Accessibility links

Постсоветтік ұзақ ғұмыр иелері құжаттағы датасы күмәнді делініп, Гиннес кітабына кіргізілмейді


Қазақстанның ең қарт тұрғыны Сақан Досова Қарағандыда тұрады. 12 наурыз. 2009 жыл.
Қазақстанның ең қарт тұрғыны Сақан Досова Қарағандыда тұрады. 12 наурыз. 2009 жыл.

Төлқұжаттарында дүниеге келген мерзімі күмән туғызатыны себепті Кавказ бен Орталық Азиядағы ұзақ жасаған адамдар Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмей келеді. Қарағандылық Сахан Досованы да Жер бетіндегі ең ұзақ ғұмыр иесі деп мойындаған жоқ.


ТӨЛҚҰЖАТТАРҒА СЕНБЕУ


Британдық Би-би-си телерадиохабарларын тарату корпорациясы Әзірбайжандағы өте көп жасайтын талыш ұлысына назар аударды. Британдықтар, атап айтқанда, жасы 112-ге келді деп есептелетін Магбуба Фатуллаеваның тағдыры жайында айтады.

Оның өте қарт адам екендігіне әзірбайжан тілінде сөйлемейтіндігі дәлел болады. Ол бұл тілді ешқашан қажетсінбеген. Магбуба Фатуллаева өз ана тілі – талыш тілінде ғана сөйлейді. Өзі туралы білгісі келген журналистермен сөйлесуді ол өзінің 70 жасар ұлы Балоғланға тапсырған.
Ұлбала Ақбайқызының жеке куәлігі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, 20 наурыз, 2010 жыл


Және көршілерінің арасында ұзақ жасаған жалғыз ол ғана емес. Оның үйінен 5 минуттық жолда төлқұжаты бойынша 106 жасқа келген Киши Бандыев тұрады.

Қарияның айтуынша, оның жасы бұдан да үлкен. Бірақ оны дәлелдейтін тууы туралы куәлігі жоқ. Көршілес Лерик қалашығында жасы жүзден асты деп тіркелген кемінде 12 адам бар. Бірақ олардың жасының шынында да жүзден асқандығын растайтын ешқандай дәлел жоқ.

Ең алдымен осы аймақтағы бұдан жүз жыл бұрынғы, жаңадан дүниеге келген сәбилерді тіркеу түрі үлкен күмән тудырады. Ал совет кезінде адамдар төлқұжат алуға қалаған уақытында келетін, олардың жасы қаншада екенін өздерінің айтулары бойынша жазған.

ӘЗІРГЕ ТЕК МҰРАЖАЙДА ҒАНА ЕМЕС

Британдықтардың хабарлауынша, ұзақ жасайтын талыштар келмеске кетіп барады. Мамандар жақын арада жер бетінде ұзақ жасайтын талыштар қалмайды деп есептейді. Бұл заманауи өмірдің қиындықтарымен бетпе-бет келген кейінгі ұрпақтан байқалуда. Сарапшылар ұзақ жасаушылар ұрпақтарының өмірден ерте кетіп жатқандығын атап өтуде.

Лерикте тіпті ұзақ жасаушылардың мұражайы да бар. Мұражай қабырғасына жастары жүзден асқан тұрғындардың фотосуреттері қаз-қатар ілінген.

Мұражайдың директоры Дилара Фатуллаева бүгінгінің адамдары жұмыста стресстерді бастан өткереді және уақыт өте келе көп нәрсе өзгерді деп есептейді. Сондықтан да, оның пікірінше, ұзақ жасайтын адамдар сиреп бара жатыр және көп ұзамай ондай құбылыстың тарих қойнауында қалуы да ғажап емес.

ҰЗАҚ ЖАСАҒАН ҚАЗАҚ ӘЖЕСІ

Ұзақ жасаушыларға британ журналистерінің қызығушылығын тудырған тағы бір жайт, Британияның Гиннестің рекордтар кітабының Отаны болуымен де байланысты болса керек. Бұл кітапта ұзақ жасаушылар туралы мәлімет ең танымал рекордтардың бірі болып отыр.

Әлемнің ең ұзақ жасаған адамын анықтау ережесі ондаған жылдар бедерінде қалыптасты. Адамның жасын көрсететін нақты, талас тудырмайтын құжаттар болмайынша, үміткерлерді кітапқа енгізу мәселесі қарастырылмайды.

Сондықтан, Кавказ бен Орталық Азия елдеріндегі ұзақ жасаушылар Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмеген. Өзінің 130 жылдығын қарапайым ғана атап өткен қарағандылық Сахан Досоваға қатысты да дәл осылай болды. Оны планетадағы ең ұзақ жасаушы адам деп таныған жоқ.

Оның орнына бұл атаққа 114 жасар американдық кейуана Эдна Паркер ие болды. Әйткенмен онымен бұл атаққа бәсекеге түсе алатын адамдар Қазақстанда да баршылық.
Шарапхана ауылының қарт тұрғыны Ұлбала Абайқызы. Оүтүстік Қазастан облысы, Қазығүрт ауданы, 20 наурыз, 2010 жыл.


Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылында тұратын Ұлбала Ақбайқызы Бейсенованың әлемдегі ең қарт адам атануына мүмкіндігі бар. Төлқұжаты бойынша, Ұлбала Ақбайқызы 1897 жылы дүниеге келген.

Ұлбала әжей тұратын ауданда жасы жүзден асқан тағы 16 кейуана бар. Жергілікті тұрғындар бұл жайтты «Қазығұрттың төбесінде Нұһ пайғамбардың кемесі қалған» деген аңызбен байланыстырады.

Ұзақ жасаған қарт әже жайындағы дерек Қарағандыда 2009 жылдың ақпан айында жүргізілген халық санағы барысында белгілі болды. Сахан Досованың туған күні 1879 жылдың 27 наурызы деп есептеледі. Өйткені, советтік төлқұжатта да, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның берген жеке куәлігінде де осы дата көрсетілген.

Өзі дүниеден өткенше Сахан Досованың шынайы жасы анықталған жоқ. Облыстық статистика басқармасындағылар мұрағаттарды тексеріп шыққан соң оның жасы туралы деректер шынайы деп мәлімдеді.

«Деректер сәйкес келеді, – деп жауап берді басқармадағылар. – Қазақ ауылында алғашқы санақтар жүргізілген 1924 жылғы материалдарда Сахан Досованың жасы – 45-те деп көрсетілген».

Бірақ, сол құжатта көрсетілген адам мен қазіргі Досова бір адам ба деген сұраққа басқармадағылар жауап бере алмады.

ҚЫРСЫҚ БОП ТИГЕН ПӘТЕР

Қазақстан парламентінің депутаттары жалпыұлттық халық санағы деректерінің негізінде Сахан Досованы Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жөнінде бастама көтерді. Бұны Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы медико-генетикалық орталығының мамандары қолдаған жоқ.

Олар Сахан Досованың шынымен де 130 жасқа келгеніне күмән білдірді. Сыртқы белгілері бойынша, сарапшылар Сахан Досова ары кеткенде 100-110 жаста деген болжам айтты.
Планетаның еә қарт тұрғыны болған Сахан Досованы соңғы сапарға шығарып салу. Қарағанды, 13 мамвр 2009 жыл.


Баспасөзде ол туралы үзбей жазылып, даңқы жұртқа жайылған уақытта Сахан Досова Қарағанды қаласынан екі бөлмелі пәтер алып, туыстарымен бірге сонда көшіп кірді. Сахан Досованың тағдыры жайында Азаттық радиосы ерекше көп хабарлар берді. Көп ұзамай біздің фотосуреттеріміз бар материалдар британ баспасөзінде жарияланды. Бұдан соң Сахан Досоваға жапондық телевидение өкілдері келді.

Бірақ, жаңа пәтерге көшіп кірген күні-ақ Сахан Досова жуынатын бөлмеде сүрініп жығылып, аяғын сындырып алды. Дәрігерлердің айтуынша, осы жарақат көп ұзамай, 2009 жылдың 9 мамырында кейуананың дүниеден өтуіне себепкер болған.
XS
SM
MD
LG