Accessibility links

Қазақстанда қару саудасымен айналысқан израильдік азамат ұсталған


Израильдік баспасөз құралдары қару саудагері Борис Шейнкманның тұтқындалуына Ресей тарапы мұрындық болған деп болжап отыр. Тұтқындалған адамның туыстары жәрдем сұрап Шимон Переске жүгінбек.

Израильдік орыстілді Newsru.co.il сайты, «Маарив» газетіне сілтеме жасай отырып, Қазақстанда израильдік қару саудагері Борис Шейнкманның тұтқындалағаны жайында хабарлады. Мақалаға сәйкес, Қазақстанның арнаулы қызметтері оны бір апта бұрын Алматыда ұстап, кейінірек Астанаға жіберген. Алайда бұл тақырыпқа қатысты алғашқы мақала израиль баспасөзінде тек наурыздың 29-ы, жексенбі күні ғана шыққан.

Израиль БАҚ-ның хабарлауынша, Шейнкман Қазақстанда Израиль әскери-өнеркәсіптік кешенінің «Солтам», ТААС, «Элбит» және «Аэронотикс» атты бірнеше ірі кәсіпорындарының атынан жұмыс істеген. 2007-2008 жылдары бұл фирмалар Қазақстанмен 300 миллион долларға сауда жасаған.

«Маарив» газетіне берген сұхбатында Израиль қорғаныс өнеркәсібінің өкілдері осы келісімдердің арқасында Қазақстан Ресейде де, Америкада да жоқ қазіргі заманғы қару-жарақты алды деп мәлімдеді.

Newsru.co.il сайты жазғанындай, 61 жасар (кейбір басылымдарда 62 жасар делінген) Борис Шейнкман 1991 жылға дейін Қазақстанда тұрып, кадрлық әскери қызметкер болған. Совет армиясында полковник шеніне дейін көтерілген. Израильге көшкен соң отбасымен бірге Нетанияда тұрған. Алайда, уақытының көбі Қазақстанда өткен.

Израильдің Қазақстандағы консулы ұсталған адаммен кездесуді өтінгендігі хабарланған: «Оң жауап алған соң ол израильдік азамат отырған алдын ала қамау орнына келді. Бірақ, әкімшілік «кейбір формальді жайларды реттеу керектігін» алға тартып, консулды бірнеше сағат күттірген соң, оған себебін түсіндірместен кездесудің болмайтынын айтқан».

«Маарив» газетінің болжауынша, израильдіктің ұсталуына Қазақстанның қорғаныс министрлігі мен жергілікті арнаулы қызметтер арасындағы алауыздық себеп болған. Сонымен бірге, басылым бұл жерде Ресейдің де қатысы болуы мүмкіндігін қаперден шығармайды. Өйткені Ресей Израильдің Қазақстанға қазіргі заманғы қаруларды сатуына мүдделі емес. Қазақстан өкіметі оған осыған дейін ресми түрде айып тақпағандықтан, Израильдің ақпарат құралдары Борис Шейнкманның ұсталуының шынайы себептері жайында әзірге тек болжам ғана жасап отыр.

Израильдің ақпараттық порталдары Израиль мен Қазақстан арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың интенсивті сипат алып отырғанын айтады. Атап айтқанда, «Солтам», ТААС және «Элбит» атты Израиль қорғаныс компаниялары Қазақстанның қарулы күштері үшін артиллериялық жүйенің жаңа үш түрін жасақтап берген. Олар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына алғаш рет 2008 жылдың 12 мамырында, Алматының түбіндегі Отар гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының оқу-жаттығу полигонында ұсынылған. Бұл жүйелер Қазақстан қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жасақталған және лицензия бойынша жергілікті қорғаныс кәсіпорындарында жасалады.

«Солтам» компаниясы Астананың тапсырысы бойынша 122 миллиметрлік өздігінен жүретін «Семсер» гаубицасын және КАМАЗ-ға орнатылған өздігінен жүретін 120 миллиметрлік «Айбат» минометін жасақтаған. Салмағы 650 келі болатын миномет маневрге барынша бейім және оның расчеті 7 адамнан емес, 4 адамнан тұрады. ТААС концерні, өз кезегінде «Найза» атты автономды, көп нысаналы ракеталық қондырғыны жасап шығарды. Бұл - концерн шығаратын Lynx («Рысь») жүйесінің жетілдірілген түрі.

Бұдан бөлек, Aeronautics Defense Systems компаниясы Қазақстанға барлауға арналған ұшқышсыз ұшатын аппараттарын сатқан. Ол соғыс кезінде әскери әрекеттердің барысы жайында деректер жинауға, ал бейбіт кезеңде ормандағы, даладағы өртпен күресуге арналған.

Израильде шығатын «Курсор» газеті: «Тұтқындауға Ресей жағы мұрындық болды. Өйткені, ол Мәскеудің ықпалындағы аймақ деп саналатын Қазақстанға Израильдің қару сатуына разы емес» деген пікірде.

Баспасөздің хабарлауынша, Шейнкманның отбасы ел президенті Шимон Переске өтініш жасамақ. Перестің Қазақстанмен қарым-қатынасы жақсы деп есептеледі. Атап айтқанда, IzRus порталы Перестің Қазақстанмен ерекше қатынаста екендігін айтады. Израиль президенті «бұл елге деген ерекше қатынасын көрсете отырып, бұл республикаға үшінші рет баруға дайындалып жатыр». Соңғы рет олар биылғы жылдың қаңтар айында Давостағы экономикалық форум кезінде кездесті. Онда қазақ жетекшісі Иранға уран сатпайтындығы жөнінде Переске уәде берді. Енді екі жақ та осы жылдың шілде айына жоспарланған Израиль президентінің Қазақстанға сапарына даярлануда.

Перестің Қазақстанға үшінші сапары екіжақты қарым-қатынастарға ерекше сипат береді. «Егер алдағы сапарды есепке алсақ, онда Перес оның ата-бабалары жерленген Ресей мен Беларусияда (Минскіде ол бір-ақ рет болған, онда да жеке адам ретінде) қоса алғанда ТМД-нің басқа бір де бір еліне осынша рет бармаған», - деп атап көрсетеді IzRus.порталы.

Ал, Израиль сыртқы істер министрлігінде «бұл жайында ештеңе білмейді, олар барлық ақпаратты баспасөзден алған».

Осы аралықта бұл жайында айтуға бірнеше мәрте мүмкіндіктің болғанына қарамастан, израильдіктің ұсталуы туралы тақырыпқа қатысты екі жақтың билік өкілдері 8 күн бойы жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Өткен аптаның соңында Израиль тарабының бастамасымен Шимон Перес Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұдан бөлек, өткен аптада Тель-Авивте Қазақстанның маңызды делегациясы болды.

Айтпақшы, 7 канал сайты Израильде Қазақстанның үкімет басшысы сапармен болды деп қате жазған. Шын мәнінде, бұл елге сенатор Қуаныш Сұлтанов бастаған парламент делегациясы барған-ды. Бұл сапар жайында баспасөзде кеңінен жазылды. Бірақ, олардың ешқайсысында Борис Шейнкманның тұтқындалағаны туралы айтылмайды.

Атап айтқанда, ағылшын тілді Jerusalem Post газетінің айтуынша, Сұлтанов сапарының басты тақырыбы дінаралық диалог болған. Сенатор, неге екені белгісіз, бұл газет те оны министр дейді, Израильдің бас раввиндерін алдағы жазда Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің үшінші сьезіне қатысуға шақырды. Қазақстан делегациясы Израильдің жоғары дәрежелі шенеуніктерімен, депутаттарымен және қоғам қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізді.
XS
SM
MD
LG