Accessibility links

Берген уәдесінде тұрмаған Қазақстан сынға ұшырады


Полицейлер оппозициялық «Республика» газетінің тілшісі Жанна Байтелованы ұстап әкетті. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.
Полицейлер оппозициялық «Республика» газетінің тілшісі Жанна Байтелованы ұстап әкетті. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Вашингтондағы Хельсинки комитетінде өткен тыңдауда баспасөзге қарсы жаппай қудалаулар жалғасып жатқан Қазақстанның атына сын айтылды. Журналистерді қорғау комитеті ЕҚЫҰ-ға берген уәдесінде тұрмаған Астананы сынады.


Сәрсенбі күні Вашингтондағы Хельсинки комитетінде сөйлеген сөзінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз жөніндегі өкілі Дуня Миятович ТМД кеңістігінде журналистерге қарсы шабуылдардың жауапсыз қалып, жаппай қудалаулар күшейіп отырғанына назар аудартқан.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі болып таяуда тағайындалған Дуня Миятович бұрынғы совет елдерінде журналистерге қарсы шабуылдар мен шектеулер шектен тыс өсіп кеткен деп дабыл қақты.

Құрама Штаттарға алғашқы ресми сапарымен барған Миятович маусымның 9-ы күні АҚШ-тың Хельсинки комитетінде сөз алып, бұрынғы совет аймағындағы қуғын-сүргіндер ЕҚЫҰ үшін масқаралайтын тақтаға айналып отыр деді.

– Журналистерге қарсы қақтығыстар қоғам мен демократияға қарсы қақтығыстармен парапар. Оны жасағандар қатаң жазаланып, айыпқа тартылуы тиіс. Бұл тұрғыда үкіметтен бастап, прокуратура, құқық қорғау органдары тыңғылықты түрде тергеу жүргізбесе, онда
Журналистерге қарсы қақтығыстар қоғам мен демократияға қарсы қақтығыстармен парапар...
алғабасушылықтар бола қоймайды, – дей келе Миятович, – ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан ақпарат құралдарының еркіндігін қамтамасыз ете алмай отыр, - деп атап көрсетті.

Халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың қарсылықтарына қарамастан, Қазақстан 1-ші қаңтардан бастап ЕҚЫҰ-ға төрғалықты қолға алды. Миятович Қазақстан билігі елдегі адам құқықтарын жақсартып, баспасөзге жасалған шектеулерін жеңілдетуге сөз бергенімен, төрағалыққа кіріскен бес айдан кейінгі нәтижесі азғантай болып отырғанын айтты:

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің алдында берген уәделері мен жоспарларына келсек, қазірге дейін мен ол уәделердің біреуін ғана көре алдым. Оның өзі хабар тарату үшін рұқсат беретін заңға жасалған үстірт өзгерістер», - деген оның айтқандарына қарағанда ЕҚЫҰ аймағында тіркелген ең соңғы журналист өлімінің өзі Қазақстанда болды.

– Өткен жылы 22-ші желтоқсанда қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк аяқ-қолы байланып, Алматыдағы 6 қабатты үйдің терезесінен лақтырылған соң, 6 күннен кейін көз жұмды.
ЕҚЫҰ - ның баспасөз мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович Еуразиялық Медиа Форумда. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл.
Билік оның өліміне қатысты істі әлі тергеп біткен жоқ, - деді Миятович.

Кісі қолынан қаза тапқан журналистердің ісі Қазақстаннан тыс жерлерде де ашылмай отыр деген Миятович, Ресейдегі журналистер өлімінің себебі ашылмай, қылмыскерлер жазаланбай қалғанын айтты. Сонымен қатар Сербия, Әзірбайжан және Украинада қаза тапқан журналистер өлімінің сыры ашылмады деді ЕҚЫҰ-ның ақпарат құралдары саласына қатысты өкілі.

Сол сияқты журналистер құқын қорғайтын Фридом Хауз ұйымының Еуразия бойынша бағдарламасының жетекшісі Сэм Паттен Миятовичтің айтқандарын қолдап сөйледі.

1990 жылдардың басында ақпарат еркіндігі кішкене жақсара бастаған бұрынғы совет елдерінде баспасөз бостандығының ахуалы бүгінде қатты нашарлап кетті деді Фридом Хауз өкілі:

– Біз ақпарат еркіндігі мен оның жетіспей жатқанын көріп отырмыз. Пікірін білдіру құқын шектеу мен қудалау көп жағдайда бір дерт сияқты болып кеткен. Бұл дерт қауіпті ісік, есінен тану, немесе ауыр жара-метастаз сияқты ушығып барады. Біз мұның бәрін қазіргі ЕҚЫҰ жағдайында болып жатқанын көріп отырмыз. Бұрынғы совет одағының коммунистік елдеріндегі осындай кері бағытты байқап отырмыз, - дейді Сэм Паттен.

Cонымен қатар АҚШ-тың Хельсинки комитетінің отырысына Журналистерді қорғау комитетінен де өкілдер қатысып, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның талаптарын орындамай отыр деді.

Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қарсы шабуылдаушылар жазаланбай, саяси астары бар қудалаулар мен үкіметті сынағандарды түрмеге отырғызу, интернет туралы заңды қатаңдату мәселелері елдің келбетіне көлеңке түсіріп тұр деп айтты журналистерді қорғау комитетінің Орталық Азия мен Еуропа бойынша зерттеушісі Мұзаффар Сулейманов.

Оның атап көрсетуінше, Қазақстанда соңғы 18 айдың ішінде бір журналист өлтіріліп, кемінде төртеуі шабуыл құрбаны болды. Ел билігі журналист қауымға қарсы болған мұндай күш қолдану қақтығыстарын реттеуде еш прогресс көрсете алмай отырғаны айтылған.

Сондай-ақ Журналистерді қорғау комитетінің өкілі Сулейманов билік өзін сынағандарды қолдан жасалған айыптармен түрмеге отырғызып жатыр деген. Оған дәйек ретінде, тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов пен журналистердің құқын қорғаушы болған Евгений Жовтистің сот үкімі бойынша түрмеде жазаларын өтеп жатқандығын келтірген.

Журналистерді қорғау комитетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Мұзаффар Сулеймановтың сөзіне қарағанда, бұл комитеттің Орталық Азия мен Еуропа бойынша бағдарламасының үйлестірушісі Нина Огниянова өткен аптада Қазақстанға барып, Тараз қаласында түрмеде отырған журналист Есіргеповпен кездеспекші болған. Жергілікті билік алдымен Огнияноваға Есіргеповке жолығуға рұқсат беріп, кейін бір сағаттан соң ол шешімдерін өзгертіп, қайтадан түрмеге кіруге тыйым салған. Журналистерді қорғау комитетінің өкілі аяқ астынан жасалған бұл өзгеріс туралы түсініктеме ала алмастан қайтқан.

Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне төнген басқа да қауіп-қатерлер туралы деректерін Хельсинки комитетіне ұсынған Сулейманов қазақ үкіметі сын айтқан ақпарат құралдарын ар-ожданға тіл тигізді деген айыппен қылмыстық және азаматтық істер арқылы жазалап жатыр дегенді айтады. Айталық, ақпан айында бірнеше тәуелсіз басылым президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты жемқорлық істерге қатысты айыптайтын ашық хатты жариялаған соң, Алматы қаласының аудандық соты барлық БАҚ-на қарсы сөз еркіндігін шектейтін шешім шығарған болатын.

Қазақстан билігі жеке басқа тіл тигізді деген желеумен бірнеше журналисті айыппұлмен жазалап, сыни мақалалар жазатын басылымдарды тізе бүктірді деген журналистерді қорғау комитеті. Онда соңғы екі жылда үкімет ресмилері мен мемлекеттік агенттіктердің ар-ожданымызға кір келтірді деген шағымдарымен 60-тан аса іс қозғалғанын келтіріп отыр.
XS
SM
MD
LG