардың бірі өзінен де биік мемлекеттік күштің алдында жазықты боп қалған күні жазаны ұйымдастыру логикасы бойынша оларға кез келген күні «Әблязов бандасының қылмысын» назардан тыс қалдырдыңдар деген айып тағуға болады. Әп-сәтте осы «банданың» мүшелері боп шыға келулері ғажап емес.

Жүйе жаңа ықтимал құрбандарды қолдан жасауда. Жүйе өзін жаратқандарды жұтуда – біржақты жағдайлардың ескі жұрнағы. Ірі істен ұсақ істер туындап, етек алып бара жатқан көз қылып тұтқындау мен тергеу жүргізу елге қатер төндіруде.

“АДАМ ТАБЫЛСА БОЛДЫ, ЗАҢНАН БАП ТАБУ ҚИЫН ЕМЕС”

Қаржы полициясы тағы да бір «топтасқан қылмысты» ашты. «Нар Ойл» компаниясының директоры Сұлтан Үшбаевқа және оның өзге де қызметтестеріне қарсы қылмыстық істің қозғалғаны жарияланды. Мұнда да сол сұрақ туады. Неге тәртіп сақшылары енді ғана оңды-солды ұстай бастады?

Сұлтан Үшбаевтың өзі қылмыстылыққа таңылуым әбден негізсіз деп санайды. Сұлтан Үшбаевтың өзінің айтуындағы күш қолдану орындарының заңсыздығына қарсы тұру ұмтылысы да сезікті күшейеді.

Бірақ, өкінішке қарай тергеу мен отырғызу үрдісі жалғасуда. Бүкіл елге жайылған. Рейд жүргізу мен құрық салу үйреншікті жағдайға айналып қалды. Сенімсіздік ахуалы бір ғана көкейкесті сұрақты күн тәртібінде қалдырды: ендігі адам кім? Нақтырақ айтқанда, енді кімнің кезегі деген сұрақ.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қызмет бабын теріс пайдаланды деген сезікпен Астана құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Асқар Нұрмағамбетов ұсталды. Әзірге топтасқандық белгілері назарға іліккен жоқ, дегенменен бір сұрақ күн тәртібінен түсер емес: қаржыны қадағалаушылар әскері не қарап отырған?

Мүмкін мұндай қылмыс үшін, егер ол шынымен жасалынған болса, сол топтасқан жауаптылығың жұмсақтау келетін шығар? Бәлкім сотталушының орындығына орындаушымен қатар заңсыз әрекетті назардан тыс қалдырғандар — арнаулы қызмет басшылары да отыратын шығар? Әлде қолды жоғарырақ сермеп, сол басшылардың кураторларын алу керек шығар?

Жабық жүйеде дәстүрлі сценарийлер әлі күнге сақталуы мүмкін. "Адам табылса болды, заңнан бап табу қиын емес" деген әйгілі сталиндік формула өміршең боп шықты. Жабық жүйе әрқашан да бүкіл номенклатураның үстінен компромат жинап отыруды тәуір көреді. Бұған әсіресе әрбір адамды органдарға тәуелді етудің кеңестік мектебі жетік еді. Компромат жойқын күшке ие болғанда іске қосылатын. Тіл алмайтындар мен ырыққа көне қоймайтындарға қарсы басшылық үнемі компромат жинап отыратын.

Қазақстан жалпы ережеден ауытқыған жоқ. Міне, сондықтан да елдің күйіп-піскен сот-тергеу жүйкесі тыншыр емес. Полиция Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевті ұстады.

Оған мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізу кезінде қызмет бабын теріс пайдаланды деген кінә таңуда. Анатолий Рябцевті Астананың тергеу изоляторына тықты. Әрине, мұның артында да аса жағымды мәселе жатпағанын қазақстандықтардың көпшілігі түсінеді: Анатолий Рябцев кімнің жолына бөгет болды екен?

ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ ИСІ ШЫҒА МА, ЖОҚ ПА?

Ал, мемлекеттік машина жойқын сипат алған. Ол істің мән-жайына барып үлгермейді, біркездегі орнатылған ырғақпен келеді. Бірақ, әрине, жазалаушы шаралардың қазақстандық мемлекеттік машинасы әзірге көршілес Түркіменстандағы Ниязов билігі тұсында болған дүрбелеңді жасай қойған жоқ. Ол елде биік лауазымға тағайындау үкім шығарумен бірдей еді. Менеджерлерді жазалау методологиялық қана емес, жариялы да, қанқұйлы сипатта болатын.

Қазақстандықтар қаншалықты түркімендерге ұқсас ахуалда отырғанын өздері пайымдасын. Қуғын-сүргіннің қанды шеңгелі басталатын шекараның қайда жатқанын кім білсін? Ал Қазақстандағы күнделікті жаңалық таспалары қазірдің өзінде әскери уақыт ақпарын еске салады. Тура бір жоғарыда оң іс шешіліп жатқандай – мемлекет жемқорлық көріністерімен күресіп жатқандай.

Сұрақ та, сұрақ емес-ау күмән туады, жемқорлармен күрестің қалқасында тосын қалтарыстар жатса керек. «Азат» оппозициялық партиясының жетекшісі Болат Әбілов Қазақстан басшылығы үнемі өзінен кеткен қателіктердің кінәсін арқалайтын адам іздеп отырады деген пікірін айтудан шаршайтын емес.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG