Accessibility links

Жәкішевтің бауыры «Қазатомпром» ісінде ҰҚК-нің төрағасының жеке мүддесі бар дейді


Ермек Жәкішев, тұтқындағы Мұхтар Жәкішевтің бауыры.
Ермек Жәкішев, тұтқындағы Мұхтар Жәкішевтің бауыры.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президентінің бауыры Ермек Жәкішев өз мәлімдемесінде ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевты істі қолдан ұйымдастырды деп айыптады. ҰҚК баспасөз-қызметі бұл айыптауды жоққа шығарды.


ШАБДАРБАЕВ ЖӘНЕ УРАН КЕН ОРНЫ

- Ермек мырза, Мұхтар Жәкішевтің қудаланып, тұтқындалуына байланысты сіз «жеке бас пайда мүддесі» және «кәдімгі реніші» бар деп ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдрбаевты айыптайсыз. ҰҚК төрағасын бұлай айыптау үшін сіздің нақты дәлеліңіз бар ма?

- Біз Мұхтармен күн сайын араласып тұратынбыз. Менің сол кездегі айтқаным мен қазір қайталап айтып отырғанымды Мұхтардың өз аузынан естігенмін.

- Ендеше бізге сол оқиға жайында айтып берсеңіз...

- Шамамен осыдан екі жыл бұрын әңгімелескенімізде Мұхтар ҰҚК-нің жаңадан тағайындалған төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың телефон шалып, «Қазатопром» компаниясы жұмыс істеп жатқан уран кен орындарының бірін оған беруін сұрағанын айтты. Ол кезде әңгіме нақты бір уран кен орны жайында болмаған. Мұхтар мұндай өтінішке қатты таңданып, кеніштердің оған емес, мемлекетке тиесілі екендігін айтады.

Бірақ, қалай болғанда да бір кенішке ие болғысы келсе, онда бұл мәселе бойынша тікелей президенттің өзіне шығу керектігі жайында кеңес береді. Сол кезде, Мұхтардың айтуынша, Шабдарбаев әңгіменің қайда өрлеп бара жатқандығынан қорқып, одан бұл өтінішін ұмытуды сұрайды. Міне, болған-біткені осы. Бірақ, әңгіменің барлығы осыдан соң басталды.

- Нақты қандай әңгіме басталды Ермек мырза? Әңгіме 2007 жылы болған оқиғалар жайында ма?

- Осымен барлығы біткен сияқты болған. Бірақ, арада екі ай өткен соң Татьяна Квятковская Мұхтарға қатысты белгілі мәлімдемесін жасады. Тағы бір айдан соң «Қазатомпромға» тексеру сау ете қалды. Және де салық қызметкерлері, қаржы бақылаушыларынан бөлек тексеруге, неге екені белгісіз, ҰҚК да қатысты. Тек сол кезде ғана Мұхтар бұның барлығы Шабдарабаевтың қастығы екенін айтты. Өйткені, барлық жерде ҰҚК-нің жасырын ізі байқалды.

Сіз олардың тәсілін өте жақсы білесіз ғой. Олар ешқашан өздерін таныстырмайды, қызметтік куәліктерін көрсетпейді. Бірақ, «Қазатомпромда» қақпадан өтудің тәртібі қатал. Сондықтан, комитеттегілер де қызметтік куәліктерін көрсетуге мәжбүр болған.

Содан соң Мұхтардың сол кездегі орынбасарларының бірі ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы емес пе. Ол өзінің қызметін жақсы біледі.

- Сіз Нартай Дүтбаевты меңзеп отырсыз ба? Айтпақшы, Дүтбаевты Мұхтар Жәкішев орынбасарлыққа өзі алды ма?

- Бұл жерде жағдай өзгешелеу қалыптасты. Өйткені, Нартай жұмыссыз қалды. Содан соң президент Мұхтарға оны өзіне жұмысқа алуын өтінеді.

- Ермек мырза, «Қазатомпромның» кейбір жауапты қызметкерлерінің айтуынша, Жәкішев пен Дүтбаевтың арақатынастары жаман болмаған сияқты. «Қазатомпромның» жаңа басшылығының Дүтбаевты вице-президент қызметінің қысқаруына байланысты 7 тамыздан бастап жұмыстан босатуы да осының бір дәлелі іспетті. Өкінішке қарай, Азаттық радиосына онымен байланысудың сәті түспеді.

- Иә, мен білемін. Бірақ ол жұмыстан осыған дейін кетіп қалған. Менің білуімше, ол өзіне кезекті еңбек демалысын беруді және одан ары жұмыстан босату туралы өтініш жазған.

- Жақсы, Ермек мырза, алдыңғы тақырыбымызға қайтып оралсақ. Шабдарбаевтың өтінішін орындамаған соң сіздің бауырыңызға қатысты нақты қандай әрекеттер басталды?

- Жарты жылдан соң Мұхтар маған Шабдарбаевтың сол бір телефон әңгімесін ұмытпағанын айтты. Шабдарбаев Мұхтарды әшкерелейтін әлдебір материалдарды жинап, президентке кірген. Бірақ, президенттің тарапынан өзінің бастамасына қолдау таппаған.

Алайда, кейінірек белгілі болғандай, Шабдарбаев бұл жайында ұмытуды ойламаған да болып шықты. Керісінше, ол менің бауырыма қатысты әшкерелеуші материалдарды бұрынғыға қарағанда да өршелене жинап, реті келгенде мемлекет басшысына беріп отырған. Президентке оның қандай материалдар ұсынғанын нақты айта алмаймын.

Бірақ, ақыры тексеруге рұқсат алып тынады. Бұдан не шыққанын қазір біз көріп отырмыз. Шабдарбаев Мұхтарды әшкерелейтін керемет бір материал тауып алды деген ойдан аулақпын. Бірақ, қолында билігі бар адам қажет деп тапса өтірік дәлелді де іске қоса алады.

ҰҚК МЕН БАС ПРОКУРАТУРА

- Ермек мырза, сіз мәлімдемеңізде прокуратура органдарын да түйреп өтіпсіз. Бұл жерде Бас прокуратураның қатысы не?

- Түсінесіз бе, менің туған бауырым Мұхтар Жәкішев қандай да бір әділ тергеу мен сотқа үміт арта алмай ҰҚК зынданында отыр. Мен тағы да қайталап айтамын, ҰҚК мәлімдегеніндей тергеу абақтысында емес, дәл сол зынданда отыр.

Ақпараттық тосқауыл, білікті заңгерлік көмек алу құқынан айыру, туыстарымен кездесуге тиым салу, осы іске аздаған қатысы бар адамдарды - достары мен туыстарынан бастап, тәуелсіз журналистер мен адвокаттарды қорқыту жағдайлары айдан анық көрініп тұр.

Айтпақшы, мен білімім бойынша заңгермін, заң ғылымының кандидатымын. Шынымды айтсам, мен бұны бауырыма жасалған психологиялық қысым деп есептеймін. Бұл жүгенсіздіктің барлығы жұртшылықтың, заңдылық пен азаматтардың құқын қорғайтын прокуратураның көз алдында жасалып отыр.

Менің бауырымның ісіне келгенде заңға соншалық немқұрайды қараудың себебі неде? Барлығы оп-оңай түсінікті. Қазір елде азуын айға білеген ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа қарсы шығуға ешкімнің батылы бармайды, оның ішінде Бас прокуратураның да.

Прокуратура өз азаматтарының мүддесін қорғайтын органнан ҰҚК қызметкерлерінің жасап жатқан барлық заңсыздықтарын ақтап алатын осы ұйымның бір департаментіне айналып кеткендей әсер қалдырады.

Ендеше, заңды қорғау құқығы – конституциялық норма екендігін еліміздің басты қадағалау органындағы мырзалардың барлығы бірден ұмытып қалғанын, қорғаушының мемлекеттік құпияларға кіру рұқсаты ҰҚК-нің ешкім білмейтін мекемеішілік құжатында жазылғанын қалай бағалауға болады?

Демек, әлдебір мекемеішілік нұсқаулық Конституцияның негізгі мағынасы мен постулаттарын сызып тастайды ғой.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВПЕН ДОСТЫҚ

- Сіз мемлекет басшысы Мұхтар Жәкішевке қатысты және «Қазатомпромда» не болып жатқанын білмейді деп ойлайсыз ба?

- Мен мемлекет басшысы барлығын жақсы біледі деп ойлаймын. Егер президент білмейтін болса, Мұхтарды дәл осылай оп-оңай тұтқындай алмас еді деп ойлаймын. Басқасын айтпағанда, «Қазатомпромнан» Мұхтар Жәкішев емес, Владимир Школьниктің келіп отырғанын ол көреді ғой.

Бірақ, мен сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Меніңше, бұл жерде ең алдымен Амангелді Шабдарбаевтың жеке бастамасы тұрған сияқты. Өйткені Шабдарбаевтың жеке бас пайдасының мүддесі, жеке себебі бар. Содан кейін Мұхтарға ренжігені тағы бар.

- Ермек мырза, баспасөз бен талдаушылар сіздің бауырыңыз Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуын оның екінші бір Мұхтар - Әблязовпен бұрыннан бері келе жатқан жақын достығымен байланыстырады. Ал сіз...

- Сөзсіз! Сөзсіз байланысы бар. Мен талай нәрсені айтып берер едім. Мен көп мәселені білемін. Бірақ, Қазақстандағы қазіргі атмосфера, елде бүгін болып жатқан оқиғалар ешқандай ақылға сыймайды.

Мен қазір елде тіпті елестетуге болмайтын бір нәрсе болып жатыр ма деп қорқамын. Меніңше, әлдебір шағын топтың жеке бас пайдасы үшін бүкіл мемлекеттің мүддесін бетперде етуде. Мысалы, дәл сол банктерді басып алуды айтсақ. Міне, Мұхтар Жәкішевті қамап қою арқылы елдегі әлемдік деңгейдегі бірден бір ұлттық компанияны басқарусыз қалдырды.

Владимир Школьник... Ол әзірге қызметін тоқтатпай, жұмыс атқарып жатқан компанияның жетекшісі емес. Бұл компанияның жаны сірі. Ол әлі бұрынғы күш-қуатымен екі-үш жыл өмір сүреді деп ойлаймын. Содан соң, қирап қалуы мүмкін.

Бұл компанияның мүддесін, проблемасын күнделікті ойлаған бір адам бар болса, ол – Мұхтар болатын. Ол бүкіл елдің мүддесін ойлап өмір сүрді.

Ол тек осы компанияны көтеріп, алға жылжытуды ғана ойлады. Мен Мұхтардың ұшақтарда өмір сүргенін білемін. Ол балаларын көрген емес. Біз онымен тек әуежайға бара жатқанда, келе жатқанда ғана әңгімелесіп, араласатынбыз.

Иә. Сөз жоқ, менің сөзімде эмоцияның ұшқыны бар. Мүмкін менің бұл сөздерім сәл субьективті болып шығатын шығар. Қалай дегенмен мен Мұхтардың туған бауырымын ғой. Бірақ мен өзімнің көзіммен көріп, құлағыммен естігендерімді ғана айтып отырмын.

УРАН КЕНІШТЕРІ

- Ермек мырза, солай болса дағы сіз бауырыңыздың ісін қалай сипаттайсыз?

- Сөз жоқ саяси іс деп есептеймін. Бұған дәлел ретінде мен бірқатар мысалдар келтіре аламын.

Егер бұл саяси іс болмаса, онда мына жағдайларды қалай түсіндіруге болады? Бізде әзірге куәлар қамалмайды ғой. Олар еркіндікте жүреді. Егер комитеттегілер «Қазатомпромның» бұрынғы вице-президенттерін куәгерлер десе, онда ҰҚК неге оларды әлдебір құпия пәтерлерде тығып ұстайды? ҰҚК оларды кімнен жасырып отыр? Бұл - бірінші.

Екіншіден. Мен өзім 20 жыл тергеуші болып істедім. Республика ІІМ тергеу бас басқармасының бастығы болдым. Өзім 10 жыл бойы тергеуші болдым. Бұның барлығы қалай жасалатынын мен жақсы білемін.

Мен саяси емес процестер мен тергеулерді жүргіздім. Кәдуілгі қылмыстық істер: жымқыру, талан-таражға салу, асыра пайдалану... Міне олар өз қалаулары бойынша ақпаратқа да, адвокатқа да қол жеткізе алатын. Адвокаттар өздері қорғайтын адамдарға тіпті менен сұрамастан келе беретін. Мен тіпті олардың абақтыға келетін, келмейтіндігін де білмейтінмін. Бұл оның ісі, міндеті.

Ал Жәкішевтің ісінде барлығы да ҰҚК тергеушісінің жіті назарында. Сіз бұның барлығын түсінесіз бе?

Біздің негізгі постулатымыз бойынша адам өзіне қорғаушыны өзі таңдай алады ғой. ҰҚК тарапынан тағайындалған емес, қорғаушыны өзі таңдайды. Бұл - құқықтық мемлекеттің негізгі принципі.

Міне, сондықтан да осы болып жатқан оқиғалардың барлығы менің бауырым Мұхтар Жәкішевтің ісінде саяси сипат бар деп айтуға дәлел болады деп ойлаймын. Міне, осы себепке байланысты ол қорғану, ақпарат алу, туыстарымен және жақындарымен кездесу құқынан айрылған деп есептеймін.

Және әділетсіз, бұрмаланған тергеуден соң Мұхтарды дәл осындай сот күтіп тұр. Сондықтан, менің бауырымды адам, менеджер, тұлға ретінде сенімнен шығаруға әрекеттеніп жатыр деп Амангелді Шабдарбаевты айыптаймын.

Егер сіз назар салып байқасаңыз, соңғы кездері дәл осы Шабдарбаевтың келуімен процестер жабық түрде өте бастады. Оған дейін біздің елімізде мұндай процестер ешқашан болған емес.

- Өзіңізге белгілі, Мұхтар Жәкішевке Мұхтар Әблязовпен бірге құрған оффшорлық компаниялар арқылы бірқатар уран кен орындарын иеленіп кетті деген айып тағылуда. Биліктегілер уран кен орындарының 70 пайызын шетелдіктерге беріп қойған дейді. Бұл айыптауларға байланысты сіз бір нәрсе айта аласыз ба?

- Мен бұл сұраққа жауап бермей-ақ қойғанды қалап отырмын. Өйткені, біріншіден, мен бұл айыптаулардың егжей-тегжейімен таныс емеспін. Екіншіден, мен «Қазатомпромда» жұмыс істеген жоқпын. Сондықтан, маған бұл айыптауларға байланысты әлде не деу қиындау.

- Ермек мырза, әңгімеңіз үшін рахмет.

P.S. Ермек Жәкішевпен болған әңгімеден соң Азаттық радиосы түсініктеме алу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қайрылған еді. ҰҚК баспасөз-қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров Ермек Жәкішевтің ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевты айыптаған мәлімдемесін оқып шыққанын айтты. Оның айтуынша, Ермек Жәкішевтің ҰҚК басшысына байланысты айыптауларының барлығы шындыққа сай келмейді.

Бұдан бөлек, Кенжеболат Бекназаров Мұхтар Жәкішевке адвокаттың жіберілу мәселесі жақын арада шешіліп қалады деді. Алайда, ол кездесудің нақты күні мен уақытын айтқан жоқ.

Тап сол кезде Қазақстанның демократиялық қауымдастығы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша кезекті мәлімдемесін жасап, іс материалдарының құпиялығына қатысты өз қарсылықтарын білдірді.

Мәлімдемеде Мұхтар Жәкішевтің кәдімгідей сырқат екендігі, тұтқындалғанға дейін шетелге емделуге барғаны айтылған. Мәлімдеме ауторлары Мұхтардың денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдіріп, тәуелсіз медициналық тексеру жүргізуді талап етуде.

Республика демократиялық қауымдастығының өкілдері, сонымен бірге, Мұхтар Жәкішевке өзі таңдаған қорғаушыны беруді талап еткен.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті ҰҚК мемлекет мүлкін жымқырды деген күдікпен тұтқындаған. Осы жылдың мамыр айында қамауға алығаннан бері ол ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.
XS
SM
MD
LG