Accessibility links

Қазақстан дипломаты Британия астанасының қазынасына 10 мың фунт стерлинг берешек


Лондондағы шетелдік елшілер көлік қою ережелерін тұрақты түрде бұзып келеді және жазып берген түбіртек бойынша айыппұл да төлемейді. Қасақана ереже бұзушылардың арасында Судан, Египет, Сауд Арабиясы мен Ауғанстан елшіліктерінің қызметкерлері бар.

Лондонның орталық аудандарындағы заңсыз көлік қойғандары үшін шетелдік дипломаттар төлейтін айыппұл сомасы соңғы төрт жылда 1,5 миллион фунт стерлингке дейін өсіп кеткен, — деп хабарлайды британдық Telegraph басылымы.

Басылымның жазуынша, елшілікке тиесілі көлік жүргізушілерінің 60 пайызы дипломатиялық басымдылығын пайдаланып айыппұл төлемейді екен.

Ең өрескел заң бұзушылардың арасында Судан, Египет, Сауд Арабиясы мен Ауғанстан елшілері бар. Атап айтсақ, Судан елшілігінің жүргізушілері британдықтардың қазынасына 2004 жылдан бері 811 айып түбіртегі бойынша 80 мың фунт қарыз болған.

Жүргізушілер арасында «чемпион» болған Суданға тиесілі қара түсті «Тойота Авенсистің» жүргізушісінің атына 37 мың фунтті құрайтын 349 айыппұл түбіртегі жазылған.

Сауд Арабиясына тіркелген көліктің жүргізушісі 182 түбіртек бойынша 15 мың фунт қарыздар болса, ауғандық екі елшіге 271 рет айыппұл салынған, олардың берешегі 30 мың фунт.

Олардан кейінгі орында 60 мың фунт тұратын «S класты Мерседес» мініп жүрген Гвинея елшісі тұр, оның қарызы 111 айыппұл бойынша 11 мың фунтқа жеткен. Ал «С класты Мерседестің» иесі египеттіктердің қарызы 10 мың фунт.

Дәл осындай сомадағы қарыз 55 мың фунт тұратын «БМВ-мен» жүрген Қазақстан дипломатының да мойнында жүр, оның айыппұл түбіртегінің саны — 105.

Көлік қою ережесін бұзу Түркия, Ливия мен Грузия елшіліктерінің өкілдерінде де кездесіп қалады.

Лондонның орталық бөлігінің әкімшілік қызметтерін атқаратын Вестминстерлік кеңес шетелдік дипломаттарды өздері қызмет істейтін мемлекеттің заңын құрметтеуге шақырады. Кеңес өкілінің пікірінше, елшілер өздерінің қол сұғылмайтын құқыларын жол ережесін бұзуды ақтауға пайдалануларына болмайды және айыппұлдарын төлеулері керек.

«Кеңес дипломатиялық іс-әрекеттерді «шетелдік державалар өкілдері дипломатиялық басымдылықтарын пайдалана отырып, тұратын елдерінің заңына бағынуы тиіс» дейтін Вена Конвенциясы шартымен қатаң қадағалауы керек», — дейді кеңес өкілі.

XS
SM
MD
LG