Accessibility links

Полиция жастарды пикет өткізгені үшін емес, өткізбекші болғаны үшін ұстап әкетті


Президенттің бастамасына қарсылық білдірмек болған қоғамдық ұйым өкілдерін полиция Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына әкелді. Алматы, 14 сәуір 2009 ж.
Президенттің бастамасына қарсылық білдірмек болған қоғамдық ұйым өкілдерін полиция Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына әкелді. Алматы, 14 сәуір 2009 ж.

Сәуірдің 14-і күні Алматы қаласындағы Республика алаңында Қазақстан президентінің бастамасына қарсы акция өткізбекші болған жастар ұйымдарының 12 өкілін полиция ұстап алып кетті. «Біз ядролық қалдықтарға қарсымыз» деген атпен өтуі тиіс наразылық шарасына қатыспақ болғандарды полиция ішкі істер бөлімінде шамамен үш сағаттай ұстады.

Қоғамдық тәртіпті күшейту туралы тапсырма алған Алматы полициясы енді наразылық акцияларын алдын ала құрықтаудың айласына көшкен сыңайлы. Сейсенбі күні қаланың Республика алаңында наразылық шарасын өткізуді жоспарлаған жастар ұйымдарының бұл ойлары белсенді топ алаңға жетпей жатып-ақ жүзеге аспай қалды.

Өйткені акция өткізуді жоспарлаған жастарды орта жолдан тосып алған полиция оларды көлікке отырғызған бетте Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратына жеткізген. Акцияны ұйымдастырушылардың бірі, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Төреғожинаның Азаттық радиосына хабарлауынша, наразылық митингісіне кедергі келтіру іс-шарасына 30-шақты полиция қызметкері мен 4 көлік жұмылдырылған.

Бақытжан Төреғожина, "АрРухХақ" қоғамдық қорының жетекшісі. Алматы, 14 сәуір 2009 ж.
- Бізді кешеден бері ескертумен болды. Ал, бүгін кеңседен шыға бергенімізде жалпы саны 12 адамды ұстап алып кетті, - деді қоғамдық қор төрағасы.

Оның айтуынша, полиция жастарды рұқсат етілмеген пикет өткізгені үшін емес, сол акцияны өткізуге талпынғаны үшін ұстап отыр.

- Осы тұрғыдан алғанда полицияның әрекеті заңсыз. Егер бұған жол берілетін болса, онда олар көшеде жәй кетіп бара жатқан кез келген адамды ұстап алып қамай бермей ме? Он екі адамды ішкі істер бөліміне апарған полиция бізге рұқсат етілмеген пикеттер, митингтер мен шерулерді өткізуге заңмен тиым салынатындығы туралы заңды оқып берді. Бар болғаны сол, - деді Бақытжан Төреғожина.

Сонымен қатар, полиция белсенді жастардың акцияға арнайы дайындаған плакаттарын жинап алған. Ұсталғандар Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың республика аумағында ядролық отын банкін орналастыру бастамасына қарсылық білдіріп, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдына жиналмақшы болған.

- Біз ядролық отын банкін орналастыруға қарсы өзіміздің азаматтық ұстанымымызды білдірмек болған едік. Біздің пікірімізше, мұндай орынды республика аумағында салуға болмайды. Өйткені ол жергілікті тұрғындардың өмірі үшін қауіп туғызады. Қауіпті дейтініміз, Қазақстанда жемқорлық пен ұрлық-қарлық көп. Тіпті, қоймалардағы танктердің өздерін ұрлап кетіп жатқанда қандай қауіпсіздік туралы айтуға болады. Назарбаев ұсынып отырған ядролық банктің жұртшылыққа қауіпсіз екендігіне кім кепілдік бере алады? – деді Бақытжан Төреғожина.

Рұқсат етілмеген наразылық митингісін «Ар.Рух.Хақ», Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі (МИСК), "Болашақ", "Абырой", "Рух пен Тіл" және басқа да жастар ұйымдарының өкілдері бірлесіп өткізуді жоспарлаған екен.
XS
SM
MD
LG