Accessibility links

Қазақстан БҰҰ-ның баяндамасында адам саудасы асқынып тұрған 155 елдің тізіміне кірген


Жұмыссыз қалған мигранттар елдеріне қайтып жатыр. Мәскеу, 15 желтоқсан 2008 жыл.
Жұмыссыз қалған мигранттар елдеріне қайтып жатыр. Мәскеу, 15 желтоқсан 2008 жыл.

БҰҰ-ның есірткімен және қылмыспен күрес жөніндегі бөлімі адам саудасы проблемасына қатысты ауқымды зерттеудің нәтижесін жариялады. Қазақстан адамдарды күштеп пайдалану оқиғалары жиі болатын елдердің тізіміне кірген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткімен және қылмыспен күрес бөлімі 12 ақпанда адам саудасы проблемасы жөніндегі жаңа есепті жариялады. Әлемнің 155 елінде өткізілген зерттеуде адам саудасына қатысты жағдайға ауқымды баға берілген және бұл келеңсіз құбылысты түп-тамырымен жоюдың шаралары қарастырылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары 2006 жылы Қазақстанда тіркелген адам саудасына қатысты кейбір мысалдарды келтіреді.

БҰҰ-ның деректеріне қарағанда, 2006 жылы адам саудасымен айналысқаны үшін сегіз қазақстандық айыпталған. Осы кезеңде Қазақстанның басқа аймақтарынан тағы үш азаматтың адам саудасына қатыстылығы анықталған.

2005-2006 жылдары адам саудасының 14 құрбанына үкіметтік емес екі ұйымның тарапынан жәрдем жасалған. Олар Таяу Шығыс пен Оңтүстік Еуропадан қайтарылған. Тағы да 20 адам Қазақстанның өз ішіндегі адам саудасының құрбаны болған.

БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, қазақстандық «Сана сезім» үкіметтік емес ұйымы 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында алты өзбек азаматын адам саудалаушылардан арашалап алған.

Адам саудалаушылардың қолына алданып түскен жандар туралы Азаттық радиосы үнемі айтып келеді. 2006 жылы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Алматыдағы өкілдігі біздің Азаттық радиосына мына жағдайды хабарлады. Өзбекстанның жиырмаға жуық азаматын – ерлер мен әйелдерді, кәмелетке толмаған жасөспірімдерді Қазақстан азаматтары еңбекпен қанап, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.

2006 жылы Қазақстанның адам саудасына тосқауыл қою мәселесіне қатысты кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілген. Қылмыстық кодексте 128-ші баптың жаңа редакциясы пайда болды («Адамдарды пайдалану үшін арбау, елден шығару және тасымалдау»). Енді ол бап «Адам саудасы» деп аталады және ондағы жазылған іс-әрекеттермен айналысқандарды адам саудасы үшін жазалауға негіз болып табылады.

БҰҰ-ның айтуынша, бүгінде Қазақстанда адам саудасының құрбандарына мемлекеттік заңдық қорғау көрсетіліп, оларды уақытша тіркеу тәртібі енгізілген. Алданып қалып, адам саудасының құрбандарына айналғандарға жергілікті үкіметтік емес ұйымдар заңдық, медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді.

Алайда, бұл проблеманы түп-тамырымен жою мақсатында Қазақстан үкіметінің, жергілікті және халықаралық ұйымдардың қолға алып жатқан шараларына қарамастан, адам саудасы оқиғалары тиылмай отыр.

Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстанда көбінесе іргелес мемлекеттердің – Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның азаматтары адам саудалаушылардың құрбанына айналады. Отбасын асырау үшін Отанынан жұмыс іздеп шыққан олар Қазақстанда көп ақша табуға болады деген жалған жұмыс берушілердің кісі қызығарлық ұсынысына келісім беріп, солардың құрығына түсіп қалады.

Іргелес мемлекеттердегі адам саудасымен айналысатын пысықайлар азаматтарды Қазақстанға заңсыз түрде алып шығады немесе ел аумағына кірер кезде олардың жеке бас құжаттарын алып қояды. Сондықтан да құрбандар қашып шыққан жағдайда жергілікті заң орындарына бара алмайды. Өйткені, барған күнде Қазақстанның көші-қон заңын бұзғаны үшін елден депортациялайды деп қорқады.

Өзбекстанның Руслан есімді жиырма жасар азаматы біздің Азаттық радиосына мына жайды әңгімелеп берді. Жалғызбасты анасы мен інілерін асырау үшін Алматыға жұмыс іздеп келген Русланға жұмыс берушісі алғашында Алматыдағы бір жекеменшік үйді әрлеп шығуды ұсыныпты. Бірақ, соңынан оның жеке куәлігін тартып алып, Русланды далаға шығармастан жұмысқа салған.

- Ол мені және қармағына түскен Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген бірнеше жігітті таңғы жетіден түнгі екі-үшке дейін жұмыс істеуге мәжбүрледі. Ол біздің арымызға тиіп, кей кездері ұратын. Тек үйдің жөндеу жұмыстары ғана емес, ыдыс-аяқ пен оның кір заттарын жууға, үй жинауға мәжбүрледі. Бізге күніне бір-ақ рет тамақ берді. Тамақты жеу мүмкін емес. Біз оған құлдыққа жалданған жоқпыз, жұмыс істеу үшін келдік дегенімізде, ол бізді Қазақстанға алып келген адамнан сатып алғандығын, әрқайсымызға көп ақша төлегендігін айтты. Оның айтуынша, біз оның төлеген ақшасын жұмыс істеп қайтаруымыз керек екен, - дейді Руслан.

Ақыр соңында Руслан мен оның жолдастары ебін тауып, жұмыс берушіден қашып шыққан. Русланның айтуынша, Алматыда екі ай тегін жұмыс істеген соң, мұндай жағдай тағы да қайталанар деп қорыққан ол ақшасыз үйіне қайтқан.

Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың деректеріне қарағанда, 2008 жылы Өзбекстанның, Қырғызстанның және таяу шетелдің жүзден астам азаматтары Қазақстан аумағында еңбекке, жыныстық қатынасқа күштеп пайдаланылған. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметтері бойынша, 2008 жылы Қазақстанның 14 азаматы іргелес елдердің азаматтарын жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта адам саудасы әлемнің көптеген елдеріндегі, соның ішінде, Орталық Азия елдеріндегі шешуі ең қиын мәселелердің қатарында қалып отыр.

Бақылаушылардың айтуынша, әзірге адам саудасын түп-тамырымен жоюдың үкіметаралық деңгейдегі жолы табылмай отыр. Бір де бір мемлекет, оның ішінде Қазақстан да, қандай жұмысқа баратындығы жөнінде толық ақпараты жоқ, жақсы өмір үшін жұмыс іздеу мақсатында басқа елге бара жатқан азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды.
XS
SM
MD
LG