Accessibility links

Прецедент немесе Батыс Қазақстандағы Березовка ауылының тағдыры сотта шешіледі


Березовка ауылының тағдыры енді сотта шешіледі дейді қоғамдық ұйым өкілдері. Солдан оңға қарай: Сергей Куратов, Евгений Жовтис және Юрий Усов. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.
Березовка ауылының тағдыры енді сотта шешіледі дейді қоғамдық ұйым өкілдері. Солдан оңға қарай: Сергей Куратов, Евгений Жовтис және Юрий Усов. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.

Қарашығанақ мұнай кенішіне жақын орналасқан осы елдімекенді көшіру-көшірмеу мәселесін қаңтардың 30-ы күні Астана қаласындағы Алматы аудандық соты қарай бастайды. Тиісті шағымды сотқа республикадағы бірқатар қоғамдық ұйымдар түсірген еді.

Жарты мыңға жуық тұрғыны бар Березовка ауылы 1979 жылы Қарашығанақ кеніші игеріле бастаған шақта құрылған. Осыдан 12 жыл бұрын мұнай көзі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» халықаралық консорциумына көшкелі бері кенішті игеру қарқыны өсіп, соның есесіне қоршаған ортаның ластануы артқан. 2002 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚПО консорциумы үшін 5000 метр шамасында санитарлық-қорғау аймағын белгілейді. Ал Березовка ауылы осы аймақтың ішінде қалады. Заң бойынша тұрғындар бұл жерден көшірілуі тиіс.

«Жасыл қорғау» экологиялық қауымдастығының төрағасы Сергей Куратовтың айтуынша, қазіргі күні Березовка тұрғындары аса қауіпті жағдайда өмір сүріп жатыр.

- Халық күкірттік сутегі сасыған ауамен тыныстауға мәжбүр. Табиғаттың ластануы салдарынан мал шығыны бар, топырақ пен өсімдіктер бұзылған, - деді Сергей Куратов.

Сергей Куратов, "Жасыл қорғау" экологиялық қауымдастығының төрағасы. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың өздері бұл жерде қалғысы жоқ. 2008 жылғы маусымның 19-ы күні үкіметтік емес ұйымдар Березовка ауылының мүддесіне орай сотқа шағым түсірген. Содан жарты жыл өткенде ғана сөз болып отырған шағым Астана қаласындағы Алматы аудандық сотының қарауына жіберілген.

- Біз соттан санитарлық-қорғау аймағын қалпына келтіріп, тұрғындарды көшіруді және олардың моральдық-материалдық шығынын өтеп беруді Үкіметке жүктеуін талап еттік, - деді Сергей Куратов.

Бұдан бөлек, шағым иелері Березовка мәселесінде Үкімет халықаралық конвенциялардың шарттарын өрескел бұзды деп есептейді. Заңгер Юрий Усовтың айтуынша, қоғам мемлекеттік органдардың әрекетін немесе әрекетсіздігін сотта қарауға құқылы.

- Газ сасыған бұл аймақта қазір өмір сүру мүмкін емес. Оларды көшіру мәселесін Үкімет назардан тыс қалдырмауы керек еді. Өкінішке қарай, билік өз жауапкершілігін орындамай отыр. Ал заң халықтың жағында. Сондықтан біз тұрғындарға қолдау көрсетуден қашпаймыз, - деді «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің заңгері Юрий Усов.

Оның айтуынша, сөз болып отырған жағдайда әрбір адамның денсаулығы және әл-ауқаты үшін қоршаған ортада өмір сүру құқығы бұзылып отыр және ол үшін күресу керек. Адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пікірінше, осы тұрғыдан алғанда, сот қарауындағы бұл шағымды «прецедент» деп атауға болады.

- Бұл өте маңызды шағым, «прецедент» десе де болады. Өйткені соттың бұл істі қалай қарайтындығы, сондай-ақ, бұл жағдайда үкіметтің ұстанымы қалай болатындығы өте қызықты болып отыр, - деді Евгений Жовтис.

Бұл істі Астана қаласы Алматы аудандық соты қаңтардың 30-ы күні қарайды.
XS
SM
MD
LG