Accessibility links

Қазақстан халқы Ассамблеясын жақтайтындар да, даттайтындар да оның бастауында болған


Осыдан 15 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы парламенттің маңызы мен рөлін жойып жіберді дейді Азаттықтың дөңгелек үстел талқылауына қатысқан қонақтардың бірі, ал екіншісі президент мұндай құрылым арқылы тек өз пайдасын көздеді деген ой айтады.


Қымбатты ағайын, төменде өз назарларыңызға осы дөңгелек үстел сұхбатында айтылған негізгі ой-пікірлерді ықшамдап ұсынып отырмыз. Азаттықтың дөңгелек үстелінің толық аудиожазбасын
осы арадан тыңдайсыздар.


1995 жылдың наурызында сол кездегі және қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Осы жерде ескерте кететін маңызды мәселе: 2007 жылдың шілде айынан бастап ол Қазақстан халықтарының емес, Қазақстан халқының Ассамблеясы деп аталатын болды. Ал президенттің жарлығына сәйкес, Ассамблея – президент жанындағы «консультативтік-кеңес органы» болып құрылды.

Міне, биыл осы Қазақстан халқының ассамблеясына 15 жыл толып отыр. Соған байланысты Азаттық радиосы «Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі мен маңызы неде?» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Оған: тілтанушы ғалым, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Алматы облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы ханым Осман, белгілі қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлі, 5 жылдай Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болған, қазір «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов және Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин қатысады.

Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.

Жүргізуші:

– Азаттықтың құрметті қонақтары, өздеріңізге мәлім, осыдан 15 жыл бұрын президент жанынан «консультативтік-кеңестік орган» ретінде Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылды. Жаңа орган 1995 жылдың 24 наурызында, қызметін атқарып жүрген президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құзырын референдум өткізу арқылы 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды ұсынды.

Бұл ұсыныс Қазақстан қоғамының бір бөлігін «Қазақстан халқының Ассамблеясын құрудың түпкілікті мақсат-мүддесі не?» деген ойға қалдырды.

Дегенмен де, 100-ден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері мекендейді деп есептелетін Қазақстанда халықтар Ассамблеясының дүниеге келуіне не себеп? Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтауда халықтар Ассамблеясының рөлі мен маңызы қаншалықты болды?

Серікболсын Әбділдин:

– Конституцияның 78 бабында референдум өткізу үшін президент парламенттің келісімін алуға тиіс деп көрсетілген болатын. Ал енді сол Ассамблеяны құра салып, парламентті қуып таратып, Ассамблеямен «келісіп» өзінің билік құзырын 7 жылға ұзарту деген – ол Конституцияны аяққа таптау деген сөз.

Ол бір. Екіншіден, Конституцияны референдум арқылы қабылдау тағы да сол парламенттің келісімі бойынша жасалуы керек. Ал оған қарамай президент Ассамблеядан «рұқсат» алып өзінше... Рұқсат алатын ештеңесі жоқ.

300 адам шақырып алып, «осылай жасайық» дегенде тағы да Конституцияны бұзды. Шынына келетін болсақ, мына Ассамблеяны құрып алып, парламенттің жалпы маңызын жойып жіберді.

Осының барлығын өзіне мемлекеттік биліктің бәрін уысына жиып алу үшін жасады. Оның өзі көпшілігі тек құқық бұзу емес, жалпы ұрлық-сұмдыққа байланысты жасалған. Оның үстіне шетелден әлгі құпия есеп-шоттар ашуға бейім заң қабылдаған. Соның бәрін жасырып-жауып, соған жауап бермеу үшін жасаған әрекеті.

Әлихан Байменов:

– Қазақстан халқының Ассамблеясы сынды ақыл-кеңесші орган құру - сол кездегі бүлкілдеп тұрған қазанның буын шығарудың жолы болды деп ойлаймын. Сол себептін біздің белгілі бір тарихи дамуымыздың кезінде Ассамблеяның құрылуы саяси тұрғыдан қажеттілік болса, екінші жағынан, кейін біздің биліктің қоғаммен қарым-қатынасы өзгерген сайын, оны басқа мақсатқа пайдалану жағы басым болып кетті.

Жасарал Қуанышәлі:

– Не себептен осы Ассамблея құрылды? Оның құрылу себебі: ол парламентті тіл алмайтын «тентек», жөнге көнбейтін, өз пікірі бар парламентті таратқаннан кейін, соның орнына Назарбаевқа өзінің дегенін істететін бір құрылым керек болды. Сол парламентті ауыстыратын құрылым.

Міне осы тұрғыда Назарбаевтың ойлап тапқаны әлгі халықтар ассамблеясы деген... Ал ол Ассамблеяның бұлай құрылуы ешқандай заңға да, Қазақстанның табиғатына да келмейтін. Өйткені Қазақстан, Конституцияда жазылғандай және өзінің табиғаты бойынша да, біртұтас унитарлық мемлекет.

Сондықтан оның құрамында ешқандай халықтардың Ассамблеясы деген болуға тиіс емес. Бұл Назарбаевтың жеке пайдасы үшін құрған құрылым болды. Соны ол мейлінше кең пайдаланып, парламент арқылы жүзеге асырылатын жұмыстарды осы заңсыз, қолдан жасалған Ассамблея арқылы іске асырды.

Және бір қызығы: сол 1995 жылдың наурызында таратылған парламент келесі парламент сайланғанға дейін 9 ай бойы жоқ болды. 9 ай! Сол 9 айдың ішінде Назарбаев Ассамблея арқылы және өзінің шын мәнінде заңсыз «заңдық күші бар» жарлықтары арқылы өзінің жеке билік режимін құрып бекітетін түрлі құжаттар қабылдап алды.

Содан бері қарай міне 15 жыл болды: Қазақстанда шын мәнінде парламент атауына лайық, толыққанды заң шығарушы билік тетігі болған емес. Барлығы да алдын-ала жасалған тізіммен, заңсыз сайлаулармен тағайындалған «қалтадағы парламенттер»...

Солар арқылы Назарбаев өзінің жеке билік режимін нығайтып алып, қазір «мәңгілік президент болу» кезеңіне аяқ басып отыр.

Асылы Осман:

– Ассамблеяның, менің түсінігім бойынша, алар орны да, мәні де, маңызы да ерекше деген болар едім. Қазақстанда бір ұлт бар. Ол мемлекет құрушы ұлт. Қазақстандағы халық – ол қазақ халқы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапқырлығы да, көрегендігі де, өзіндік ерекшелігі де, елді ұйытуға, қазақ халқының бойындағы асыл қасиет елбасымыздың бойында бар. Ешкімді бөлмейтін, ешкімді жармайтын.

Бізді егер қазақ халқы болмаса, менің өз басым да, осында тұратын халық та осы дәрежеге жетпеген болар еді.
XS
SM
MD
LG