Accessibility links

БТА айналасындағы тартыс Қазақстандағы билік пен ықпал үшін күрестің бергі беті ғана


Қазақстан банк секторының бұрынғы көшбасшысы БТА Банк Лондонда өтіп жатқан сот ісінің басты нысанасы болып отыр. Банк сонымен қатар несие берушілермен қарызын қайта құрылымдау келіссөздерін жүргізуде. Сарапшылар БТА айналасындағы тартыстың көзі билік үшін күресте жатыр дейді.

БИЛІК ПЕН АҚША ҮШІН КҮРЕС

БТА-ның қазіргі басшылығы несие алушылардан олар алған миллиардтаған доллар несиені мерзімінен бұрын қайтаруды өтінді деп хабарлайды «Блумберг». БТА банктың алдында «оның бұрынғы иелерінің, ресми және бейресми корпоративтік несие алушылардың иелерінің қарсылығын жеңу, банктан тоналған активтерді сату, күрделі қарыз беру схемалары мен жемқорлық түйінін шешу» мәселесі тұр деп мәлімдепті банк басшысының бірінші орынбасары Николай Варенко.

БТА-ның қазіргі басшылығы бетін ашып отырған заңдылығы дүдәмал келісімдер тізіміне Мәскеу шетіндегі Домодедово кентінде жер телімін сатып алу үшін бір жарым миллиард доллар несиенің берілуі де кіріп отыр. Мұнда БТА-ның бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов
Мұхтар Әблязов, бұрынғы оппозиция лидері, бұрынғы топ-менеджер, қазірде саяси эмигрант.
бақылайтын «Евразия сити» фирмасы жүз елу мыңдай адам тұруы тиісті қала салмақ болыпты деп түсіндіреді агенттік.

Бұрындары БТА Банк Қазақстанда активінің көлемі бойынша ең ірі банк болып саналған еді. Алайда 2009 жылдың әуелгі үш тоқсанының нәтижесінде ол 13 миллиард доллардан астам сомаға зиян шеккен деп жазады «Еуразиянет».

Банк тарихы Қазақстандағы жарылыс қаупіндегі саясат пен экономиканың мидай араласуының айқын көрінісі дейді онлайн-басылым. Бұл қақтығыстың бір жағында банктің қазіргі иесі - мемлекет тұрса, оған қарсы бетте банктың бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов тұр. Оны бүгінде банктің басқа екі басшысымен бірігіп, осы мекеменің 550 миллион доллардай қаржысын қымқырып кетті деп айыптап жатыр. Аталған үш адам да бұл айыптауды мойындамай отыр.

БТА Банк оларға қарсы Лондонда сотқа шағымданды. Банк үшеуінен 300 миллион доллардай ақшаны қайтаруды талап етуде. Шағым берушінің айтуынша, бұлар аталған соманы «өткен жылы күдікті келісімшарттар арқылы өздері құпия бақылайтын Drey Associates Ltd. компаниясының есебіне аударып жіберген». Қазір бұл іс Лондонның жоғары сотында қаралып жатыр.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ: «ГӘП БҰЛ ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫНДА ЖАТЫР»

«Еуразиянет» тілшісіне берген сұхбатында Әблязов өзіне тағылған барлық айыптауды жоққа шығарды.

«Менің банкті ұйымдастырып, оны жетекші банк дәрежесіне дейін көтеруім - түкке тұрмас соманы ұрлау үшін ғана жасалды деуге келе ме, – деп атап көрсетеді ол. – Мен банкке мұндай нәрсе үшін келгем жоқ... Гәп бұл істің саяси астары бар екендігінде жатыр...».

Бұрындары Қазақстан үкіметінде энергетика және индустрия министрі қызметін атқарған Әблязов 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болған еді. Қозғалысты елді біртіндеп демократияландыруды талап еткен шенеуніктер мен кәсіпкерлердің бір тобы ұйымдастырған болатын.

Әблязов пен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушылардың тағы бірі Ғалымжан Жакиянов бұдан кейін жемқорлық жасады деп айыпталып түрмеге қамалды. Әйтсе де, олар бұл айыптауды қабыл алмай, өздерінің саяси сенімі үшін қудаланғанын алға тартумен болды.

Сот үкімі бойынша Әблязов 6 жыл бас бостандығынан айырылуы керек деп шешілсе де, ол түрмеде бір жылға толмайтын мерзімде босатылды. Бұдан кейін ол Мәскеуге кетіп, кәсіпкерлікпен айналысады.

2005 жылы Қазақстанға оралып, БТА банк басшысы ретінде қызметке кіріседі.

Әблязовтың айтуынша, ол БТА банкті мемлекеттен 1998 жылы-ақ сатып алыпты. Алайда, өзі сотталып кеткеннен соң, саяси себепке байланысты өз үлесін делдалдар атына бүркемелеген екен. Әблязовтың өзі аталған әрекетінің Қазақстанда құпия болмағанын айтады. Дегенмен оның заңгерлері неге оның істі бұлайша әдіспен, жасырын жүргізуін Лондонның жоғары сотына түсіндіруге мәжбүр боп жатыр.

ҰҚК-нің тергеу абақтысының сырты қақпасы. Астана, 4 маусым 2009 жыл.
Осы сот қазақстандық үш айыпталушының активін британиялық үш азаматтың және Drey Associates Ltd. компаниясының активімен қоса тұтқынға алған болатын. Әблязовтың айтуына қарағанда, БТА банктің 50 пайыздық үлесін Назарбаевтың өзі иемденбек болыпты.

Әблязов: «Назарбаев мұны мені саясатпен қайта айналыса алмайтындай ету үшін істемек болды», – деген уәж айтып отыр. Бұған қоса 2008 жылдың соңында аяқ астынан орын алған дүниежүзілік дағдарыс банкті күштеп тартып алу үшін сылтау болды дегенді тілге тиек етеді Мұхтар Әблязов.

Ал Қазақстанның түрлі мемлекеттік мекемелерінің шенеуніктері БТА банк ісінде саяси астар болуы мүмкін емес дейді.

«Бүкіл бұл процесс толығынан ашық жүріп жатыр, яғни онда ешбір саяси мүдделестік жоқ», – деп мәлімдеді қараша айының 2 жұлдызында «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының төрағасы Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, БТА банкті мемлекет иелігіне алу оны күйреп кетуден қорғау үшін қолданылған шара екен.

Дегенмен, Қазақстанда әділ заңдылықтың бар екеніне Әблязов сенбейді. «Мұндай заң жоқ әрі билік бір адамның уысында отырған елде қолыңдағының бәрін кез келген сәтте тартып ап, өзіңді түрмеге тығып, тіпті өлтіріп те жіберуі мүмкін», – дейді ол.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ

Өзінің бұдан бұрын жарық көрген шолуында Deutsche Welle Қазақстанда жүріп жатқан жемқорлықпен күрес науқанының ерекше бір тұсына тоқталады. Елде мемлекеттік шенеуніктер мен аса ірі компаниялардың бас менеджерлерін тұтқындау толқыны басылмай отыр деп атап көрсетеді сайт.

2008 жылы сәуірде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы болған Жаксыбек Күлекеев тұтқындалған еді. Одан кейін
Жақсыбек Күлекеев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 13 қараша 2009 жыл.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаев қамауға алынды, оған «бөтен біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемденіп кетті» деген айып тағылған болатын. Олар сотталып кетті деп жазады басылым.

2009 жылы Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев пен қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Мейірманов сотталды. Сонымен қатар, бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ыскақов екі орынбасарымен қоса сотталып кете барды. Бұлар бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталды.

Ал қыркүйек айында Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Абылай Сабдалин пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен тұтқындалды. Уран кеніштерінің үлесін бас пайдасына орай жымқырды деп айыпталған «Қазатомпром» бұрынғы компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев те қамауда жатыр.

Кәсіпкер Серік Тұржановтың тұтқындалуы да адамда дүдәмал ой туғызады. Ол бұдан бұрынырақ Қазақстандағы билік басындағыларға қарсы өткір сын айтқан еді. Енді оның өзі мемлекеттік бюджеттен қаражат ұрлады деп айыпталып, онымен бірге елдегі статистика жөніндегі агенттіктің төрағасының екі орынбасары да түрмеге жабылып кете барды.

Абылай Сабдалин, Қазақстанның бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі.
Сарапшылар сөзіне қарағанда, мұндай қарқынды тұтқындау толқыны елде билік тарамдарының теңгерімі жүйесінің жоқтығын білдіреді. Осының нәтижесінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев басты лауазымды орындарға шенеуніктерді тағайындағанда түрлі ықпалды топтардың мүдделерін ескере отыруға мәжбүр.

Жекелеген эксперттер жоғары лауазым иелеріне қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық қуғындауға сараптау жасап, экономикалық сипаттағы айыптың тағылғанына қарамастан олардың саяси астары бар деген тоқтамға келді. Жемқорлық жасады деп айыпталған барлық шенеуніктерді біріктірер бір ортақ нышан бар: олардың ешбірі мемлекет басшысын қолдайтын көне номенклатуралық гвардияның қатарына жатпайды.

Аталған сарапшылардың айтуынша, көбейіп кеткен тұтқындау – ресурстарды иемдену мен өзінің ықпалын өсіруге бағытталған элиталық топтар арасындағы күрестің өршіп кеткенін аңғартады. Экономикалық дағдарыс кезеңінде әлді топтар арасындағы бәсекелестік бұрынғыға қарағанда қатаң формада жүріп жатыр. Себебі, мұндай уақытта қаражат ағымына бақылау орнату ерекше мәнге ие болады деген қорытындыға келеді сайт.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG