Accessibility links

«АрселорМиттал Теміртау» зейнет жасына жеткендерге 10 мың доллар ұсынбақ, ал кәсіподақ штат бірлігінің жойылуымен келіспейді


«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы жасы 50-ден асқан қызметкерлеріне 10 мың доллар төлеп, жұмыстан шығару акциясын бастамақ ниетте. Кәсіподақ кеншілерге берілетін өтемақы көлемін мақұлдағанымен, біржолата қысқартуға қарсы.

Компанияның баспасөз хатшысы Николай Кубраковтың жұма күні Азаттық радиосына хабарлауынша, мекеме басшылығы өз еркімен жұмыстан босату схемасын биыл сәуірдің 1-нен бастап енгізуді жоспарлап отыр.

– Бұл жердегі әңгіме мекеме жұмысшыларына компания есебінен, уақытынан ерте зейнеткерлікке шығу мүмкіндігін ұсыну туралы болып отыр. Төленетін өтемақы көлемі жұмысшының еңбек стажына байланысты. Бірақ, оның көлемі 10 мың доллардан аспауы тиіс, – деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, өз еркімен жұмыстан босату схемасын кәсіпорын өндірісінде кем дегенде 10 жыл жұмыс істеген, жасы 50-ге толған әйел және 55-ке толған ер адамдар пайдалана алады.

– Мұндай акция компанияда белгілі бір мерзімде үнемі өткізіліп отырады. Мысалы, жұмыстан босату схемасының мерзімі бір айға созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында жұмысшылар өз еркімен арыз жазып, республикада ресми зейнеткерлікке шыққанға дейін компания төлеген ақшаның есебінен тіршілік ете алады. Биыл қанша жұмысшының бұл схеманы пайдаланатынын тап басып жоспарлау өте қиын. Өйткені, шешімді қабылдайтын жұмысшының өзі болып отыр, – деді Николай Кубраков.

Компания қызметкерінің айтуынша, бірқатар кеншілер үшін бұл схема өте тиімді болмақ. Әдетте акция аясында өз еркімен жұмыстан кету өтінішін денсаулығы нашарлағандар мен ауыр жұмыстан шаршағандар тапсырады екен. Өтемақы мөлшеріне қызығатындар да жоқ емес.

Кәсіподақ кеншілерге берілетін өтемақы көлемін мақұлдайды, бірақ жұмысшының штат бірлігінің қоса жойылуына қарсы шығып отыр.

– Біздің бұл компанияға талаптарымыз бар. Жалпы алғанда, өз еркімен жұмыстан шығу схемасы жаман емес. Бірақ осы схема бойынша қызметкер жұмыстан кеткенде оның штаттық бірлігі де қоса алып тасталынады. Ал біз жұмыс орнының жойылуын қаламаймыз. Сөз болып отырған схеманың басқа ережелеріне қояр сынымыз жоқ. Екіжақты келіссөздер жалғасуда, – деді көміршілер кәсіподағының бөлім жетекшісі Сергей Сивков.

"АрселорМиттал Темиртау" – әлемдегі ең бай адамдар қатарындағы миллиардер Лакшми Миттал қожалық ететін трансұлттық ArcelorMittal құрамындағы жылына 5,5 миллион тонна өнім өндіретін ірі компания.

Қазақстандағы 15 көмір шахтасына және темір кеніштеріне иелік ететін компанияда 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG