Accessibility links

Қытайға жер беру мәселесі жайында оппозиция биліктен нақты жауап алғысы келеді


Қазақ даласы. Шығыс Қазақстан облысы. Мамыр, 2008 жыл.
Қазақ даласы. Шығыс Қазақстан облысы. Мамыр, 2008 жыл.

Қытайға қазақ жерін беру мәселесіне қарсы наразылық митингісін өткізу туралы «Азат» партиясының бастамасына Қазақстанның Коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясы қолдау білдірді. Сарапшылар бұл мәселеге қатысты билік тарапынан ашық ақпараттың жоқтығынан қоғам қауесеттерге жүгініп отырғандығын айтады.


«ҚАЗАҚ ЖЕРІ ЕШКІМГЕ БЕРІЛМЕСІН!»

Қазақстанның оппозициялық саяси күштері сенбі, қаңтардың 30-күні Алматыда Қытайға қазақ жерін бермеуге үндеп, наразылық митингісін өткізбекші. Оппозиция Қазақстан үшін шетелге жер беру – ішкі саяси тұрақтылық үшін өте қауіпті деп отыр.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының осы митингті өткізу туралы үндеуіне қолдау білдірген Қазақстан
Тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козлов (сол жақта) және Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин. Алматы, мамыр, 2009 жыл.
Компартиясы мен ресми тіркелмеген «Алға» партиялары барша азаматтарды наразылық жиынына қатысуға шақырды.

Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин бұл шараның мақсаты осынау ел үшін аса маңызды мәселеге байланысты билікке нақты талап қойып, оған жауап алу екендігін айтады.

– Біздің алғашқы жазған мәлімдемеміздің өзіне Назарбаев құлақ асып, «жерді сатпаймыз» деп айтты. Бірақ та Назарбаевтың ондай уәдесіне сену қиын. Ол бүгін «сатпаймыз» дегенімен ертең жер сатылып кетуі мүмкін. Сол себепті, мәселені әбден пысықтау үшін біз халықты жинап, биліктің есіне салуды жөн деп ойлаймыз, – деді Серікболсын Әбділдин.

ЖЕР ДАУЫ

Былтыр желтоқсанның 4-күні Астанада шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы барысында президент Нұсұлтан Назарбаев Қытай Қазақстаннан соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар жер сұрағанын айтқан болатын. Бұл мәселе қоғамда пікірталас туғызып, Қытайға
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлігі «Қазақстан – Қытай» жобасының тұсау кесер рәсімінде. Астана, 12 желтоқсан 2009 жыл.
кез-келген формада жер беруге қарсылық танытқан қоғамдық ұйымдар саяси мәлімдеме жасап, Алматыдағы Қытайдың бас консулдығының алдында наразылық акциясын өткізді.

Желтоқсанның 23-күні Қазақстан президенті бас прокуратураға шетелдіктерге жер сатылады деген жалған ақпарат таратып жүргендердің бәрін жазалау туралы тапсырма беретіндігін мәлімдеді.

Арада бір апта өткенде бас прокуратура арандатушылық пен ұлтаралық дүрдараздықты қоздыруға қатысты және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін бірқатар фактілердің анықталғанын және ол материалдар құқық органдарына сараптама жүргізуге жіберілгендігін хабарлады.

«Нақты ақпаратты білмей және шын мәнісіндегі мәселені қасақана бұрмалап, арандату ниетіндегі тұлғалар, оның ішінде кейбір БАҚ-тарды пайдаланып қоғамдық тәртіпті бұзуға және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, көршілік қарым-қатынасқа нұқсан келтіруге әрекеттенді», – делінген бас прокуратура таратқан хабарламада.

Ал биылғы қаңтардың 20-күні Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов жергілікті әкімдерге Қазақстан жерін шетелдіктерге беру мәселесіне қатысты халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, көпшілікті оған қатысты қауесеттерге сенбеуге шақырды.

ШЫНАЙЫ АҚПАРАТТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ

Саясаттанушы Расул Жұмалы ресми биліктің өзі көтерген мәселеге байланысты әлі күнге дейін нақты ақпараттың жоқтығы қоғамда түрлі қауесеттің таралуына негіз болып отырғандығын айтады.

– Президент жердің сатылмайтындығын айтты, ендігі мәселе – жер жалға беріле ме, берілмей ме? Бұған толыққанды жауап жоқ. Наразылық білдірушілердің негізгі көтеріп отырған мәселесі де осы. Осындай түйткілді проблемалар бойынша шынайы ақпараттар жетіспеген күнде оның орнын бүгінгідей қауесеттер басады. Ал қауесеттерге жол бермеу үшін, оның ішінде арандату мәлімдемелері болмас үшін ең алдымен шынайы, айқын ақпарат керек, – дейді Расул Жұмалы.

Қазақстан Конституцияның 6-бабына сәйкес, Қазақстанда жер мен басқа да табиғи байлық заңмен бекітілген шарттар мен шектер негізінде мемлекет, сондай-ақ жекеменшік иелігінде бола алады. Қазақстанның Жер кодексінде тауарлы және ауылшаруашылық өндірісіндегі жер учаскелері мен орманды алқап жерлері шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке берілмейді деп жазылған.
XS
SM
MD
LG