Accessibility links

Мәңгілік президент болу мәселесі өмірді ұзартуға тапсырыс берумен ұштаса кетті


Суретте жас болат қорытушы Н. Назарбаев бейнеленген.
Суретте жас болат қорытушы Н. Назарбаев бейнеленген.

Ұзақ өмір сүру дүниенің талай мықтыларына арман болған, Сталин 150 жыл өмір сүрем деп үміттенген. Енді, міне, Қазақстанда да мәңгі жастық мәселесі сөз бола бастады. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев үшін өмір бойғы президенттікті белгілеу туралы ұсыныстар мен сол төңіректегі әңгімелер түрткі болғандай.


КҮЗГІ ТАҚЫРЫП – ЖАСАРТАТЫН ДӘРІ БОЛЫП ТҰР

Қыркүйектің басында-ақ Нұрсұлтан Назарбаев кәрілікті жою қажеттілігі және адамды жасартатын сиқырлы дәрі ойлап табу жайында ғалымдармен сөйлескен.

Қазақстан президенті үшін бұл тақырыптың маңызы әріде жатқан сыңайлы, өйткені сол уақыттан бір айдан аса мерзім өткенде президент тағы да ғалымдарды өмірді ұзарту мәселесіне жауап іздеуге шақырды. Егер президент Назарбаев баспасөзбен тұрақты түрде араласқан болса, кәрілікпен күресуге қатысты өзінің құпия ойларын жария етуге тура келген болар еді.

Тақырып күрделі, тайғанақ десек те болады, нағыз өсек-аяңның бастауы, әсіресе, көлеңкедегі сарайішілік сыпсың сөз тасығыштар үшін. Олардың бірі қалмай, бәрі президенттің желке тұсына үйіліп-үймелеп жатқанын көз алдыға келтіру қиын емес. Президенттің өмір жасы мен жеке мүддесін ойлағанда кейбіреулерінің, шамасы, тағы да ауыздарының суы құрып жатқан болар. Билік қайда болса, «гуманистер» де сонда.

Жалпы, кәрілік және оны жеңу мәселесі бар заманда да, әрдайымда да билікке қатысты болып келеді-ау осы. Тарихқа үңілсек те, кәрілікті зерттейтін ғылым – геронтологияның ең белсенді демеушілері мен меценаттары биліктегі адамдар болған.
Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаевтың да, оған дейінгі мықтылардың да ғалымдардан жасартатын дәрі талап етуі таңданатын дүние емес.

ҒАЛЫМ СТАЛИНДІ ҚАЛАЙ АЛДАДЫ


Жиырмасыншы жүзжылдықта мұндай күпірлікке барған адам Сталин еді. Күпірлік болғанда, қандай десеңізші?! Оңынан да, солынан да! Ақшаны да, басқасын да аяған жоқ.

Ол, әсіресе, көрнекті ғалым Александр Богомолецке үлкен үміт артты. Бұл ғалымға арнап геронтология институтын ашып берді.
Фашистік Германияның сыртқы істер министрі Риббентроп (сол жақта ) пен Совет басшысы Сталин Кремлде. Мәскеу, 23 тамыз, 1939 жыл.


Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлына қарағанда сәл-пәл жастаумын. Бір кездері ол жаңа бастаған комсомол еді, ал, мен жүгірмек-пионер едім. Балалармен бірге Богомолец институтының бағына гүл ұрлауға түсетін сол шақтар әлі есімде. Біз, киевтік оқушы балалар гүлге оранған сонау алпауыт ғимараттың ішінде не істеліп жатқанын қайдан білейік?

Ал, тіпті, оның ішінде барлық балалар мен халықтардың «Досының» өмірін ұзарту мақсатында жұмыс істеліп жатқанын біле қалған жағдайдың өзінде біз гүл ұрлауды доғарар ма едік? Әй, тіпті, соның өзінде доғармас едік деп ойлаймын. Біз қаһарман болған жоқпыз, қатал уақыт – елуінші жылдардың басындағы қарапайым кішкентай бұзықайлар едік. Бізді «ұрлықшылар» деген жөн.

Ал, бүгін, елу жылдан астам уақыт өткенде сонау бір ескі замандасыммен, бүгінгі мемлекет басшысымен мәңгілік өмір сыйлайтын дәрі тақырыбында түйісем деп ойламаппын. Тағдыр дегенді қойсаңшы! Сталин де академик Богомолецтің аса сенімді тұжырымдарын естіп, қартаю процесін тоқтату ықтималдылығына ынты-шынтысымен үміт артқан.

Үміттенбегенде қайтсін, рухы илікпейтін бас большевикті дендеп келе жатқан кәрілік иліктіре бастаса, оны ғалымның сөзі қалай қызықтырмасын? Богомолец адамның өмірін 150 жылға дейін ұзартатын таңғажайып дәрі ойлап табуға уәде еткен.

Талайлардың естелігіне қарағанда не өзінің аспаздарына, не балаларына, не бірлесе қан төгіскен ең сенімді жақтастарына сенбеген Сталин Богомолецке сенген және 150 жасқа дейін өмір сүруден дәмелі болған.

Көсемнің сүйікті академигі «Өмірді ұзарту» деген үлкен монография жинастырды. Ол еңбек үш данада басылды. Біреуі автордың өзінде қалды. Қалған екеуін әрі көсем, әрі ғалымның жеке демеушісі еншіледі.

Анық ұйымдастырылған социализмнің Әкесінің миы тұрған жерде қандай ғана жоспарлар жасалмады десеңізші! Қазірге дейін Қазақстан мен Украинаны, Еуропа мен Африканы басқарып отыруға болар еді.

Міне, нағыз ойлар өмірді ұзарту жайындағы. Өз пайымы мен кейпінде құрылған дүниені біреуге бере ала ма, адам? Билікті тыныштыққа ауыстырғысы келетін есалаңды таба аласыз ба? Осы тұрғыдан келгенде мәңгілік өмір бар деуге болады. Бұл – биліктің өзінің мәңгілік өмірі. Оның уақытша қызметшілері сол мәңгілік өмірге еніп, біте қайнасып кеткісі келіп тұрады.

Айтпақшы, тырнақ астынан кір іздеушілер дем арада Қазақстан президенті көтерген ұзақ өмір сүру тақырыбы мен қазір қоғамда кеңінен талқыланып жатқан оның өмірлік президенттігі тақырыбын тығыз байланыстыра қарау үстінде.

65 жастан енді асқан Богомолецтің оқыстан ажал тапқанын естігенде Сталин табиғи күй танытқан.

Кагановичке телінетін естеліктер бойынша Сталин «Алдап кетті, оңбаған!» деп зәрленіпті.

ЫСТАЛҒАН ЕГЕУҚҰЙРЫҚ ЖЕМЕҢІЗДЕР

Совет генетик-геронтологы Геннадий Бердышев ювенологияның – жастық шақты ұзарту ғылымының негізін қалаушы ретінде белгілі. Бердышев Біріккен Ұлттар Ұйымында медицина мәселелері бойынша кеңесші болған. Ол Леонид Брежнев пен Индира Гандиге, Ким Ир Сен мен Дэн Сяопинге жасару жөнінен кеңес берген адам. Бұдан тағы да байқайтынымыз – жасару идеясының билікпен ғана байланыстылығы.
Советтік Әзірбайжан басшысы Гейдар Әлиев пен Совет одағы коммунистерінің жетекшісі Леонид Брежнев. Баку,1982 жыл.


Осы бағытта Нұрсұлтан Назарбаевқа қаншалықты деңгейде білікті адамдар кеңес беріп отыр екен, соны білген қызық болар еді. Қазақстандық ғалымдарға арнап жасартатын дәрі ойлап табу турасындағы ұсынысты жеке бір өзі ғана даярлаған жоқ шығар. Әлдекімдер жәрдемдесуге тиіс қой.

Геннадий Бердышевтің кеңестері бойынша ой қуалайтын болсақ, оның еңбегінде тамаша жаңалықтардың барын байқаймыз. Бердышев Дэн Сяопинді күнделікті асының қатарынан ысталған егеуқұйрықты шығаруға көндіргенін еске алады.

Геннадий Бердышевтің өз геронтологиялық тәжірибесінен бөліскеніндей, билік тұтқасын ұстаушылардың да тағдыры өздері ойлағандай бола бермейді. «Индира Гандиді сол күйі жасартып үлгермей қалдық, - деп еске алады Геннадий Бердышев. - Операция шілде айына жоспарланған еді, ол маусымда мерт болды».

ӨЛМЕЙТІН ЖАЛМАУЫЗ


Бердышевтің тәжірибесінде басқа да қызықты оқиғалар болған. Ким Ир Сен мәңгілік өлмейтіндей қыл демеген... Ол совет профессорынан әлсірей бастаған бел күшін қалпына келтіруді сұраған.
Солтүстік Кореяның көсемі Ким Ир Сеннің портретіне гүл шоқтарын қою. Пхеньян, 8 шілде, 2007 жыл.


Оның себебі әлдебір ферменттің нейромедиаторларды — жыныстық орталықтың жүйке жасушаларының арасындағы химиялық белгі жөнелтушілерді бұзуында болып шыққан. Сол ферменттердің тосқауылын жергілікті өсімдіктерден іздеу керек болған. Сосын Ким Ир Сен корей пионерлеріне жар салған — әркім 20 килограмм өсімдік жинауға міндетті! Әлбетте, не үшін екенін айтпаған.

Өсімдік сығындысынан дайындалған дәрінің Ким Ир Сенге шипа болғаны сондай, оған өзінің заңды жұбайы аздық еткен, мұны ол кейіннен совет ғалымына айтқан.

Қазақстан президенті шетін шығарған жасару, ұзақ жасау және мәңгілік өмір тақырыбын аяқтау үшін мәдениеттанушы Ольга Глебованың сөздерін аттап өту мүмкін емес. Ол мәңгілік өмір феноменіне деген көзқарасты түсіну үшін ертегіні ойға алған дұрыс деп мығымдайды. Ертегіде ешқашан да мәңгілік өмір бақыт ретінде түсіндірілмейді, мүлдем керісінше. Өлмейтін жалмауыз (Кощей Бессмертный) да мәңгілік өмірдің құны есебінде өз жанының бір бөлігін беруге мәжбүр болады емес пе?

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG