Accessibility links

Қарағандыда жетім көрсе жебемейтін әкімдер бар


Қарағанды облыстық прокуратурасының алқа мәжілісі, желтоқсан, 2008 жыл.
Қарағанды облыстық прокуратурасының алқа мәжілісі, желтоқсан, 2008 жыл.

Қарағанды облысындағы балалар үйінен кәмелеттік жасқа толуларына байланысты үлкен өмірге аттанған 1500 ге тарта баланың тек 19-ы ғана тұрғын үйге қол жеткізген .

Қазақстандағы "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балалар 20 жасқа толғанға дейін тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын санатына жатқызылады.
Қазіргі таңда облыс бойынша балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 1471 бала бар. Көпшілігінің бұрын да тұратын баспаналары болса да жергілікті атқарушы органдардың тиісті шараларды қолданбаулары мен заңда көрсетілген талаптардың сақталмауына байланысты аталған балардың тек 311 інің ғана атына тұрғын үй бекітілген. Алайда олардың көбі сол баспаналарынан көпе көрнеу айырылып қалып жатыр.

Тұрғын үйді бектікен күннің өзінде жергілікті атқарушы органдардың кейбір өкілдерінің көмегімен жетім балалардың мүлікке иелік ету құқы бұзылады немесе иеліктен шығарылудың нәтижесінде басқа біреулерге беріліп жатады.
Приозерск қаласының әкімі кәмелетке толмаған екі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кезінде олардың заңды иелігіндегі үйіне өзге азаматтарды кіргізген.

-Приозерск қаласының әкімі облыстағы мүмкіндіктері шектеулі балалар үйінің директорынан әлгі балаларды даму мүмкіндігі шектелген ересек адамдардың мамандандырылған мекемесіне орналастыруды өтінген. Демек бұл дені сау екі жеткіншекті мүгедектер санатына жатқызу. Осылайша ол балалардан құтылмақшы болған,- дейді Қарағанды облысы прокурорының көмекшісі Қайрат Рымбеков.
Облыс прокурорының көмекшісі Қайрат Рымбеков. Қарағанды, желтоқсан, 2008ж.


Осы тәріздес заң бұзушылықтар барлық дерлік атқарушы билік органдарында анықталған. Жетім балалардың тұрғын үй қатынастары туралы заңда бекітілген құқықтарының көпшілігі Октябрь ауданы, Теміртау, Саран қалаларында сақталмайды екен.

Облыс прокуратурасы өткізген алқа мәжілісінде тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйге мұқтаж жетім және ата- ана қамқорынсыз қалған балаларды есепке тұрғызу барысында сөзбұйдалыққа жол берілгендігі айтылды.

2006 жылы Сокерин деген азамат тұрғын үй кезегінің тізімінде 1592 ші боп тұрса, 2008 жылы ол 1616 орынға қарай жылжыған. Сөйтіп кезек алға емес, артқа жылжыған. Бұл ретте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қайда қарап отыр деген Қарағанды облысының прокуроры Әмірхан Аманбаев аталған заңсыздықтарға назар аударып қана қоймай, алдағы уақытта істің шешімі қандай болатынынан құзырлы органдардан жауап алды.

- Октябрь ауданындағы бос тұрған үйлерге жөндеу жүргізіп, кезекте тұғандарға беретін боламыз. Сонымен қатар қаладағы Шахтерлер 33 және Ермеков көшелерінің 9-шы үйлерінде блокты секциялы 108 пәтер дайындаймыз. Оған кезекте тұрған 15 жетім баланы кіргіземіз. Сондай-ақ пәтерлерді жалға беруді де қарастырамыз,- дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Сейіт Күлкеев.

Алайда Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары айтқан бұл игілікті шаралардан тұрғын- үй комммуналдық шаруашылығы мен ауданның атқарушы билік орындары бейхабар болып шықты. Сейіт Күлкеев аяқ астынан сөз тауып, уәж айту арқылы кімді алдамақшы болғаны түсініксіз. Әлде әкім орынбасарының баспанасыз жетімдердің сұрауы жоқ дегені ме екен?!

XS
SM
MD
LG