Accessibility links

Германиядағы қазақстандық немістер Қазақстанды қимастықпен еске алады


Кезінде Германияға Қазақстаннан жарты миллиондай немістің көшіп кеткені белгілі. Осы елдің шекарасын аттасымен ондағы қазақ-немістерінің жағдайын білуге аңсарым ауа бергені рас. Ойлағанымдай, бірінші кездескенім де қазақстандық неміс болып шықты.

ТУҒАН ЖЕРІМЕ БАРЫП ҚАЙТҚЫМ КЕЛЕДІ

Гамбургте бізді күтіп алуға келгендердің бірі – Елена Толстихина 9 жасында Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау елдімекенінен қоныс аударыпты.

– Анам Қаратауда неміс және орыс тілдерінің мұғалімі, әкем – колхозда ірі маман еді. Германияға қоныс аударғаннан кейін, анамның
Елена Толстихина, Гете институтының қызметкері, қыркүйек, Гамбург.
мұғалімдік қызметі ештеңеге жарамсыз болып қалды. Әкемнің жасы 45-тен асып кеткендіктен оны мамандығы бойынша ешкім жұмысқа алмады. Олар шетелдік немістерге арналған неміс тілі курстарынан өтті. Дегенмен, жастарының біразға келіп қалғаны олардың жұмысқа қабылдануына кедергі болды. Сол себепті де, анам өз жеке ісін ашты. Қолөнермен айналысты. Жастарға қолөнерін үйретті. Сөйтіп, неміс ортасында өз орнын тапты, – дейді ол.

Елена қазір Германиядағы Гете институтының қызметкері. ТМД-дан келген туристерге, ресми өкілдер мен мәдени қызметкерлерге аудармашы қызметін атқарады. «Орыс тілін қайдан үйрендің?» деген біздің сауалымызға:

– Қазақстанда біздің отбасымыз негізінде орыс тілінде қарым-қатынас жасайтын. Мектепте орыс сыныбына бардым. Германияға қоныс аударғаннан кейін неміс мектебінде оқыдым. Анам орыс тілін ұмыттырмау мақсатында бізбен орысша тілдеседі. Кейін орысша білімімді жетілдіру мақсатында түрлі курстарға қатыстым, – деп жауап қатты.

Елена туған жерін еміс-еміс білетіндігін айтады. Есінде Қаратаудың құмы қалыпты.

– Жел күшті болатын еді. Алдағы жылдағы басты мақсатым – туған жеріме барып, балалық шағымның бір елесін сергітіп қайту, – дейді Елена.

ГЕРМАНИЯҒА ОРАЛУ ҚИЫНДАЙ ТҮСТІ

Гамбургте қарсы алушылардың тағы бірі – Артур Тетцлафф Германияға Эстониядан қоныс аударған екен.

– Менің әкем – неміс, анам – орыс. Германиядағы қоныс аудару саясаты бойынша отбасы мүшелерінің бірі неміс болса, олар Германияға қоныс теуіп, түрлі жеңілдіктерге ие бола алатын еді. Сол бағдарлама бойынша, біз де қоныс аудардық. Біздер үшін арнайы тіл үйрену
Артур Тетцлафф –- Германияға Эстониядан қоныс аударған. Қыркүйек, Гамбург.
курстары болды. Онда оқу уақытының мерзімі тілді білу деңгейіңе орай әрқалай еді. Әкем алты айлық курсты таңдаған екен. Бірақ, екі айдан кейін жұмысқа араласып кетті. Мен мектепке бардым, тым кішкентай кезімде келген едім, – дейді Артур.

Біз Артурдан Германияның тарихи Отанына оралған қандастарына көрсеткен көмектері жайында сұраған едік:

– Қазір оралғандар үшін жағдай тым ауыр. Олар бастапқыдағыдай түрлі көмектер мен жеңілдіктерге ие бола алмайды. Немістер Германияға 1989 жылдан бастап орала бастады. Сол жылдары оралғандарға көрсетілген көмектер шаш-етектен болатын. Олардың көшіп келу шығынынан бастап, пәтерақысы, неміс тілін үйрету курстарының ақылары дер кезінде төленді. Құжаттары бірден рәсімделіп, азаматтық алу ісі де оңайлатылды. Әрине, қазіргі келетіндер де түрлі жеңілдіктерге ие бола алады. Олардың құжаттарын рәсімдеу ісі де жолға қойылған. Алайда бүгінгі дағдарыс заманында оларды баспанамен қамтамасыз ету ісі күрделене түсуде, – дейді Артур.

«СОВЕТТІК НЕМІСТЕР ТЫМ ЖАЛҚАУ ЕДІ»

Германияның ресми билігі өкілдерінен тарихи Отанына қоныс аударған немістердің жағдайын сұрап білмек болған әрекетімізден ештеңе шықпады. Біз кездескен билік өкілдері бұл мәселенің өз құзырына жатпайтындығын айтып, сыпайы шығарып салды.

Аудармашы Роберт Кокон, қыркүйек, Берлин.
Керісінше, біздің Берлиндегі аудармашыларымыздың бірі Роберт Кокон бұл мәселемен өте-мөте таныс екендігін айтты. Сөйтіп, Германияның ТМД мемлекеттерінен қоныс аударған немістерге бағытталған саясатынан аз-маздап хабардар болудың сәті түсті.

Роберт Кокон Федералдық биліктің ресми өкілдерін қарсы алып, соларға аудармашылық қызмет атқарады. Оның орыс тілін білуі өткен ғасырдың 90-шы жылдары ТМД мемлекеттерінен қоныс аударған немістермен жұмыс жасауына мүмкіндік тудырған екен.

– Роберт мырза, сіз тарихи Отанына оралған немістермен қанша уақыттан бері жұмыс істеп жүрсіз?

– Мен бұл іспен 15 жыл бойы айналыстым. Менің қызметім екі салада жүзеге асты. Біріншісі, аудармашы және кеңесші. Екінші, алғашқы қарым-қатынаста кеңес беру бюросында жұмыс атқардым. Әуелі олардың құжаттарын рәсімдеуге көмектестім. Өйткені, бұл өте күрделі процесс еді.

Тарихи Отанына оралған немістерге Германия азаматтығы бірден берілді. Бірақ, сол құжаттарды толтыру өте қиынға түсті. Ал, Германия – капиталистік мемлекет. Бұнда нарық заңдары басым. Олар қандай да бір әлеуметтік көмектерге қол жеткізуі үшін тұрақты тіркеуге тұруы тиіс болды. Тұрақты тіркеу – оларға жұмыссыздарға арналған әлеуметтік көмек алуына, балаларын мектепке беруге, медициналық сақтандыруға қол жеткізуге, т.б. да жеңілдіктерге ие болуға мүмкіндік береді. Немістер ТМД аумағынан – Украинадан, Қырғызстаннан, Ресей мен Қазақстаннан келді. Соның ішінде басым көпшілігі – Қазақстаннан еді. Қоныс аударушылардың саны 2 миллионға жуықтады.

– Тарихи Отанына оралған немістер бұдан өзге қандай жеңілдіктерге ие болды?

– Олар неміс болуы арқылы біраз көмектерге қол жеткізді. Әуелі әртүрлі деңгейдегі төлемақылар төленді. Білесіз, Германияда медициналық сақтандыру болмаса ешқандай ауруханаға қарала алмайсыз. Сол себепті де олар ең әуелі медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, баспанамен қамтамасыз етіліп, пәтерді безендіруге де қаржы бөлінді. Жылына екі рет киім-кешек сатып алуға қаржы берілді. Арнайы салынған бейімдеу орталықтарында неміс тілін үйрету курстары мен мамандықтарға қайта даярлау курстарында дайындықтан өтті.

Бірақ, бұл оларды масылдыққа баулыды. Көбі тіл білмейтіндігін сылтау етіп жұмыс істегісі келмеді. Мүмкіндігі болса, Германия үкіметі төлейтін әлеуметтік жеңілдіктерге иек арта бергісі келді. Сондықтан, неміс тілін үйрету курстарын 6 айдан екі айға дейін қысқартты, – дейді Роберт Кокон.

«ОЛАР НЕМІС БОЛҒАНЫ ҮШІН ҚЫСЫМ КӨРГЕНДІГІН АЙТАДЫ»

– Роберт мырза, оларды тарихи Отанымен не байланыстырушы еді?

– Шынымды айтсам, ештеңе. Олар ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, бұл Екатерина ІІ-нің кезі болатын, қазіргі Германия территориясынан ауа көшіп, Волга өзені жағалауына орналасты. Кейіннен сол жерде неміс республикасы құрылды. Бірақ кейіннен Сталин оларды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде депортациялағаны мәлім. Сөйтіп, Волга жағалауындағы неміс республикасы таратылып, немістер Советтер Одағының ішкі өлкелерін кезіп кетті.

Сол себепті де оларда неміс мәдениетімен ортақ ештеңе жоқ еді. Тіпті, неміс тілін білетіндері де аз болатын. Мұнда келгеннен кейін олар жергілікті немістермен байланысқа түсуге талпынды. Бірақ, ол өте қиын еді.

– Неге? Неміс қоғамы бір кездері Германиядан бөлініп кеткен немістерге өкпелі болды ма? Жоқ, олар Советтер Одағынан оралғаны үшін ұнатпады ма?

– Жоқ, мәселе онда емес еді. Біріншіден, олардың неміс қоғамынан өз орнын таппауы – неміс тілін білмеуі салдарынан. Екіншіден, кәсіби дайындықтарының тым төмендігі. Келгендердің ішінде ер адамдардың басым көпшілігі шофер, шахтер, әйелдері – сауыншы немесе үй қызметіндегі адамдар болды.

– Қызық екен. Қазақстанда ең ұқыпты, ең шаруақор және ең кәсіби білігі жоғары мамандар немістер болушы еді.

– Біз «неге білім алмағансыңдар?» деген сауалды қойып едік, «бізді оқуға қабылдамады, жоғары дәрежелі қызметтер атқара алмадық. Өйткені, бізге неміс деп қарады. Неміс болғандығымыз үшін қысымға ұшырадық. Көрмеген құқайымыз қалмады» деген жауап алдық.

– Жалпы, тарихи Отанына оралғандарға қандай талаптар қойылды?

– Біріншіден, олар ата-аналарының бірі неміс мұрагері болғандығын дәлелдеуі керек. Яғни, келушінің не әкесі, не шешесі неміс болуы шарт. Немесе ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің неміс екендігін дәлелдеуі тиіс.

Екіншіден, неміс тілін білуі шарт. Егер, неміс тілін білсеңіз неміс мәдениетін де білесіз. Бірақ өкініштісі сол, неміс тілін білушілер тым аз болды. Менің оларға неміс тілінен сабақ та берген кезім болды.

– Демек, оларға бөлінген қаржы мен көрсетілген көмектер өзін-өзі ақтай алмады ма?

– «Иә» деуге де, «жоқ» деуге де болады. Көптеген қоныс аударушылар неміс қоғамына тез бейімделіп, сіңісіп кетті. Ал, тірлігіне көңіл толмай, үнемі арызданып жүргендер масыл болып қалды.

Тағы бір айта кетерлігі, балалар неміс тілін тез үйренді. Олар өз ата-аналарын түсіне алмады. Бұл балалар мен ата-аналар арасында проблема тудырды. Сондай-ақ, жастар қылмыстық істерді де көп жасады.

– Ал, шетелдегі неміс диаспорасына қандай да бір көмек көрсетіліп тұра ма?

– Иә, рухани және материалдық тұрғыдан көмектер көрсетіліп тұрады. Ресейдің Омбы облысында неміс ауылы бар. Оларға неміс тіліндегі оқу құралдары мен кітаптар, басқа да заттар жіберіліп тұрады.

– Әңгімеңізге рақмет!

P.S. Біз Берлинде Федералдық Сыртқы істер министрлігінде болғанымызда, есік алдындағы күзет қызметкерлерінің бірі маған таяп келді де, «Сіз Қазақстаннансыз ба?» деп сұрады орысша. «Иә» деп едім, «Мен Қазақстанның Қостанай облысынан қоныс аударғанмын» деді. Біздің әңгімеміз енді ғана жалғаса беріп еді, жиын басталып кетті. Мен ол кісіге «жиыннан кейін сөйлесеміз» деген едім, бірақ, өкінішке қарай, ол адамды жиын соңында жолықтыра алмадым. Тым болмағанда атын да сұрамаппын. Алайда, ол адамның Қазақстанды ұмытпағаны анық.
XS
SM
MD
LG