Accessibility links

Нұрлан Ысқақов пен орынбасарларының сотында куәгердің айтқаны залда күлкі туғызды


Нұрлан Әбуев, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты іс бойынша куәгер. Астана, 26 маусым 2009 ж.
Нұрлан Әбуев, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты іс бойынша куәгер. Астана, 26 маусым 2009 ж.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты іс бойынша сотта тыңдалған куәгерлердің ешқайсысы «Меркурий плюс» фирмасының мүддесін бұрынғы басшылықтың жақтағандығы туралы айғақ келтірмеді.



КУӘГЕРДІҢ СӨЗІНЕН ЗАЛ КҮЛКІГЕ КӨМЕЛДІ


26 маусым күні Астана қаласының Есіл аудандық сотында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 150 қызметкерлерінен тұратын куәгерлерді тыңдау жалғасты. Олар бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов пен оның бұрынғы екі орынбасары - Зейнолла Сәрсенбаев пен Әлжан Брәлиевтерге, сонымен бірге «Меркурий плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа қатысты қозғалған қылмыстық іс шеңберінде куәлік беруде.

Олар қалдықтарды жоюға бюджеттен бөлінген 1,172 миллиард теңгені [7,8 миллион доллар шамасында] жымқырғаны үшін айыпталуда. Сотталушылар өз кінәларын мойындамауда.

Куәлік беруге келген орта буын деңгейіндегі басшылардан сенімсіздеу жауаптар естілді: қойылған көптеген сұрақтарға есінде қалмағанын, көптеген құжаттармен жұмыс істегендіктен жұмыстың көптігін айтып, жалтарма жауап қайтарды.

Куәгерлердің жауап сөздері осылай жалғаса беретін сияқты көрінген: жүйкелері сыр берген куәгерлер конкурстық құжатты рәсімдеуге өздерінің қатыстылығы туралы жай-жапсарларды айтпауға тырысатын сияқты әсер қалдырды.

Бірақ, осының алдындағы куәгерлер айыпталушылардың қорғаушылары қойған жайсыз сұрақтар бойынша мәселені бір білсе сол біледі деп сілтеме жасаған адам сот залына келді. Сот тыңдаулары барысында анықталғанындай, қауіпті уды шығару мен жою жұмыстарының конкурстарын даярлаумен бұл мәселеге қатысы аздау адам айналысқан болып шықты.

- Мен техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама сияқты терминдердің мағынасын ажырата алмайтынмын. Және олардың қажеттілігі туралы министрліктегі төменгі деңгейдегі қызметкерлерден естіп, білдім, - деп мәлімдеді куәгер. Бұған залдағылар жамырай күлді.

Бұл адам атмосфералық ауаны бақылау инспекторы Әбуев Нұрлан деген қарапайым, жас жігіт болып шықты. Оқиғаның жай-жапсарын сол айтып берді.

Оның айтуына қарағанда, алғашында, 2005 жылы министрліктегі ең төменгі қызметте отырған оған жоғарыда отырған әріптестері парламенттің төменгі палатасынан келген депутаттық сауалға жауап дайындау туралы тапсырма береді. Онда «Дарьял-У» нысанындағы полихлордефинилді жоюдың қажеттілігі туралы мәселе қойылған болатын.

Нұрлан Әбуевтің айтқанындай, ол «кезекті шығарып салу» қағазын дайындаған кезде оны жан-жақты негізделген құжатты даярлауға мәжбүрлеген. Өйткені, жазбаша жауап премьер-министр әкімшілігінің бақылауында болған екен.

Нұрлан Әбуевтің сотта мәлімдегеніндей, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қаржы министрлігі мен Әділет министрліктерінің нұсқаулықтарына және Азаматтық Кодекстің ережелеріне сілтеме жасай отырып, депутаттарға меншік үшін меншік иелерінің өздері жауапты болады деп жауап қайтарған. Яғни, аталған жобаның мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылуына қарсылық білдірген.

Бірақ, біршама уақыт өткен соң оған қызметтік саты бойынша жоғарыдан төмен қарай премьер-министр Даниал Ахметовтың Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов пен Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Кәрім Мәсімовке республикалық бюджет комиссиясында конденсаторларды жою жобасын қаржыландыру мүмкіндігін қараудың қажеттілігі туралы тапсырмасы түседі.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшыларының адвокаттары сот тыңдауында. Астана, 26 маусым 2009 ж.
Куәгер Әбуевтің айтуынша, премьер-министр Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасынан соң ғана Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов жобаны іске асыруға рұқсат берген.

Айыптаушылардың: «Құжаттарды жинау барысында саған кім тапсырма берді?» деген сұсты сұрағына Нұрлан Әбуев күлімсірей тұрып: «Маған барлығы да тапсырма беретін!» - деп жауап берді.

Алайда, қызмет дәрежесі төмен болғандықтан, ол өз деңгейіндегі әріптестерімен ғана араласып, бөлім бастықтарынан жоғарыдағылардың алында болмаған екен.

ӘЗІРГЕ АЙЫПТАЛУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ КУӘЛІКТЕР ЖОҚ

Қаржы басқармасы мен бухгалтериядан келген куәгерлер Юлия Зеленая мен Наталья Крячкиналардың айтуларынан да, айыпталушы, бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов та, оның аталған іс бойынша айыпталып отырған екі орынбасары - Зейнолла Сәрсенбаев пен Әлжан Брәлиевтер де «Меркурий плюс» компаниясынан қызметті сатып алу туралы процесті тездетуге байланысты оларға тікелей тапсырма бермегендігі белгілі болды.

Ерлан Тасыров, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты іс бойынша өтіп жатқан соттың төрешісі. Астана, 26 маусым 2009 ж.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қызметкерлері барлық конкурстық құжаттар Қаржылық бақылау комитеті мен Республикалық бюджет комиссиясында сараптамадан өткеніне куәлік берді. Ондағылар да «Дарьял-У» радиолокациялық станциясындағы конденсаторларды бір ғана жерден, тек нысан егесі, «Меркурий плюс» компаниясы ғана жою керек деп бекіткен.

Министрліктің әкімшілік-қаржылық департаментінің бұрынғы директоры Татьяна Савицкаяның бұл істегі рөлі де назар аударарлық болып отыр. Оның бұрынғы бағыныштыларының бірі Наталья Крячкинаның айтқанындай, аталған жобаның барлық құжаттарын Татьяна Савицкая өзінің кабинетінде сақтаған.

Қазіргі сәтте қалған куәгерлердің ешқайсысы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылығы тарапынан «Меркурий плюс» компаниясының мүддесін жақтағандығы туралы фактіні келтірмеген.
XS
SM
MD
LG