Accessibility links

Дағдарыстың жағымды жағы – адам өзінің қолында барын бағалауды үйренеді дейді психологтар


Қазақстандық психологтар әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты республикада еңбекке қабілетті азаматтар ертеңгі күнге деген сенім мен тұрақтылық сезімін жоғалта бастаған айтады. Адамдардың күрделі жағдайдан өздігінше шыға алмауы қауіпті екендігін ескерткен мамандар оларға тегін жәрдем көрсететін психологиялық орталықтар ашуды ұсынып отыр.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында танымал неміс миллиардері Адольф Меркле пойыздың астына түсіп қаза тапты деген ақпарат тарады. Тергеушілердің деректеріне қарағанда, 74 жастағы бизнесмен, холдингтік компаниясы дағдарыс салдарынан көптеген миллиард шығынға ұшырағаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсаған.

Көршілес Ресей елінде де дағдарыс салдарынан өздеріне қол жұмсағандардың саны күрт өсіп отыр. 2009 жылдың алғашқы екі айының өзінде қаржылық ахуал салдарынан елде 100-ден астам суицид фактісі тіркелген.

Медиктердің болжамынша, алдағы айларда бұл көрсеткіш күрт өсуі ықтимал. Олар биылғы жылы өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының саны рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін екендігін ескертеді.

Әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде, өздеріне жиі қол жұмсайтын неврастениктер мен бақытсыз адамдарға жұмысынан айырылғандар да қосылады деген болжам жасалуда.

Әзірге Қазақстанда мұндай оқиғалар жиі болмаса да, өз ісінің ойдағыдай жүрмей жатқандығына қапаланып жүргендер аз емес дейді мамандар.

Осыдан жарты жыл бұрын шағын кондитерлік цех ашқан Османжан Сүлейменов бизнесінің алғашқыдағы аяқалысы жақсы болғанымен, дәл қазір тоқтап қалу алдында тұрғанын айтады.

– Қазіргі кезде сауда едәуір азайды. Дағдарыс кезінде көпшілік үнемдеуге көшеді, ал ол біздің жұмысымыздың пайдасына кері әсер етеді. Мен мәселен, несиемді төлеуім керек, оған қоса отбасымды асырауым керек. Ал егер жұмысым болмаса, менің ертеңгі күнім не болмақ? Бұндай жағдай тек менің ғана басымда емес, басқаларда да байқалып жатыр, – дейді кәсіпкер.

Ол өркендеуіне көп күш жұмсаған бизнесінің дағдарыстың кесірінен құрдымға кете ме деп күні-түні уайымдайтын болған.

Владимир Стебляноко, Қазақстан Республикасының психологтар қауымдастығының президенті. Алматы, 16 сәуір 2009 ж.
Осы орайда психолог мамандар Османжан сынды азаматтардың республика бойынша көбейіп отырғандығын айтады. Қазақстан Республикасының психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стебляноконың айтуынша, бұл салада ешқандай статистиканың жүргізілмейтіндігіне қарамастан, психологиялық күйзеліске ұшырап, мамандардың көмегіне жүгініп жатқандардың саны артып отырған көрінеді.

– Бүгінде тұрғындар арасында психологиялық проблемалардың өсуі байқалады. Бір айта кететін жайт – қазір бізге келетін азаматтардың проблемалары өте күрделі, – дейді Владимир Стебляноко.

Психологиялық дағдарысқа ұшыраған адам уайымшыл келеді. Ол өзін шарасыз әрі жалғыз сезінеді. Мұның бәрі агрессияға, күйзеліске, құлықсыздыққа, психосоматикалық дерттер мен өзге де ауыр науқастарға алып келеді дейді мамандар.

Осы ретте маман қазіргі таңда дағдарыстың өзі емес, адамдардың күрделі жағдайдан өздігінше шыға алмауы қауіпті екендігін ескертеді. Психолог Зүбайда Кененбаеваның айтуынша, дағдарыс әркімге әртүрлі әсер етеді, сондықтан одан шығу барысы да әрқалай.

– Психологиялық дағдарыстан шығу әр адамның өз қолында. Егерде ішкі психологиялық энергиясы, санасы мен жігері жетіп жатса, онда ол адам қандай қиындықтан болсын өз бетімен шығып кетеді. Ал егерде ол қасиеттер әлсіз болса, әрине, өздігімен шыға алмайды бұл жағдайдан. Сондықтан, міндетті түрде маманның көмегіне жүгінуі керек, – дейді психолог.

Сондай-ақ, мамандар қазіргі таңда әлемдік дағдарыс тек үлкендерге ғана емес, жастарға да әсер етіп жатқандығын айтады.

Айгүл Садықова, психолог, салауатты өмір салты орталығының жетекшісі. Алматы, 16 сәуір 2009 ж.
Алматыдағы қалалық студенттер емханасында психолог кабинетін басқаратын Айгүл Садықованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда отбасының әлеуметтік жағдайынан ұялып, құрбы-құрдастардан «қашып» жүретін жастар бар екен.

– Жақында маған биыл ғана оқуға түскен бойжеткен келді. Айтуынша, ол Тараз қаласында мектепті жақсы бітіріп, Алматыға оқуға түскен. Бірақ, мұндағы жоғарғы оқу орны аса беделді болмаған соң, ол өз таныстарымен араласпауды жөн санайды екен. Бойжеткен бұл жағдайды ата-анасына ашық айта алмайды, өйткені олар көңіліне алып қалуы мүмкін. Ал ішінде сақтайын десе «тұншығып» барады, – дейді маман.

Бірнеше сеанстан кейін сабасына түскен бойжеткен бар проблеманың тек өзінде екендігін ұққан. Мамандар ақша – адамның ең басты құндылығы болмауы тиіс екендігін айтады.

Айта кету керек, Алматыдағы студенттік емхананың ішінде студент жастарға тегін психологиялық көмек көрсететін кабинет бар. Алайда, ол аздық етеді дейді мамандар.

Алматыда психологиялық кеңестің 1 сағаты орта есеппен 5 мың теңге ($1=151 теңге) тұрады. Ал кей жерлерде ол 17 мың теңгеге дейін жетіп жатады. Олар науқасты емдеу курсы 10 сеанстан кем болмауы керектігін де айтады.

Мамандардың айтуынша, депрессияға ұшыраған адамдардың 70 пайызы тығырықтан өзі шыға алады екен. Қалған 30 пайызына психологтардың көмегі қажет.

Қазақстан Республикасының психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стебляноконың пікірінше, жер-жерлерде арнайы психологиялық орталықтар ашылып, олар тұрғындарға тегін көмек беруі керек.

Бірақ психологтар тегін жұмыс істемеуі керек, оларды мемлекет қаржыландырып отыруы керек деп санайды маман. Себебі, дағдарыс психологтарды да қыспаққа алған.

Жалпы, мамандар дағдарыстың жағымсыз ғана емес, жағымды жағының да бар екендігін айтады. Ол – дәл осы кезде адам өзінің қолында барын бағалауды үйренетіндігі.

Әр адам өзінің жеке тұлға екендігін ұмытпағаны жөн, сонда ғана ол өзін жоғалтпай, мәнді де маңызды өмір сүруді үйренеді дейді психолог-мамандар.
XS
SM
MD
LG