Accessibility links

Төлегеннің сағынышы


 Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов (1937-1967 жж.) Жеке мұрағаттағы сурет.
Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов (1937-1967 жж.) Жеке мұрағаттағы сурет.

Сегізінші наурыз - қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің туған күні. Небары отыз жасқа да толмай пәни дүниеден өткен біртуар ақынның жырларынан төгілген сағыныш күйі әлі күнге шейін оқырманды мөлдір шықтай тазалағымен баурайды.


САҒЫНЫШТАН ЖАРАТЫЛҒАН АҚЫН

Ақын болу үшін дүниені жан-тәніңмен құлай сүю керек. Сол кезде ғана өмір сізге құшағын жайып, тылсым тіршіліктің талай құпиясы ашылады. Дүниені сүю арқылы адамның Аллаға деген сағынышы оянды, жүрегінде өлең оты тұтанып, ұлы Жаратушымен сырласуға мүмкіншілік алды.

Міне осылайша ұлы мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған дәнекершесіне айналды. Жалғыздықтан жалығып, мына бес күндік жалғаннан түңіліп, аңқасы кеуіп, имандылықтың нұрлы сәулесін аңсаған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны содан болса керек.

Қазақ әдебиетіндегі тұнығы лайланбаған, жастыққа тән қуатымен арнасына симай тасып жатқан сондай таза бұлақтардың бірі – Төлеген
Қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің бозбала шағы, жеке мұрағаттағы сурет.
Айбергеновтің поэзиясы.

Отызға да толмай опат болған ақынды қыршын кетті деп айтуға да обалсынады екенсің. Алайда дәм-тұзының тым ерте таусылғанына қарамастан оның поэзиясында өзге ақындардың ешқайсысында да кездеспейтін дүниеге деген ерекше бір сағыныш бар. Әсіресе ақынның адамның заңғар ұлылығын ақыл таразысына салып, сағынышымен өлшеген махаббаты «Құмдағы мұнаралар» жинағында анық көрініп, айрықша сезіледі.

«Сағыныш» атты өлеңдер циклында бұл алапат сезім буырқанып, теңіздей тебіреніп, таулардай асқақтап шарықтау шегіне жетеді.

Дүниеге ынтызарлығыңды тірілтіп, өмірге құштарлығыңды оятатын ақын жырларының әр жолынан Табиғат-Ананың аялы алақанындай мейрімділікті сезініп, сағыныш оты жүрегіңізді шарпиды. «Сағындым жаным мен сені!» деп басталатын өлеңнің алғашқы жолдары-ақ, әу дегеннен сізді елең еткізіп, шынайлығымен, кір шалмаған сәбидің жүрегіндей пәктігімен сезіміңізді баурайды.

Үмітке толы, армандай толы әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған.
Сені мен менің ғасырлар күткен сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған жаным, арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.
Көкірегінде сағыныш барда мұрат да сенде бар, жаным,
Алдыңда тұрған қыраттың саған көрінбей жатқан ар жағын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен көктеп өт.
Мен мұны саған жазып отырмын арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

Орыс ақыны Марина Цветаева «Пушкин мені махаббатымен баурап алды» десе, Төлеген Айбергеновтың поэзиясы оқырманын
Ақын Төлеген Айбергенов (сол жақтан екінші) және композитор Шәмші Қалдаяқов (сол жақтан үшінші) ақын-жазушылармен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.
сағынышымен жаулайды. Сағыныш жоқ жерде махабаттың да, бақтың да, адалдықтың да болмайтынына ақын жырларын оқып шыққан соң, иланбасқа амалың кем.

Оқушымен сырласқан сайын сөзін сағыныштан бастайтын ақын өлеңдерінен Төлегеннің жүрегін өртеген Отанға, анаға, жарына, апасына, балаларына бір сөзбен айтқанда мына жарық әлемге деген шексіз сағынышын көресіз. Даладай шексіз сағыныштың ақынның жұдырықтай жүрегіне қалайша сиып кеткеніне қайран қаласыз.

Ей, адамдар айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!

Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен
Қазір мені жұлып алды төсектен.


О, АДАМДАР БІРГЕМІН МЕН СЕНДЕРМЕН

Өлеңінің әр шумағынан сағыныштың сазы есетін Төлеген Айбергеновтың поэзиясында ерекше бір қуат бар. Ол басқа түскен қайғыға мойымайтын, қайта онымен тірескенде бел омыртқасын морт сындырып жіберетін – күрескерлік қуат. Ол адамды жеңіп, жігерін құм қылғысы келетін қасіретпен арпалысып, қолын қайырып, мойнын бұрап тастайтын – батырлық қуат. Мысалы, ақынның «Апаларым» атты өлеңінде Төлеген Айбергеновтің күрескерлік және батырлық қуаты мейлінше шынайы кестеленген.

Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп,
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.
Таралып шартарапқа жолдар шықты
Сендердің бұрымдарың сияқтанып.
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып
Қатігез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,
Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.

Қазақ әдебиетіндегі жауһар жырлардың бірі болып саналатын бұл лирикалық шығармада қайғыға мүжілмейтін, тағдырдың тепкісін
Қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің «Біргемін мен сендермен» атты кітабының мұқабасы.
көрген сайын жігерлене түсетін Төлегеннің ақындық рухы мен мінезі сайрап жатыр. Өлеңді оқып шыққаннан кейін Төлегеннің ақындық болмысының сағыныштан жаратылғанына сенбеске амалыңыз қалмайды.

Мергендердің қосына тастап кеткен қарауылдай жалғыз қалған ақынның жаны сағыныштан өртеніп кете жаздаса да, апаларының бақытын өз басының қуанышындай қабылдайды.

Кейде мен Көлінде қап Қособаның
Сендердің саулығыңа тост аламын.
Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,
Бақытын ойлап басқа босағаның.

Үміті үзілмейтін дүниенің сағынышынан жаратылған ақын ғана дәл осылай жырлай алса керек. Адамдардың бәрін сағынышымен аялағысы келіп тұратын және соған қалтқысыз сендіре алатын қасиет қазақ поэзиясында тек Төлегенде ғана бар.

О, адамдар біргемін мен сендермен
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жел берген.

Қайғыдан басын мұнар шалған өлеңдерді Төлегеннен кездестіре алмайсыз. Оның поэзиясы – жасампаздықтың жыры. Сондықтан да Төлегеннің жырларынан жауды жеңіп келген батырдың көңіл-күйіндей шаттық пен қуаныштың самалы соғады.

Алайда жазушы Әбіш Кекілбайұлы дәл байқағанындай «бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы» (Әбіш Кекілбайұлы, Он екі томдық шығармалар жинағы, 10 том, 145 бет. Өлке баспасы, 1999 жыл.)

Ақын Төлеген Айбергенов ең құрығанда отыз жасқа да толмай қыршыннан қиылды. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүргеніне қарамастан оның артында мәңгі өлмейтін жырлары қалды. Төлеген жырларын оқыған сайын адам баласы таба алмай жүрген бір жұмбақ әлемге кетіп қалғым келеді.

Ол жұмбақ әлемнің аты – Сағыныш.
XS
SM
MD
LG