Accessibility links

Жастар ұйымына Атырау университетінде сауалнама жүргізуге мұрсат етілмеді


«Шаңырақ» бірлестігі филиалының жетекшісі Нұрлан Елеуов (сол жақта) пен қоғамдық комиссия үйлестірушісі, «Абырой» жастар ұйымының белсендісі Махамбет Әбжан (оң жақта) Атырау университеті ғимаратының есігі алдында. Атырау, 16 сәуір 2010 жыл.
«Шаңырақ» бірлестігі филиалының жетекшісі Нұрлан Елеуов (сол жақта) пен қоғамдық комиссия үйлестірушісі, «Абырой» жастар ұйымының белсендісі Махамбет Әбжан (оң жақта) Атырау университеті ғимаратының есігі алдында. Атырау, 16 сәуір 2010 жыл.

Жастар ұйымы құрған қоғамдық комиссия Атырау университетіндегі парақорлық туралы түскен шағымға байланысты сауалнама жүргізе алмады. Ал ректор бұл мәселеге қатысты Азаттыққа арнайы сұхбат берді.

ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ ҚҰРҚОЛ ҚАЙТТЫ

Сәуірдің 16-сы күні Атырау мемлекеттік университетіне келген қоғамдық комиссияның үйлестірушісі Махамбет Әбжан мен «Тәуелсіз интернет үшін!» қозғалысының белсендісі Дмитрий Щелоков студенттер арасында сауалнама жүргізе алмады.

Олардың айтуларынша, университет ректоры бұларды қабылдамапты. Махамбет Әбжан Атыраудағы «Студенттер альянсы» ұйымының жетекшісі Рафхат Бозболиев бастаған бір топ студенттер мен құқық органдары өкілдері қоқан-лоқы жасағандықтан бастамашыл топ Алматыға кері аттануға мәжбүр болғанын айтады.

Комиссияның тағы бір мүшесі Андрей Цуканов осы жаңалықты естіп, орта жолдан қайтыпты. Махамбет Әбжан «бұл істің тасасында, сөз жоқ, ректор тұр» деп есептейді. Алайда Рафхат Бозболиев оның айтқандарын жоққа шығарады.

Енді жастар ұйымы белсендісі студенттермен сауалнаманы Интернет арқылы жүргізуді шешіп отыр. Ол «Атырау университетінің ректоры орынынан алынуы керек» дейді.

РЕКТОРМЕН ӘҢГІМЕ

Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетов қоғамдық комиссия мүшелерін қабылдаудан бас тартса да, Азаттық
Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетов. Атырау, 10 сәуір 2010 жыл.
радиосы мен «Республика» газетінің тілшілерінің сұрақтарына жауап беруге келісті.

Бірақ, кездесу басында «өзінің құқығын білетінін» айтқан ректор мырза журналистерге әңгімені диктофонға жазуға рұқсат етпейтінін бірден ескертті. Әйткенмен, өз аузынан шыққан сөзді бұрмаламай беруді талап ететінін де қосып қойды.

– Сіз не себепті алыстан келген қоғамдық комиссия өкілдерін қабылдаудан бас тартып отырсыз?

– Оларды қабылдамаймын деп айтып отырғаным жоқ. Қазір уақытым жоқ. Мен, шетелдік ұғыммен айтқанда, басқарушы топ-менеджермін. Бүгін Наурыз мерекесін өткізіп жатырмыз. Содан соң Жеңістің 65 жылдығына орай іс-шараларымыз бар. Бұған қоса көшеттер отырғызуымыз керек. Өздері жүріп тексере берсін.

– Сіздің тыйым салуға мүмкіндігіңіз бар ма?

– Мен барлық студентке тыйым сала алмаймын.

– Сіз бұл комиссияны қалай бағалайсыз?

– Жалпы бұл комиссияны кім ұйымдастырып отыр? Кім оларға мандат берді? Бұндай жүйесіздік бола берсе, мен де «Алтай» деп аталатын қоғамдық комиссия құрып алып, барлық мекемелерді тексеруіме болады емес пе? Егер айтылған жағдай дәлелденсе ғана факт болып саналады. Тіпті, бір де бір мемлекеттік орган ресми орындардың рұқсатынсыз тексеру жүргізе алмайды. Өз басым «Абырой» деген бірлестіктің не екендігін білмеймін. Менің ойымша, олар баспасөз мәслихатын өткізбес бұрын алдымен жолығып, сөйлесулері тиіс еді. Ал олар бірден университеттің атына нұқсан келтірді. Тіпті, әлгі жастардың өз ұйымын «Абырой» деп атағаны менің намысыма тиеді. Біз намыс пен абыройдың арқасында жерімізді сақтап қалған ел емеспіз бе? Ал Махамбет Әбжан деген кім ол? Мен ол адамды мүлде танымаймын. Жалпы «ит үреді, керуен көшеді» деген мәтел бар емес пе? Сол керуеніміз – университет болып отыр.

– Кешіріңіз, сонда бұл жерде ит кім болғаны?

– Ит – осы хатты жазған адамдар.

– Сіз бәрін де жоққа шығарасыз ба?

– Біреуді «жемқор» деп атау үшін оны дәлелдеу қажет. Ал студенттер жатақханасына келетін болсақ, қай жерде тұруды әркім өзі шешеді. Қазір жатақханада 140 бос орын бар. Мұны жақында облыстық әкімшіліктен келген комиссия да растап кетті. Маған, мысалы, бөтен біреуді орналастырудан келер түк пайда жоқ. Ал сыбайластық туралы – егер құзырлы органдар біреуді ұстап алса, әңгіме қозғауға болар еді.

– Дегенмен кейбір мұғалімдер «студенттер оқығаннан гөрі сессиядан пара беріп өткенді тәуір көреді» дегенді айтады.

– Бұлай болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін.

– Жастар сізбен Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім департаментінің директоры Серік Өмірбаев сөйлесіп, қоғамдық комиссия мүшелерін қабылдауды тапсырғанын айтады. Жастардың бастамасын мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева да қолдапты. Бірақ сіз мұның біріне де құлақ аспадыңыз. Сізді сол үшін ешкім жазалмай ма? Ректорлықтан түсіп қалам деп қорықпайсыз ба?

– «Сізді жазалай ма, жоқ па» деген сауал тым ыңғайсыз. Мен оларды міндетті түрде қабылдау туралы ресми бұйрық алғаным жоқ. Ол маған айтылған жай ұсыныс еді, өтініш десек те болады. Мен Өмірбаевқа «уақытым болса, қабылдаймын» деп жауап бергенмін.

– Сонымен ашық хаттың қортындысы не болмақ?

– Егер кез-келген анонимге мән бере берсек, жұмысты тоқтатып қоюға тура келеді.

– Белсенді жастар ұйымы Қазақстанда ректорды әділ сайлау жүйесін енгізу туралы талап көтеретіндерін айтып отыр.

– Мен оны қолдаймын. Өзім де бір кездері Түркияда жұмыс істедім. Онда да ректор сайланады, бірақ президент бекітеді.

– Сіз ректор сайлауын өткізуді ұсынар ма едіңіз?

– Әрине, бұл – демократияландырудың бір құралы.

– Әңгімеңізге рақмет.
XS
SM
MD
LG