Accessibility links

Сотқа дәлелдерін өткізе алмаған айыпкерлер мен қорғаушылары ауыздарын қара лентамен таңып алды


Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша айыпталушылар (оңнан солға): Әсет Шығанбаев, Саламат Ерғалиев, Эльдар Жұмағалиев сот тергеуіне наразылық ретінде ауыздарын қара лентамен таңып алды. Атырау, 3 желтоқсан 2009 жыл.
Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша айыпталушылар (оңнан солға): Әсет Шығанбаев, Саламат Ерғалиев, Эльдар Жұмағалиев сот тергеуіне наразылық ретінде ауыздарын қара лентамен таңып алды. Атырау, 3 желтоқсан 2009 жыл.

Атырауда «кісі өлтіріп, бөтеннің мүлкін тонады» деген айыппен сотқа тартылған үш жігіттің ата-аналары жасамаған қылмысты мойындату үшін күдіктілерді ұрып-соғып, қысым көрсетті деп тергеушілерді кінәлап отыр. Полиция оны жоққа шығарады.

КІСІ ӨЛТІРУ, ҰРЛЫҚ ЖӘНЕ ТОНАУ

Қылмыстық іс бойынша сотта айыпталып отырған түйдей құрдас үш жігіт – 23 жастағы Жұмағалиев Эльдар, Шығанбаев Әсет және Ерғалиев Саламат – Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғындары.

Биылғы шілде айының 24-күні Атыраудағы Дружба көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінің есігін бұзып кіріп тонаған және шымкенттік кәсіпкер әйелді өлтіріп кеткен қылмыстық оқиғаға осы үш жігіт тікелей қатысты деп санайды мемлекеттік айыптаушы тарап.

Сот отырысында прокуратура өкілі Данияр Әліпов, алдын-ала тергеу қорытындысы бойынша, бұл үшеуінің өздері жалдаған пәтер иесінің
Мемлекеттік айыптаушы Данияр Әліпов сот отырысында. Атырау, 3 желтоқсан 2009 жыл.
160 мың теңге ақшасын ұрлау, сондай-ақ көрші подъезде тұратын саудагер әйелдің есігін бұзып кіріп, оны балтамен кескілеп өлтіру және марқұмның 10 мың АҚШ доллары ақшасын иелену секілді бірнеше қылмыстық оқиғаларға қатысқан деп айыпталатындарын айтты.

Прокурор айыпталушылар Э.Жұмағалиев пен С.Ерғалиевке – кісі өлтіріп, ұрлық жасаған, ал Ә.Шығанбаевқа – қылмыстық істі жасырып, ұрлық жасаған деген айыптар тағып отыр.

Алдын-ала тергеу ісі бойынша бұл үшеуін айыптауға шілденің 23-інен 24-іне қараған күні жалдамалы пәтерде осы жігіттермен бірге көңіл көтерген өзбекстандық жеңіл жүрісті үш қыздың тергеушілерге берген куәлігі негіз болған.

Бойжеткендер полицияға берген куәліктерінде, осы үш жігіттің сол түні бірнеше сағатқа басқа жаққа кетіп қалып, қолдары мен үсті-басы қанға бөгіп оралғанын айтыпты.

Атырау облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық істер жөніндегі бастығы Амандық Мұқашев осы іс бойынша «күдікті ретінде ұсталған азаматтарға айып тағылып, істің дер кезінде прокуратураға өткізілгенін, істі тергеу барысында заңның сақталуына прокуратураның қадағалау жасайтынын» жергілікті баспасөз арқылы мәлімдеген болатын.

АЙЫПКЕРЛЕРДІҢ АШУ-ЫЗАСЫН ТУҒЫЗҒАН ТЕРГЕУШІ

Сотқа осы қылмыстық істің алдын-ала тергеуін жүргізген Әзиз Жұмағазиев те шақырылды. Оны көрген кезде айыпкерлер өре түрегеліп, осы тергеушінің өздерін қалай қорлағанын айтып, айқайлады.

Сот төрағасы Раиса Аққұлова сотталушыларға сұрақ қоюға рұқсат бергенде Саламат Ерғалиев тергеуші Әзиз Жұмағазиевқа: «Неге мені
Әзиз Жұмағазиев, ішкі істер басқармасының тергеушісі сотта жауап беріп тұр. Атырау, 3 желтоқсан 2009 жыл.
тыр жалаңаш шешіндіріп, артыма тоқпақты (дубинка) тақап, телефонға суретке түсіріп, интернет арқылы таратамын деп қорқыттың? Неге бізді ұрдың? Неге түнгі сағат 3-те шығарып алып, 72 сағат бойына басымызға пакет кигізіп «мына пышақтың сабын ұстаңдар» деп зорладың?» –деген сауалдарды жаудырды.

Бірақ полиция қызметкері өзінің ондай әрекеттер жасамағанын айтып, тергеудің қалай жүргені хаттамада жазылған дегенді алға тартты.

Айыпталушылар сотта хабарлаған тергеуші Әзиз Жұмағазиевтің іс-әрекеті жайлы Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі Гүлназира Мұхтарова: «айыпталушылардың ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына осы орайда жазған арызы қаралып тексерілген. Бірақ полиция қызметкері тарапынан ұрып-соғу фактілері орын алғаны расталған жоқ» деді.

СОТ БАРЫСЫНДА АЙЫПТЫҢ ТІГІСІ СӨГІЛЕ БАСТАДЫ


Сотқа берген жауабында айыпкерлер жалдаған пәтердің иесі Әлия Исламғазиева алдын-ала тергеуде жазылған арызынан бас тартты.

– Мен қазақша арыз жазғаным жоқ. Тергеушілер өздері жазды, себебі, қазақша жаза алмаймын, мен тек қол қойдым. Содан соң шағымымды кері алатыным, оларға кінә артпайтыным жайлы арыз жаздым, – деді сот ісіндегі басты куәгерлердің бірі Әлия Исламғазиева.

Сотқа шақырылған сарапшылар кісі өлімі болған үйдің есігіне жасалған сараптамада оның тергеу қортындысында жазылғандай сырттан емес, іштен бұзылғандығын нақтылады.

Айыпкерлердің ата-аналары балаларының жазықсыз екендігіне жайлы тағы бірнеше деректі алға тартады.

Олардың айтуынша, Атырауға жеке шаруаларымен келген бұл үшеуі шілде айының 17-сінен 22-іне дейін қаладағы үйлердің бірін алдымен бір жұмаға жалдаған. Содан соң 22-24 шілде аралығында басқа пәтерге көшкен.

Ал полицияға куәлік берген әлгі қыздар кейіннен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне келіп полицияның үстінен шағым түсірген. Шағымда қыздар полиция қызметкерлері оларды қорқытып куәлік бергізгенін, ұзақ уақытқа бөлек пәтерде қамауда ұстағанын айтқан.

Арыз жазған қыздар өздеріне қамаудан қашып құтылу мүмкіндігі туғанын да баяндап берген, дейді ата-аналар. Кейін ҰҚК бұл арызды сотқа жолдаған екен.

Бұл қыздардың бірі Зайнура Қалиева сот отырысына келіп, өзіне тергеушілердің қоқан-лоқы мен күш көрсету арқылы түсініктеме жаздырғанын да айтып берді.

АНАЛАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ПОЛИЦИЯ ТОҚТАТТЫ

Тергеу кезінде балаларының құқығы бұзылғанына, тергеу ісіндегі әділетсіздіктерге өз наразылықтарын білдірмек болған аналар желтоқсанның 9-күні қолдарына «Бізге әділдік пен шындық керек! Өтірік куәлік жасаушылар жазаға тартылсын!» деген жазулар ұстап, Атырау облыстық ішкі істер басқармасының қарсы бетіндегі Құрманғазы алаңына келіп, журналистермен кездесуді жоспарлаған еді.

Алайда оларға полиция қызметкерлері бөгет жасады.

– Құрманғазы алаңына журналистермен кездесуге келе жатқан бізді 5 машинамен келіп қоршап алған полиция қызметкерлері «Қолдарыңда жазу бар ма? Жазаға тартыласыңдар!» деген соң, қолымыздағы жазылған плакаттарды өртеп жіберуге мәжбүр болдық, – дейді аналар.

«ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ АҚША СҰРАП 101 РЕТ SMS ЖІБЕРДІ»

Айыпкерлердің бірінің анасы Саржан Есбосынова полиция күдікті ретінде әлгі үш жігітті тамыздың 19-да ұстаған соң, 3 күн бойы қамауда зорлық-зомбылық көрсеткен дейді.

– Тамыздың 19-22 аралығында балаларымызды қатты қорлаған. Санкцияны тамыздың 22-де берген, сотқа әкелгенде өз баламды өзім
Айыпталып отырғандардың бірінің анасының қол телефонында сақталған жазбаша хабарлама. Ол мұны өзінен ақша талап еткен полиция офицері жіберді дейді. Атырау, 9 желтоқсан 2009 жыл.
тани алмадым. Сол жолы бізге балаларымыз тергеу жүргізген полиция қызметкерлері өздерін қатты ұрып-соғып, тырнақтарының көбесіне ине сұғып, құлақтарын тесіп, өзгедей де азаптап, кісі өлімін мойынына алуды талап еткендерін айтып берді, – дейді Саржан Есбосынова.

Сондай-ақ, ата-аналар олардың әрқайсысынан істі жүргізген Ж. есімді облыстық ІІБ тергеушісі 200 мың теңгеден ақша сұрағанын айтады.

«Сонда 178-бапты (тонау) 175-бапқа (ұрлық) ауыстырып беремін деп уәде етті ол тергеуші», – дейді сотталушылардың аналары. Бірақ олар бұл ақшаны таба алмапты.

Соттағы айыпкерлердің бірі Эльдар Жұмағалиев – Қазақстанға Ресейдің Астрахан облысынан келген оралман. Анасы Ләйла Есенова баласын Қазақстанға алып келгеніне өкінетінін айтты:

– Елімізге барамыз деп бір қызым мен бір балам келіп еді. Енді осыдан аман шықса, кері Астраханға қайтарып жіберемін, – дейді ол.

Ләйла Есенова тергеу кезінде өздерінен пара сұрап ортада ІІД-ның қызметкері А. есімді әйелдің жүргенін айтады. Ата-аналар сол әйел: «балаларыңды ұрғызбаймын, үш күн шыдап отыра тұрса шығарып беремін» деп өздерінен тамыздың 19-ында 1000 доллар ақша алғанын айтады.

– ІІД қызметкері А. маған қол телефоныма ақша талап еткен 101 хабарлама (SMS) жіберді, түнімен телефон соқты. Егер тез арада 200 мың теңге тауып бермесеңдер, ертең сараптама қортындысы шығады, сонда сендердің балаларыңның киіміне өлген әйелдің қаны жұғылып, шашы табылуы мүмкін деп қорқытты. Біз ол әңгімені диктофонға жазып алдық, ал хабарламаларды сақтап отырмыз. Кейіннен барлығымыз жабылып жинаған 80 мың ақшаны алу кезінде басқа полиция қызметкерлері оны ұстап әкетті, – деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне Ләйла Есенова.

Қылмыстық тергеуде болған үш жігіттің ата-аналарының берген арызы бойынша осы жайтты тексерген ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі полиция капитаны Үмбет Сыдықов сот тергеушісі мен жауап алушының іс-әрекеттеріне қатысты тиісті қаулы қабылдаған.

Бұл жайды растаған облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі Гүлназира Мұхтарова: «Полиция қызметкері А. кезекті еңбек демалысында жүріп азаматтардан ақша алып жатқан кезде ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің іс-шарасы барысында ұсталды. Қазір қалалық сотта «алаяқтық жасады» деген айыппен оның ісі қаралуда. Тағы бір тергеуші Ж.-ға қатысты жүргізілген тергеу-тексеру амалдары оның мұндай әрекетке бармағанын анықтады. Сондықтан оның қылмысқа қатысы жоқ деген шешім шығарылды», – деген түсініктеме айтты.

ҮНСІЗ НАРАЗЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АУЫЗДЫ ҚАРА ШҮБЕРЕКПЕН ТАҢУ

Сот алдында жауап беріп отырған айыпкерлердің қорғаушысы Нұрлан Жолболовтың айтуынша, жігіттердің кісі өліміне қатысы
Атырау облыстық соты алқасының судьялары (солдан оңға қарай) Таңатар Сатайбаев, Раиса Аққұлова (төрағалық етуші), Мәтен Ерәлиев. Атырау, 3 желтоқсан 2009 ж.
жоқтығын дәлелдейтін айғақтар жетіліп артылады. Тіпті, басқасын былай қойғанда, саудагер әйелдің өлігі табылған пәтердің есігіне жүргізілген сараптама оның сырттан емес, іштен бұзылғанын көрсетіп отыр, дейді адвокат.

– Ал бұларды «балтамен іштен есікті бұзған» деп айыптайды. Немесе бұл үшеуін «таңғы сағат 5-те кетіп, таңертеңгі 8.30-да қолдары қан болып оралған» дейді. Ал сот тергеуі кезінде марқұм Н.Аманқараеваның 8.30-да әлі тірі болғаны, телефонмен сөйлескені анықталды. Сондықтан, қалалық және қол телефонына түскен барлық қоңырауларды анықтауға өтініш еткен едік, бірақ сот ол өтінішімізді ашық қалдырылды деп жариялап отыр. Ал қылмыстық істі қарау барысында жасалған өтініш не кері қайтарылады, не орындалады, ол ешуақытта ашық түрде ауада ілініп тұрмауы керек, – деп санайды адвокат Н.Жолболов.

Сондай-ақ адвокат сот ісіндегі айыптаулардың дәлелдік негізі жоқтығын айтады. Бірақ та сот төрешісі бірнеше рет айыпкер тараптың
Aйыпталушылардың қорғаушылары (солдан оңға қарай): Нұрлан Жолболов, Қанат Демесінов және Ақтолқын Балтабаева өздері келтірген айғақтарды назарға алмаған сотқа наразылық ретінде ауыздарын қара лентамен таңып алды. Атырау, 3 желтоқсан 2009 жыл.
уәжін қабылдамай кері қағып тастағанына қынжылыс білдірді.

– Сот үкімі күмәнсіз айғақтарға негізделген, объективті болуы шарт. Алайда қазіргі сот тергеуі барысы біздің көңілімізге күдік ұялатады. Өйткені, біздің жасаған өтініштеріміз, келтірген айғақтарымыз назарға алынбайды. Керісінше, бізге «сөйлемеңдер!» деп аузымызды жабады. Сондықтан өткен сот отырысының бірінде аузымызды қара шүберекпен байлап, наразылығымызды да таныттық, – деді адвокат Н.Жолболов.

Бірақ қорғаушы өздерінің бұл ісін сотқа қысым көрсету үшін емес, соттың объективті шешіміне қол жеткізу үшін жасалған әрекет деп түсіндірді.

Адвокат Нұрлан Жолболов өзінің қолында жігіттердің кінәсіздігін айғақтайтын дәлелдердің толық екеніне сенімді.

– Мен іспен айналыспас бұрын түрмеге барып, жігіттермен кездестім. Тек менің ішкі түйсігім ғана емес, істің құжаттары да олардың кінәсіздігін көрсетіп тұр. Сондықтан бар күшімізді салып әділдікке қол жеткізуге тырысудамыз, – дейді ол.

Қарашаның 4-күні басталған сот процесі әлі жалғасуда. Сотқа төрағалық етіп отырған Раиса Аққұлова сотқа қатысушы журналистердің ішінен тек «Хабар» арнасына ғана түсіруге рұқсат бергенін айтып, қалған журналистерге сот процесін бейнетаспаға жазуға немесе суретке түсіруге тыйым салды.
XS
SM
MD
LG