Accessibility links

Қостанай облысында келесі айда тарифтер қымбаттайды


Коммуналдық төлемдерді ертерек төлегісі келгендердің ұзын-сонар кезегі. Қостанай, маусым, 2009 жыл.
Коммуналдық төлемдерді ертерек төлегісі келгендердің ұзын-сонар кезегі. Қостанай, маусым, 2009 жыл.

Қостанай облысында шілденің бірінен бастап электр қуатының, газдың, жылу мен ыстық судың бағасы қымбаттайтын болды. Аз да болса үнемдеп қалайық деген желеумен, төлемақы қабылдау орындарында алдын ала төлемақы жасауға ұмтылыс байқалып отыр.

Тарифтердің өсуін Қазақстан табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Татьяна Титова стратегиялық маңызды тауарлардың, яғни газдың және электр қуатының күрт қымбаттауымен байланыстырады.

Оның айтуына қарағанда, “Казтрансгазаймақ” акционерлік қоғамы биылғы жылдың мамыр айынан бастап тұтынушыларға берілетін өнімінің бағасын 24 пайызға өсірген. Екібастұз ГРЭС-індегі энергия таратушы кәсіпорындарға берілетін сатылып алынатын энергияның құны бір киловат сағат үшін 3 теңгеден 3,6 теңгеге дейін өсіп кеткен. Қостанайлық тұтынушылар электр қуаты үшін әр киловатқа бұған дейін де республика бойынша аса қымбат баға – 8,38 теңгеден төлеп келген болса, енді оның бағасы 9,392 теңге болып отыр.

Газ өлшеу құралдары жоқ тұтынушылар ай сайын кісі басына 289 теңгеден төлемақы жасайтын болды. Бұған дейінгі көрсеткіш 243 теңге 59 тиын болатын. Жылу үшін қостанайлықтар әр шаршы метрге 103,52 теңге төлеп келсе, ендігі жаңа баға 122,73 теңгеге жетті. Бір текше метр ыстық су үшін тұрғындар бұрынғы 16, 24 теңгенің орнына 19,27 теңге төлейді. Яғни, ыстық судың бағасы 14,1 пайызға өсіп отыр.
Жалпы алғанда, коммуналдық төлемақы құны Қостанай облысы бойынша 15 пайызға өсті.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ХАЛЫҚҚА ҚЫЛ БҰРАУ БОЛЫП ОТЫР


Тарифтердің өсуінің негізгі себебі доллар курсының теңге бағамына сәйкес келмеуі және теңгенің құнсыздануы екені белгілі. Бұл туралы тиісті орындар баспасөз арқылы да, теледидар арқылы да алдын ала түсінік жұмыстарын жүргізгенімен, тарифтердің өсуі жергілікті халықтың қатты наразылығын туғызып отыр.

“Шай-суымызға әзер жетіп отырған зейнетақымыз енді түгелдей дерлік коммуналдық төлемақыға кетсе, қалай күн көреміз?” – дейді зейнеткер Зейнел Қапышқызы.

Жығылғанға жұдырық дегендей, кейінгі үш айдың ішінде тұрғын үйлерге қызмет көрсететін жергілікті кооперативтер де өздерінің ай сайын алатын төлемақысын өсіріп отыр. Ал тұрғын үйлерге кіреберістерде орнатылған домофондардың айлық төлемақысы да бұрынғы 100 теңгенің орнына 200 теңгеге, яғни екі есе өсіп шыға келді.

Бізге хабарласқан Мұқышев деген азамат қымбатшылықтың халыққа түскен қыл бұрау екенін айта келіп, алайда, облыс бойынша басқа мүмкіншіліктер қарастырылса қайтетін еді деген қынжылысын жасырмайды.

Оның айтуына қарағанда, облыста Әулиекөл өңірінде Құсмұрын көмірі бар. Яғни, қуат өндіретін көздер табылады. Тек соны іске асыратын ниет және инвестициялық жобалар болуы керек. Сондай-ақ облыстың Қарабалық ауданының жанында Ресейдің Троицк ГРЭС-і орналасқан. Бұл кәсіпорын барлық қалдығын біздің облысқа төгеді де, игілігін тек өздері көреді. Алыстағы Екібастұздан жақындағы Троицк жақын екенін неге біздің экономистеріміз ескермейді дейді ол.

Жергілікті тұрғынның сөзінің жаны бар. Өйткені, бұл туралы кезінде мәселе көтерілгенін, осы бағытта жобалар жасалып жатқаны туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары В.Мейстер мырза осыдан бірнеше жыл бұрын халықты құлағдар еткен. Алайда, басталған іс қаржы тапшылығына байланысты аяқсыз қалғанға ұқсайды.

Тарифтердің өсуі тұрғындар арасында дүрлігу туғызды. Аз да болса үнемдеп қалайық деген желеумен, төлемақы қабылдау орындарында алдын ала төлемақы жасауға ұмтылыс байқалып отыр. Бірақ, төлемақы қабылдайтын орындардың мамандары келесі айдан бастап төлемақы қайта есептелетінін айтып, алдын ала төлемақы жасаушылар көп ақша үнемдей алмайды деген пікірлерін білдірді.
XS
SM
MD
LG