Accessibility links

Тарифтің көтерілуіне не себеп?


Оңтүстік Қазақстанда электр қуатының тарифі қымбаттамақшы. Облыс тұтынушыларын энергияның бұл түрімен қамтамасыз ететін екі компания «Оңтүстік Қазақстан» газетіне екі түрлі хабарландыру беріпті.

Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментіне арнайы барғанымызда, олар мұндай екі түрлі хабарландырудың шыққанын бізден естіп білді. «Энергопоток» ЖШС-іне телефон соғып, «сіздер неге 11-тамыздан 9,27 теңге деп бергенсіздер, дереу «Оңтүстік-жарықтың» тарифімен бірдей етіп, 9,04 теңге деп көрсетіп, газетке тағы да хабарландыру беріңіздер» деп жатты. Энергетиктер болса өздері берген хабарландырудағы бағаның 9,27 теңге болып көрсетілгенінен хабарсыз болып шықты.
Бағаның тарифі неге, қалай сүйеніп шығарылады? Бұл жерде біз бір мәселеге бірнеше көзқарасты байқадық. Алдымен Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының Электр қуаты және жылу саласын реттеу және басқару бөлімінің бастығы Сәрсен Егембердиевке жолықтық:
Сәрсен Егембердиев; Жекеменшік нысандар өздерінің жарғысы аясында жұмыс істейді, біздің оған араласымыз жоқ.
- Жекеменшік нысандар өздерінің жарғысы аясында жұмыс істейді, біздің оған араласымыз жоқ. Біздің талап етеріміз, реттейтініміз, бақылайтынымыз бір ғана мәселе – олардың электр энергиясын қайдан әкелсе де өндіріс пен тұрғындарға қажетті көлемде жеткізіп беріп тұрғаны.
Өзіміздегі ішкі энергия көздері – Шардара ГЭС-і мен 3-Жылу энергетикалық орталығы барлық қуатымен істеп тұрғанда да осы қажетті көлемнің 45-48 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Қалған бөлігін Жамбыл ГРЭС-і мен Екбастұз электр стансаларынан аламыз. Әдетте жаздың күні бу шығармауы себепті 3-ЖЭО, Сырдарияда су деңгейінің азаюы себепті Шардара ГЭС-і өзінің жарты қуатына ғана жұмыс істейді. Оның үстіне, еліміздің теріскейінен келетін электр желісінің жаз айында бір ай жоспарлы жөндеуге тұратыны да бізде энергия тапшылығын туғызады. Бір ай бойы солтүстіктен 1 квт та энергия алынған жоқ. Сондықтан еліміздегі ең қымбат жамбылдық энергияны көбірек сатып алуға мәжбүрміз. Оның 1 квт-ының бағасы бүгінгі таңда бізге 6,67 теңгеге түсіп отыр. Сонда жалпы сатып алынып отырған электр қуатының бағасы қазір 10,55 теңгеге жетті. Оған ішкі энергия көздердің бағасы, тасымалдаушы мекемелердің, басқа жалпы шығындар кіреді. Ал, монополияға қарсы мекеменің бекітіп берген бағасы 7,73 теңге. Сол себепті облысты электр қуатымен қамтамасыз ететін жоғарыдағы екі компания бір ай ішінде 1млрд.теңге көлемінде шығынға ұшырады.
Енді тарифтің өсуі жайлы. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі ОҚО департаментінің басшылары жағдайды дұрыс түсінсе екен. Электр энергиясының бағасын жабдықтаушы екі мекеме өз еркімен көтере алмайды. Бағаның көтерілуінің бірден-бір себебі – электр энергиясының өзіндік құнының өсуінен. Ал, оның себебі электр энергия алынатын отынның – газдың, мазуттың, көмірдің бағасының өсуінен. Бұл – тікелей мемлекет өз деңгейінде араласып, шешетін мәселе.
Солтүстіктен келер энергияны тасымалдау желілері барлығы 630 мегаватт қана энергия сыйғыза алады. Оның ішінде КЕГОК-тың квотасы бойынша бізге тиесілісі – 90 мегаватт. Қалғанын өзге үш облыс бөліп алады. Енді осы желіге параллель екінші желі құрылысы басталды. Сонда желінің сыйымдылығы екі есеге өседі. Ол алдағы екі-үш жылдың еншісінде шешілетін шаруа.
Бізде алдағы уақытта Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінен қуаты 52 мегаватт және Төлеби ауданындағы Майдамтал өзенінен қуаты шамамен 100-120 мегаватт шағын су электр стансалары каскадтары салынады.
Бәйдібек ауданынан жел қуатының шамасын, әлеуетін бағалайтын бағандар орнатылып, тиісті өлшемдер жасалды. Алдағы уақытта австралиялық мамандар көмегімен облысымызда 6 жерден жел электр энергиясын өндіретін стансалар салынады. Ал, Кентау қаласының маңынан Үндістандық компания салған екі жел энергия қондырғысы істемей тұр. Істемейді деп біз оның құрылысы басталмай тұрып-ақ ескерткен болатынбыз. Жекеменшік компаниялар еді, ақшалары желге ұшты.1 мегаватт жел электр энергиясын беретін қондырғының құны 1 млн.доллар тұрады. Сондықтан, бұл іске әбден дайындалып алмай іске кірісуге болмайды. Олардан бөлек бұрынғы фосфор зауытының маңайынан оңтүстік кореялықтар қуаты 300 мегаватт көмір электр стансасын салмақшы. Мемлекетаралық келісімшартқа қол қойылды.
Осы арада мемлекет араласқан тағы бір іс бар. Әңгіме үкіметіміздің өткен жылғы 27 желтоқсанда шығарған 1168 нөмірлі қаулысы жайлы. Ол қаулы бойынша солтүстіктегілер бізге электр қуатын 2,48 теңгеден артық бағаға сата алмайды. Өздерінің өңіріндегі өзге тұтынушыларға еркін бағамен, 3,30 теңгеден сатады, ал оңтүстікке келгенде әлгіндей жағдай. Біз, оңтүстіктің азаматтары, бұл қаулыны күнгей мен теріскейдің арасында түсінбеушілік қана тудыратын қадам деп бағалауға мәжбүрміз. Кім өзінің өнімін ойындағысынан төмен бағамен сатқысы келеді дейсіз? Сондықтан қазір олар бізбен биылға келісімшарт та жасамай қойды.
- Сонда желінің сыйымдылығының аз-көптігінде емес қой әңгіме?
- Иә. Бізге жаз айларында 90 мегаватт қажет те емес, 50-60 мегаватт та жетеді. Өйткені, біз мемлекетаралық келісім-шарттарға сәйкес жаз айларында Сырдария суын реттеуге байланысты электр қуатын Қырғызстаннан сатып алуға мәжбүрміз. Оның бағасы 6,67 теңге. Жамбыл ГРЭС-інен де осы бағамен сатып аламыз. Қазір Жамбыл ГРЭС-і тоқтап тұр. Екеуінен алынар электр қуатын қырғыздардан алып жатырмыз. Солтүстіктен келер энергияға әлгіндей шектеу болмаса біз алдымен солардан сатып алар едік.
- Сонда үкіметтің қаулысы кімнің мүддесін қорғау үшін шығарылған?
- Қаулы оңтүстіктегі төрт облысқа энергия беретін Жамбыл ГРЭС-ін жұмыс істетіп тұру үшін қабылданған болуы керек. Өйткені, ол кеңес кезеңінде еліміздегі ең ірі стансалардың бірі еді. Газ бен мазут ол кезде арзан болатын. Ал, стансаның бір ай жұмыс істемеуі мемлекетке 200 млн.доллар шығын әкеледі. Қондырғыларды арзан көмір шикізатына ауыстыруға тағы болмайды. Оны ауыстырғаннан жаңа станса салған оңай.
- Яғни мемлекет оны тұтынушылардың есебінен ұстап отыр?
- Солай...
- Соңғы бес жылда электр қуатының бағасы орта есеппен 1 теңгеге көтеріліп отырыпты. Бұл жөнінде халықтың пікірі қалай, оны зерттеп, есепке алып отырасыздар ма?
- Әрине! Әнеукүндері энергия жетіспей, веерлі өшірулер болған кезде күніне кемі жүз адам қоңырау шалған шығар маған! «Біз бірер күн шулар едік те қояр едік қой, бірақ сіздер неге киловатын он теңгеден болса да бағаны тұрақтандырып, бұл мәселені біржолата шешіп тастамайсыздар» дейді көбі. Біздің де мақсатымыз осы – бағаны тұрақтандыру. Баға тұрақты болмаса инфляция тоқтамайды. Ал, оның жалғыз ғана жолы бар – ол электр қуатын беретін отын көздерінің мәселесін шешу. Шешу – мемлекеттің қолында.
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО департаменті Техникалық реттеу бөлімінің бастығы Гүлмира Жексембаева ханым «бағаның өсуі облысқа сырттан - Екібастұздан келетін энергияның 2,12 теңгеден 2,48 теңгеге, Тараздан келетін энергияның 4,50 теңгеден 6,67 теңгеге өсуімен ғана байланысты» дейді. «Оңтүстік жарық» пен «Энергопоток» энергиямен жабдықтаушы мекемелер, олардың жабдықтау үстемесі сол бұрынғы 0,35 тиын күйінше қалды. Тасымалдаушы мекеме – «Оңтүстік жарық транзит». Барлық подстансалар, желілер, оларды жөндеу соған қарайды. Ал, оның мамандары тарифті өзгертер кезде әлгіндей шығынның бәрін тарифке енгізеді. Және өз есептеулерін негіздеу үшін тәуелсіз энергетикалық сараптама компанияларына да жүгінеді. Қызмет құны 2000 АЕК-тен км болған жағдайда баға ұсынысымен, одан көп болған жағдайда тендер жарияланады. Бұның бәрі заңмен реттеледі. Бірақ, бүгінгі жағдайда олардың қызметінің бағасының өсуі тікелей сатып алынатын электр қуатының бағасымен ғана байланысты, басқа көрсеткіштер өзгерген жоқ.
Бұл қағаз жүзінде. Өмірде де солай ма? Өмірде байқауды ұтқан компания сол ұтқандығы үшін энергетиктердің ыңғайына жығылып, оларға қандай негіздеме керек, солай жазып береді дейді, мамандар.
«Ең сорақысы бұл да емес, - дейді осындай тәуелсіз компаниялардың бірі, «Қуатсараптама» ЖШС-нің директоры Бәттал НҰРМАХАН мырза:
Бәттал Нұрмахан:"Оңтүстік жарық" өзінің ішінен "Кернеу" деген ЖШС ашып қойған
– Бір маман Оңтүстікте ашылған он шақты осындай компаниялардың бірнешеуінде жұмыс істеп жүре береді. Ал, ең жаманы, сол Жылуэнергоорталығында қызмет істейтін Бейсенбаев немесе Сейсенбаевтың тәуелсіз сараптама серіктестігінде де қызмет ететіндігі. Мысалы, «Оңтүстік жарық» өзінің ішінен «Кернеу» деген ЖШС ашып қойған. Ал, біздің ойымызша, барлық тәуелсіз компанияларға тапсырысты мемлекет беруі тиіс, ақшаны да сол төлеуі тиіс. Тәуелсіз сараптама компаниясы осылайша есебінің дұрыстығына мемлекет алдына жауап беруі тиіс. Госэнергонадзор секілді мекемелер осы сараптама компаниясының есебін негізге алып өзінің қаулысын шығара береді. Басқа облыстарда бұндай заң бұзушылық жоқ, бұндай жағдай тек біздің оңтүстікте ғана...Әр жылғы техникалық байқау өтерде трансформатор жұмысқа жарамды деп қорытынды берген тәуелсіз сараптама компаниясы тарифті көтерер кезде сол трансформаторды жұмысқа жарамсыз деп жазып бере береді дейді ол.
XS
SM
MD
LG