Accessibility links

Бақытжан Нұрпейісов: Соққыға жыққандардың "саясат" дегендерін ғана ұғып қалдым


Бақытжан Нұрпейісов Қалқамандағы қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімінде емделуде.Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.
Бақытжан Нұрпейісов Қалқамандағы қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімінде емделуде.Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.

Алматы қаласында ақпанның 5-і күні кешкі сағат тоғыздар шамасында тәуелсіз «Общественная позиция» газетінің тілшісі Бақытжан Нұрпейісовті белгісіз біреулер аяусыз соққыға жығып кеткенін хабарлағанбыз. Азаттық тілшілері ауруханада жатқан Бақытжанмен тілдесіп қайтқан еді.

19 жасар журналист Бақытжан Нұрпейісов бейсенбінің кешінде үйіне қайтып бара жатқан жолда тарпа бас салған бөгде кісінің өзіне қарата айтқандарынан бір ғана «саясат» деген сөзді түсініп үлгеріпті.

- «Жеміс сүрлеу комбинаты» аялдамасынан шығып жер асты өткелі арқылы Каблуков көшесімен келе жатқан едім. Алдымнан жолымды кес-кестеп бір адам шықты. Ол маған бірдемелер айтты. Мен түсінбедім. «Политика» деген сөзін ғана ұғынып қалыппын, - деді ол.

Журналист әрі қарай не болғандығын, өзін соққыға жыққандардың кімдер және қаншау екендігін білмейді.

- Басымнан ұрды. Немен ұрғанын көрмедім. Тұруға талпынып едім, соққының астында қалдым. Ыршып бес метрге дейін жүгіріп барып сүріне құладым. Есімде жоқ... Қанша адам ұрғанын да білмеймін, - деді Бақытжан Нұрпейісов.

Басынан қатты жараланған журналист Қалқамандағы №7 қалалық аурухананың нейрохирургия бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның маңдай сүйегі мен бет сүйегі сынғандығын, бас сүйегі мен миына қатты зақым келгендігін айтады.

- Науқастың жағдайы орташадан төмен, - деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Жанайдаров.

Бұл уақытта тәуелсіз «Общественная позиция» газетінің аға редакторы Розлана Таукина газет тілшісінің соққыға жығылуына оның журналистік кәсібі себеп болғандығына сенімді.

- Біз бұл оқиғаны Нұрпейісовтың кәсіби әрекетімен тікелей байланысты деп есептейміз. Біріншіден, оны соққыға жыққан адамдар журналистке саясат төңірегінде әңгімелер айтқан. Екіншіден, оның журналистік куәлігін, жеке бас құжатын, жұмысқа қажетті заттарын (фотоаппарат, диктофон және жазба дәптері) тартып алған, бірақ ақшасына тиіспеген. Біз оның соққыға жығылуына газеттің соңғы нөмірінде жарық көрген материалдар түрткі болған деп есептейміз», — деді Розлана Таукина.

"Общественная позиция" газетінің бейсенбілік нөмірінде соңғы бет тұтастай Бақытжан Нұрпейісовтың материалдарына арналған екен.
Алайда жәбір көрушінің өзі соңғы мақалалары шыққан күні не үшін және кімдерден соққы жегендігін әлі де түсінбейтіндігін айтады.

- Неге байланысты екендігін білмеймін. Бірақ олар менің ақшама тиіскен жоқ. Мен үшін бұл жұмбақ, - деді Бақытжан Нұрпейісов.

Полиция сөз болып отырған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матай құқық қорғау органдарын қылмысты тездетіп ашуға шақырды.

- Бір байқағаным, мемлекет тарапынан шығатын ақпарат құралдарына ешкім тимейді, ашық айтатын басылымдардың қызметкерлері зардап шегіп жатыр. Бұл соңғы бір-екі айдың ішінде тіркелген үшінші оқиға: бұған дейін Азаттық радиосының тілшісі Ермек Болтай, «Тасжарған» газетінің журналисті Артем Миусов белгісіз біреулердің әрекетінен зардап шекті. Құқық қорғау қызметкерлері қылмыскерлерді іздеп табуы тиіс, - деді Сейітқазы Матай.

Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының маманы Ғалия Әженова болса журналистерді соққыға жыққандардың жазасыз қала беруінің арты жақсылыққа апарып соқпайтындығын ескертіп отыр.

- Журналистерді қорғайтындай жағдай болмаса, құқық қорғау органдары көмек бере алмаса, қылмыстық істер қаралмаса, онда журналистер бұзақылыққа жақын жүретін адамдардың тапсырыс көзіне айналуы мүмкін. Яғни, Нұрпейісовтың соққыға жығылуы біреудің тапсырысы болуы ғажап емес. Екіншіден – журналистің соңғы материалдарында аты аталған кейіпкерлерге кір келтіру мақсатында осындай әрекетке баруы мүмкін,- деді Ғалия Әженова.

Бақытжан Нұрпейісов – қоғамдық белсенді Гүлдана Нұрпейісованың баласы және саясаткер Маржан Аспандиярованың жиені.
XS
SM
MD
LG