Accessibility links

Интернет туралы «антирахаттық» заң қазақстандық БАҚ-тардың онсыз да мүшкіл халін ауырлатып жіберуі мүмкін


Елдегі интернет пен БАҚ-тардың еркіндігін одан әрі шектеудің жанында, өзінің жеке блогын ашқан Кәрім Мәсімовтың бастамасы «көз алдау үшін жасалған пиар-трюк болып қалуы мүмкін» деп жазады Economist журналы.

Ықпалды Economist іскер журналы Қазақстандағы интернеттің және бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мәселесіне назар аударады.

Ресми Астана ақпараттық технологияларды дамыту және халықты өркениеттің соңғы жетістіктеріне тарту тұрғысында біраз бастамалар көтергені мәлім. Жарық көрген мақалаға қарағанда, бұл істе үкімет басшысы ерекше көріне білді: «Кабинеттегі әріптестерімен салыстырғанда Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов – компьютердің кәнігі білгірі. Осыдан екі жыл бұрын қазіргі қызметіне тағайындалғанда оның жеке веб-сайты болатын. Өткен айда ол өзінің техникалық білімі мен өзін-өзі жарнамалау таланты жағынан тағы да ерекшеленді.

Енді ол – елдегі ең жоғары дәрежелі блоггер. Ол азаматтардың арыз-шағымдары үшін жеке блогын ашты. Бұған қоса, министрлерге өзінен үлгі алуға тапсырма берді. Жаңа блог үкіметті халыққа жақындастыруға арналған. Алайда, бұл әрекет, шын мәнінде, мақалада айтылғандай «көз алдау үшін жасалған пиар-трюк болып қалуы мүмкін». Азаматтар блогқа шағымдарын жібере бастады.

Мәсімов, тіпті, ресми жиналыстарда олардың кейбіреулері жайында айтып та кетті. Бірақ, елдің басқа блоггерлері өз пікірлерін еркін айту мүмкіндігінен айрылып қалуы ықтимал. Олардың жолына үкімет ұсынып отырған интернет жұмысын реттеу жөніндегі заң жобасы тосқауыл болуы мүмкін. Газет редакторлары мен қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл - цензураға қайта апаратын қадам.

Economist басылымының атап өтуінше, жаңа заң, чаттар мен блогтарды қоса алғанда, бүкіл интернеттің жұмысына бақылауды қатайтып жіберуі ықтимал. Бұл құжат бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізілген соң екі аптадан кейін парламенттің қарауына жіберілді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) жетекшілік ететін уақыты жақындап қалған ел басшылығы Қазақстан заңнамаларының халықаралық құқықтық талаптарға сай боларына уәде беріп, міндеттеме алған болатын.

zonakz.net танымал веб-сайтының бас редакторы Юрий Мизинов шетелдік журналға берген сұхбатында: «Интернет туралы заң жобасы нақты мақсатпен жасалған. Ол – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің тарапынан жарияланып жатқан компроматқа тосқауыл қою» деген болжам айтады.

Өткен жылы Қазақстан соттары бірқатар қылмыстары үшін, оның ішінде төңкеріс жасамақ болғаны және адам ұрлағаны үшін, Рахат Әлиевті сырттай 40 жылға соттағаны белгілі. «Австрияда өз еркімен айдауда жүрген ол, қазақстандық жоғары дәрежелі шенеуніктердікі делінген, құпия жазылып алынған телефон әңгімелерін оқтын-оқтын интернетке шығарып қойып, зәрелерін алуды ермекке айналдырған. Болжам бойынша, оның қолында мұндай әңгімелердің біршамасы болса керек», - деп жазады Economist.

Мақалада Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың сөзі келтірілген. Оның ойынша, еркіндікке үйренген интернет-пайдаланушылардың үнін ешкім өшіре алмақ емес. «Қазақстанда интернетке бақылау қою үшін бүкіл елдегі жарықты сөндіріп тастау керек», - деп есептейді Матаев.

Мақалада айтылғанындай, онсыз да «Қазақстанда тәуелсіз журналист болу оңай болмай тұрғанда», жаңа заң баспасөздің өмірін одан әрі қиындатып жіберуі мүмкін. Желтоқсан мен қаңтар айларында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне қарсы бірнеше шабуыл жасалды. Жақында сот әлдебір депутатқа жала жапты деген айыппен оппозициялық газетке үлкен көлемде айыппұл салды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі туралы тақырыпты тағы бір хабарлама жалғастырады. Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау жөніндегі комитет (Committee to Protect Journalists – CPJ) 4 ақпанда «Алма-Ата инфо» тәуелсіз апталығының редакторы Рамазан Есіргеповті жедел түрде босатуға шақырды. Ұйымның сайтында 6-шы қаңтарда Алматы ауруханасында Есіргеповтың ұсталғандығы және оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Тараздағы абақтысына қамалғандығы жайында ақпарат жарияланған. Журналист мемлекеттік құпияны жария қылғаны үшін айыпталуда. Оны сегіз жылға соттауы мүмкін.

Желтоқсанда осы айыптардың негізінде Алматы прокуратурасы газетті жабуды талап етіп «Алма-Ата инфоны» сотқа берген. Билік редакцияның бүкіл құрал-жабдықтарын тәркілегендіктен, газетті одан әрі шығару мүмкін болмай қалды.

«Біз Қазақстан өкіметін Рамазан Есіргеповты жедел түрде босатуға, оның газетінің бүкіл құрал-жабдықтарын қайтарып беруге, оған және «Алма-Ата инфо» газетіне қарсы тергеу мен сот процестерін тоқтатуға, редактор мен газетке жазалаудан қорықпай қызмет етуіне мүмкіндік беруге шақырамыз. ЕҚЫҰ-ға келесі төрағалық ететін елде қоғам мүддесі үшін қызмет еткеннен басқа жазығы жоқ журналисті қудалауға жол берілмеуі керек», - дейді CPJ-нің Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Нина Огнянова.

Алматылық «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының директоры Розлана Таукинаның айтуынша, Есіргепов қажетті емін ала алмай отыр. CPJ сайтындағы мақалада айтылғанындай, 28 қаңтарда баспасөзді қорғау жөніндегі жергілікті бірнеше ұйымдардың жетекшілері, оның ішінде Таукина да бар, Қазақстанның бас прокуроры мен ҰҚК төрағасына ашық хат жолдаған. Хатта олар Есіргеповтың тұтқындалуын айыптап, оның босатылуын талап етті.
XS
SM
MD
LG