Accessibility links

Парламент Сенаты Н.Назарбаевты «Қазақстанның еңбек ері» атағына ұсынды


Алдымен Білім және ғылым министрлігі мемлекет басшысын осы атаққа ұсынса, ізін суытпай-ақ Парламенттің жоғарғы палатасы - Сенат төрағасының аузынан да Назарбаев осы атаққа лайық деген ұсыныс айтылды. Енді мұндай бағалы ұсынысты Мәжіліс депутаттарының қолдауы ғана қалды.

Алайда, Сенаттың ұсынысын күлкілі әрі Кеңес одағы кезіндегі басшылардың жаппай жоғарғы дәрежелі ордендермен марапатталатынын еске түсіреді деген пікірдегі адамдар да бар екен.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Біреулер дұрыс, біреулер бұрыс дейді. Қалай болғанда да, билік ойына келгенін істеп жатыр. Бұл Кеңес одағының қайтып келуі сияқты. Дәуреннің өтіп бара жатқандығы. Баяғыда Брежневке күлуші едік, енді сол өз басымызға келді. Қазір әлемдік дағдарыстың уақыты президенттің маңындағылар дағдарысқа қарсы білек сыбанып жұмыс істеудің орнына басшыларына жағынып, ит тірлік істеп жатыр. Бұл соның бір айқын көрінісі. Өте күлкілі. Күлмеске шараң жоқ.

Әр адамның пікірі бес саусақтың бірдей еместігінің айқын дәлелі екенін осы тақырып айқындап бергендей болды дейді «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев:

— Жаңа марапат туралы интернеттен оқып отырған сәтте, осындай атақты Алтын жұлдызға кім лайық деп ойлағанымда, менің есіме бірден Нұрсұлтан Әбішұлы оралды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері халқына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі қаншама! Қазіргі уақытта әлемдік дағдарыс халыққа салқынын тигізбес үшін бағдарламалар қабылдап, іс жүргізіп жатыр. Сондықтан «Қазақстанның еңбек ері» атағына Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әбден лайық адам.

«Қазақстандағы мемлекеттік дәрежедегі марапаттар арасында қазақтың ұлт-азаттық көтерілістеріндегі батырлардың, я болмаса басқа Алаш тұлғаларының атында бірде-бір арнайы атақ жоқ. Барлығы кеңестік дәуірдегі дүниелердің тұп-тура көшірмесі» екенін баса айтқан

2008 жылдың 1 желтоқсанында «ҚР ның мемлекеттік марапаттар туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, «Қазақстанның еңбек ері» атты жаңа мемлекеттік марапат тағайындалған болатын.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім
, бұл жоғарғы дәрежелі атақты енгізуге президенттің өзі мұрындық болуы мүмкін дейді.

— Өткенде комсомолдың 90 жылдығын Алматыдағы Республика сарайында бұрынғы комсомол, қазіргі шенеуніктер дүрілдетіп тойлады. Оған бұрынғы комсомол хатшысы Иманғали Тасмағанбетов те қатысты. Енді міне, «Қазақстанның еңбек ері» дейтін, баяғы «Социалистік еңбек ері» деген атақтың көшірмесін мемлекеттік марапат етіп бекітіп, оны жерден жеті қоян тапқандай қуана хабарлап, оған президентті ұсынып үлгерді. Өткенде Астананың тойында Сәт Тоқпақбаев Астананың атын Н.Назарбаевтың атына берейік деп айғайлап шыққаны да есімізде. Бұл енді жағымпаздықтың ең жоғарғы шыңы. Қазақстан туы, елтаңбасы бар демесеңіз, сол баяғы отарлық жүйеде өмір сүріп жатқан сияқты. Өзі бас болып, әлгіндей марапат тағайындатқан президент бұл атақтан бас тартпайтын шығар, әй, қайдам!..

Қатардағы журналист Алмат Исаділ "Мемлекеттік марапат түгілі, Қазақстанның барлық саяси жүйесі мен саяси реформалары Кеңес одағының ажырамас синонимдік бөлігі, сондықтан ешнәрсеге таңқалудың және демократиялық көріністер мен үрдістердің болатынынан дәл қазір үміттенудің қажеті жоқ" деп қадап айтты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG