Accessibility links

Мұнай бағасының түсуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етуде?


Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан экономикасы мұнайдың халықаралық нарықтағы бағасына тәуелді болып отырғандықтан, әлемдік қаржы дағдарысы елдің экономикасында қатты білінуде.

Негізгі кіріс - көзі шикізат болып табылатын Қазақстанға енді табиғи байлықтарына иек артып жүре беруге болмайды. Оның салдары Қазақстан экономикасы үшін үлкен соққы болуы мүмкін деп ескертеді мамандар.
- Үкімет 2008-2009 жылдарға арналған республикалық бюджетті есептеу кезінде мұнайдың әлемдік бағасын шамамен барреліне 60 доллар деп алған болатын. Бірақ жағдайды ешкім де нақты болжай алмайды. Мәселен, осы жылы мамандар мұнайдың бағасы жыл аяғына дейін төмендемейді деп айтқан болатын. Қазір көріп отырғанымыздай болжам дәл келген жоқ. Ал қара алтынның бағасы түскен жағдайда көмекке келетін Ұлттық қордың ақшасы түпсіз емес, - дейді экономист Антон Артемьев.

Шикізаттан түскен табыс көзінен құралатын Ұлттық қор сонымен қатар құнды қағаздар есебінен де толтырылады. Бұл орайда әлемдік қаржы дағдарысы Ұлттық қордың инвестициялық кірісіне қалай әсер етіп отырғандығы әзір белгісіз. Себебі, мұның бәрін үкімет ашық жүргізіп жатқан жоқ дейді ол. Жаңа салық кодексі бойынша, мұнай өндіруші компанияларға салынып отырған салық түрлерінің көбеюі де жағдайды екі есеге қиындата түспек деп қосады экономист.
Жаңа салық кодексі демекші, экономист сарапшы Сергей Смирновтың айтуынша, алдағы уақытта аталған заң жобасына енгізілген өзгертулерді алып тастаудан басқа үкіметте амал қалмайды.
- Бұл өзгерістер жазда енгізілді. Ол кезде шикізаттың бағасы жоғары болатын. Шикізат өндіруші компанияларға көп табыс түскендіктен, үкімет олардың табыстарына салық салмақшы болды. Қазір мұнайдың бағасы екі есеге төмендеген кезде компаниялар бұрынғыдай табыс тауып жатқан жоқ. Республиканың кірісі соған тәуелді болып отырғандықтан, үкімет салық кодексіндегі бұл өзгерістерді қайта қарастырады.
Экономистің айтуынша, мұнай бағасы 60 долллардан түсетін болса, Қазақстан экономикасы үшін қиын кезеңдер басталуы мүмкін, себебі, ел бюджетінің 70 пайызы шикізат секторына тәуелді болып отыр.
- Өткен аптада экономика қажеттілігі үшін Ұлттық қордан 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Яғни, мұнай бағасының құлдырауының салдары қазірдің өзінде білініп жатыр. Ұлттық қордағы ақша толтырылмай, жұмсала беретін болса, ол бір күні бітеді.

Әлемдік экономика және саясат институтының бас ғылыми қызметкері Қанат Берентаевтың айтуынша, керісінше мұнайдың әлемдік бағасы алдағы уақытта барреліне 70-90 доллар болып сақталады.
- Менің ойымша, мұнайдың бағасы алдағы уақытта өте қатты түспейді. Бізде осы жылы мұнайдың бағасы 147 долларға жеткенде, сол кезде оның 40 пайызы алыпсатарлардың қолында болды. Жалпы мұнай бағасының өзгеру қарқынын қарасақ, онда бағаның өсуі үнемі сақталып қалады. Оның өсу шегі биржа ойынына байланысты. Және де ол қазір айтылып жүргендей мүлде құлдырап кетпейді. Жалпы ішкі өнімнің қарқыны біраз төмендеуі мүмкін. Бірақ мұнай бағасының төмендеп жатқаны ел экономикасына айтарлықтай әсер ете қоймайды.
Қайткен күнде де Қазақстан экономикадағы шикізаттық емес секторды дамыта түскені дұрыс. Әзірше, үкіметтің бұл талпынысы сәтсіз аяқталып келеді дейді экономист Сергей Смирнов.

- Соңғы 5-6 жылда шикізаттың құны қымбат болды. Осы сәтті пайдаланып, үкімет экономикадағы шикізаттық емес секторға бағытталуы қажет еді. Бұл уақытта үкімет жайбарақаттылық танытты. Ал шикізаттың бағасы төмендеген кезде бірден мазасыздана бастады. Үкімет ара-тұра экономиканың бағытын өзгерту жайында айтып қалады. Біздегі серпінді жобаларды алыңыз. Оған енген зауыттардың барлығы да шикізат өндіруге бағытталған. Бізде мысалы, Кеңес Одағы кезінде екі жарым мыңға жуық машина жасау зауыттары болды. Ал қазірде олардың санын 200-ге жеткізе аласыз ба? Бар зауыттардың жабдықтары да ескі.
Соңғы ақпарат бойынша, мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 71 долларды құрап отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG