Accessibility links

«Сырбар» сыртқы барлау қызметінің құрылуында не сыр бар?


Қазақстан президенті Н. Назарбаев, ҰҚК төрағасы А.Шабдарбаев және күш құрылымдардың өкілдері. Сурет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтынан алынды.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев, ҰҚК төрағасы А.Шабдарбаев және күш құрылымдардың өкілдері. Сурет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтынан алынды.

Қазақстанның сыртқы барлау қызметі ұлттық қауіпсіздік тарихында төртінші мәрте қайта құрылуда. Жаңадан жасақталып жатқан «Сырбар» президентке бағынады және есеп береді. Сарапшылар «Сырбардың» құрылуына Назарбаев пен Әлиев арасындағы жанжал ғана емес, қазақстандық күш құрылымдарының өзара бақталасы да себеп болған деген пікір айтады.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев биыл ақпанның 17-і күні «Сырбар» сыртқы барлау қызметін құру туралы қаулыны бекітті. Сондай-ақ, мемлекет басшысының осы қаулысымен ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі жойылды.

Сөз болып отырған қаулыда көрсетілгендей, «Сырбар» республика президентіне бағынады және оған есеп береді. Осыған орай үкіметке жаңадан құрылатын қызметті материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қолға алып, «Сыртқы барлау туралы» және «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік мәселелері туралы бірқатар заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобаларын 3 айдың ішінде дайындап, парламент мәжілісінің қарауына ұсыну тапсырылды.

Ал, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры болып, бұған дейін Қазақстанның Швейцарияда, Лихтенштейн және Ватиканда елшісі, сондай-ақ БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған Аманжол Жанқұлиев тағайындалды.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа қызметтің директоры наурыздың 30-ы күні мемлекет басшысының қабылдауында болып, президент Назарбаевқа «Сырбар» қызметінің жұмыстары турасында баяндады. Кездесу барысында президент директорға ұйымдастыру мәселелерін шешу туралы нақты тапсырмалар берді.

«СЫРБАР» ЖӘНЕ «БАРЛАУ»

Сарапшылар «Сырбар» сыртқы барлау қызметін құру туралы жарлықтың қабылдануы жыл басында Австрияда қазақ арнайы қызметінің ізі бар делінген тыңшылыққа қатысты жанжал өршіп тұрған уақытпен тұспа-тұс келуін атап көрсетеді.

Атап айтқанда, биыл қаңтар және ақпан айларында Австрия полициясы қазақстандық арнайы қызметтің пайдасына орай жұмыс істеген жергілікті офицерлер ұсталғандығын хабарлады. Бұл турасында австриялық басылымдар ұсталған полицейлердің президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты құпия ақпарат жинаумен айналысқандығын жазды.

Осы мазмұндас оқиғалар Австрия астанасында бұған дейін де тіркелген-ді. Атап айтқанда, 2008 жылы қыркүйек айында Австрия астанасы Вена қаласында ҚР ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, қазірде Қазақстан тарапынан халықаралық іздеуде жүрген Әлнұр Мұсаевты күштеп ұрлап әкету әрекеті тағы да сол шетелдік баспасөзде жарияланған еді.

Сол кезде бірқатар ақпарат көздері сәтсіз аяқталған бұл операцияға қатысы бар деген күдікпен шетел азаматы ұсталғандығын және ол бұрынғы ГДР-ның арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері екендігін хабарлады.

Ал, ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іске жергілікті қызметтің ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ, 2007 жылы мамырда, яғни Қазақстанның заң орындары Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жариялаған айда, Австрия билігі қазақстандық арнайы қызметтің бірнеше өкілдерін дипломатиялық хаттаманы өрескел бұзғаны үшін ел аумағынан шығарған еді.

Бұл оқиғалардың барлығы да әлемнің көптеген елдерінің баспасөз беттерінде баяндалып, олар қазақстандық арнайы қызмет туралы сөз етті. Сондай-ақ, бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметінің жойылып, жаңа «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің құрылуын да жоғарыда сөз болған оқиғалардың салдары деген болжамдарын алға тартты.

ҚАРУ НАРЫҒЫ ҮШІН ТАЛАС

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев президент Назарбаевтың өзінің бұрынғы күйеу баласы Әлиевпен жанжалынан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінде, мемлекеттік құпияларға қатысы бар мекемелерде жүргізілген «тазалау» әрекеттерін де жаңа қызметтің пайда болуының бір себебі ретінде қарастырады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көптеген қызметкерлері президенттің бұрынғы күйеу баласына жұмыс істегендігін есепке ала отырып, саяси сарапшы әлі де болса Рахат Әлиевке бүйрегі бұратын адамдардың ықпалын бәсеңдету үшін де қазақстандық арнайы қызметтің бірқатар мекемелерін қайта құру қажеттілігі туындайтындығы әдеттегі жағдай екендігін айтады.

– Қазақстанның арнайы қызметтерінде осындай тәріздес өзгерістер үнемі және жиі болып тұрады. Бұл сыртқы барлау қызметінің жұмысына мемлекет басшысының көңілі үнемі тола бермейтіндігін көрсетсе керек. Десек те, осы өзгерістердің тағы бір себебі ретінде аталған мекеменің өз ішіндегі бақталастықты да атауға болады.

Себебі, Қазақстанда көп жағдайда әртүрлі мазмұндағы шешімдердің артында белгілі бір топтардың мүддесі тұрады. Ал, мұндай топтар республика экономикасында, сондай-ақ президенттің айналасындағылар арасында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның күш құрылымдарында, соның ішінде арнайы қызметте де бар.

Менің ойымша, сыртқы барлауда жаңа қызметтің дүниеге келуінде белгілі бір мүдделердің жатуы және оны жаңа адам басқаруы қажет болуы бек мүмкін, – дейді Досым Сәтпаев.

Сонымен қатар, саясаттанушы сыртқы барлаудың қызметі күшейе түседі және қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың ұсталуына қатысты жанжалдардың өзі Қазақстан аумағының ішінде қару рыногі үшін өте күшті күрестің басталғандығын көрсетеді деп есептейді.

«КОМИТЕТТЕ ЖҰМЫС ІСТЕДІМ ДЕП АЙТУҒА ҰЯЛАМЫН»

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 25 жылға жуық еңбек еткен отставкадағы полковник Арат Нарманбетов қазақстандық арнайы қызметтің қазіргі жағдайына көңілі толмайтындығын, сондай-ақ мемлекеттік бұл мекеменің беделі жергілікті жұртшылық арасында ғана емес, әлемдік қауымдастық алдында да қатты шытынағандығын айтады.

Оның пікірінше, қауіпсіздік қызметінің беделінің төмендеуіне соңғы жылдары Қазақстанда болған тапсырыспен кісі өлтірушілік қылмысы, арнайы қызмет өкілдері туралы шетелдік басылымдарда жаман жағынан сипатталуы себеп болып отыр.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты жанжалдар көп болып жатыр. Осыдан кейін комитетте жұмыс істедім деп айтудың өзіне ұяласың. Масқара. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік қызметі бар күшін «қара күйеден» арылуға, жұртшылық алдында абыройын ақтауға жұмсауы тиіс. Өйткені бұл, басқа біреудің емес, өзіміздің мемлекетіміздің арнайы қызметі ғой. Мемлекеттік мекеменің жұмысы жөнделер деген үміттеміз, – деді Арат Нарманбетов.

Қазақстанның ішкі істер қызметінің ардагері, генерал-майор Мұрат Қалматаев болса ұлттық қауіпсіздік комитетінің атауының өзі дұрыс емес, одан қалды бұл комитет өзге де мемлекеттік мекемелердің «ауласына» түсіп кетуді әдетке айналдырған деп есептейді.

– Қазір ұлттық қауіпсіздік комитеті, байқап отырсаңыз, қоғамда болып жатқан ұрлыққа да, төбелеске де кірісіп кетіп жатыр. Менің ойымша, бұл секілді ел арасында болып жатқан заң бұзушылықтармен күресу комитеттің емес, полиция мен прокуратураның ісі.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті, өзінің аты айтып тұрғандай-ақ, елдің бірлігіне қауіп туғызуға тырыспақшы күштермен күресуі керек. Жалпы, мен парламентте депутат болып жүргенде мемлекеттік қауіпсіздік қызметі деген бұрынғы атауын өзгертусіз қалдыруды ұсынған едім.

Өйткені бұл комитет мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау үшін қызмет жасауы тиіс. Ал, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен полиция, прокуратура секілді мекемелер айналысады. Бірақ, менің ұсынысымды парламентте тыңдаған ешкім болмады, – деді генерал-майор Қалматаев.

«СЫРБАР» ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІМЕН БАҚТАЛАС БОЛА МА?

Сонымен қатар, жергілікті сарапшылар, онсыз да жұртшылық алдында абыройын біршама түсіріп алған қауіпсіздік жүйесінен сыртқы барлау қызметін бөліп шығару әрекеті комитеттің беделін одан сайын төмендетеді деп есептейді.

Арат Нарманбетовтың пікірінше, «Сырбар» қызметінің құрылуы, ең бірінші кезекте, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне кері әсер етуі мүмкін.

– Менің пікірімше, сыртқы барлау қызметін ұлттық қауіпсіздік органының жүйесінен бөлектеуге болмайды. Өйткені, қауіпсіздік қызметінің инфрақұрылымы ортақ біртұтас жүйе болуы тиіс. Ал, егер сыртқы барлау қызметін бұл жүйеден бөлектейтін болсақ, онда «Сырбарға» комитеттегідей инфрақұрылым қажет болады.

Бұл өте қиын шаруа. Мысалы, комитеттің облыстық, аудандық және басқа да маңызды бөлімшелері бар. Олар ортақ жұмысты қамтамасыз етіп отыр. Ендігі кезекте сыртқы барлау қызметіне де осының барлығын қайтадан құру қажет болады.

Менің пікірімше, «Сырбардың» құрылуы қате қадам. Сыртқы барлау жұмыстарын комитеттің ішінде де жүргізуге болады. Мысалы, бұған дейін қаржы полициясын Ішкі істер министрлігі жүйесінен бөліп тастады. Қазіргі күні осы аталған екі мекеме арасында бақталастық пен қарама-қайшылықтың куәсі болып отырмыз. Сол секілді, сыртқы барлау қызметі мен комитет арасында келіспеушіліктер орын алуы әбден мүмкін, – дейді Арат Нарманбетов.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарихы 1992 жылы Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетін ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті етіп қайта өзгерту туралы ҚР президентінің жарлығы қабылданған күннен басталады. Ал, қазақстандық барлаушылар сыртқы барлау басқармасына топтастырылды.

1996 жылы бұл қызмет сыртқы барлау бас басқармасы, одан соң барлау департаменті болып аталды. Ал, 1998 жылы бұл департаменттің атауы «Барлау» қызметі болып өзгертілді.
XS
SM
MD
LG