Accessibility links

Обама Қазақстанға шақыруды қабыл алды, бірақ АҚШ елшілігі оның қашан келетінін айтпайды


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанның шақыруын қабыл алды, алайда американ елшілігі бұл ақпаратты растаған жоқ. Егер ол Қазақстанға келетін болса, оның сапарын Қазақстан мен Белорусь елдерін Кедендік одақ құруға асықтырып отырған Ресей басшылығы назарында ұстайды.

ҚҰРАМА ШТАТТАР – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ІРІ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР

Рейтер агенттігі хабарлағандай, Америка президенті Барак Обама Орталық Азия елдеріне жасайтын кең ауқымды сапары барысында Қазақстанға баруды да жоспарлап отыр. Рейтер Қазақстан парламентінің хабарламасына сілтеме жасаған. Қазақстандағы Америка елшілігі бұл хабарды растаған жоқ және мүмкін болар мұндай сапардың уақыты туралы да ешнәрсе айтпады.

Рейтер агенттігі Ауғанстандағы НАТО әскерлерін қамтамасыз етудің балама жолдарын табу мақсатында, Америка үкіметі биылғы жылы постсоветтік аймақта дипломатиялық белсенділігін арттыра түскендігін еске салады.

Сондай- ақ, агенттік Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан «Шеврон» (Chevron) және «Эксон Мобил» (Exxon Mobil) компанияларының арқасында Құрама Штаттар Қазақстандағы ең ірі инвесторлар болып отырғанын да айта кетеді.

Мәскеу бұл аймақты әркез өзі мүддесіне қажетті деп есептегендіктен, Барак Обаманың мүмкін болар бұл сапарына және АҚШ-тың аталған аймақта ықпалының артуына Ресей тітіркене, жақтырмай қарауы мүмкін деген болжам айтады Рейтер агенттігі.

Сонымен бірге, агенттік Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыспен байланысын нығайтуға бұрыннан талпынғанын атап өтеді. Бірақ ол Ресей мен Қытай да Қазақстан үшін маңызды әріптестер екендігін айтудан жалыққан емес. Ауғанстандағы америка бөлімдерінің әскери емес жүктерін өз аумағы арқылы өткізуге Ресей және Өзбекстанмен бірге Қазақстанның да келісім бергенін Рейтер еске салады.

ҚАЗАҚСТАНДА ЯДРОЛЫҚ ОТЫНДАРДЫҢ БАНКІН ЖАСАУ КҮДІК ТУДЫРУЫ МҮМКІН


Америкалық «Уолл Стрит Джорнел» газеті Қазақстан аумағында ядролық отындардың халықаралық банкін құру туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына қатысты Америка президенті кәдімгідей ойлануда деп хабарлайды. «Уолл Стрит Джорнел» газеті мұндай ұсынысты Американың алдыңғы президенті Джордж Буштың да қарастырғанын еске салады. Бірақ ол, оны МАГАТЭ халықаралық ұйымы бақылауға алса да, мұндай банктің бейтарап елде орналасуына үзілді кесілді қарсы болған.

Америка газеті, аты-жөнін атамастан, ЕуроОдақтың бір дипломатының пікірін келтіреді. Дипломаттың пікірінше, өзінде ядролық қару бола тұрып одан бас тартқан Қазақстанның ұсынысы қызықтырақ болуы мүмкін. Осылай дей тұра дипломат Қазақстанның ұсынысында біраз күмәнді тұстардың барлығын да айтады. Оның айтуынша, авторитарлық режим мұндай істе қажетті ашықтық деңгейін жасай алмауы мүмкін.

Сонымен қатар, UPI.com ақпарат агенттігі АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Жаңа Зеландия сыртқы істер министрі Меррей Мак-Куллимен ядролық қаруды таратпау идеясын қолдау туралы келісімге қол қойғанын хабарлайды.

Бұл келісімге сәйкес, Жаңа Зеландия Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде радиациялық бақылаудың арнаулы жүйесін жасайтын америкалық бағдарламаға 350 мың доллар бөледі. Жаңа Зеландия, аппаратураға қызмет көрсететін инфрақұрылымды жасау мен Қазақстан мамандарын үйретуге байланысты қосымша міндеттеме алып отыр.

ПУТИН: ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ КЕДЕНДІК ОДАҚ ҚҰРУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУДІ ҚОЛДАЙДЫ


«Аргументы и факты – онлайн» газетінің ақпаратына сәйкес, Ресей үкіметінің төрағасы Владимир Путин ел парламентінің алдында есеп беру баяндамасында Қазақстан мүддесіне қатысты мәселені қозғап кетті.

Атап айтқанда, Владимир Путин Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кедендік одақтың құқықтық негіздері қаланып біткенін және Кедендік одақ жұмысын бір жылға ерте, яғни 2010 жылы іске қосуға болатынын хабарлады. Путиннің пікірінше, Ресейдің серіктестері – Қазақстан да, Беларусь та бұл жұмыстың жеделдетілгенін қолдайды.

ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫ СОЧИДЕГІ ОЛИМПИАДАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ САЛАДЫ

«РБК - Росбизнесконсалтинг» агенттігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Әділбек Жақсыбеков басқарған делегация Краснодар аймағының өкілдерімен Қазақстан компанияларының Сочидегі олимпиадалық нысандарды салуға қатысу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізгенін хабарлайды.

Келіссөздер кезінде тараптар екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы үш жылда үш есеге өсіп, 2008 жылдың қорытындысы бойынша, 201,2 миллион долларға жеткенін атап өткен. Аймақта Қазақстан капиталы бар алты кәсіпорын тіркелген. Жергілікті жоғары оқу орындарында 60 қазақстандық студент оқиды.

2002 жылғы бүкілресейлік халық санағы бойынша, аймақта 1331 қазақ тұрады. Сапар барысында Қазақстан делегациясы краснодарлық «Промавтоматика» кәсіпорынында, олимпиадалық нысандардың құрылыс алаңдарында және салынуына қазақстандық компаниялар қатысқан Сочи дельфинарийінде болды.
XS
SM
MD
LG