Accessibility links

Үкімет қоғамдық тәртіпті күшейтуді қолға алды, бірақ бұл кешіккен шешім дейді оппозиция


ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов құқық органдарына Астана және Алматы қалаларында қоғамдық тәртіпті күшейтуді тапсырды. Оның пікірінше, экономикалық жағдайдың шиеленісуіне байланысты қоғамдық тәртіптің бұзылу үрдісі байқалып отыр. Алайда Қазақстандағы оппозициялық партия өкілдері үкіметтің бұл әрекетін өте кеш қабылданған шешім ретінде бағалайды.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың айтуынша, экономикалық жағдай нашарлаған уақытта бірқатар «элементтерді» қоғамдық тәртіпті ушықтыруға итермелейтін жағдай туындайды. Осыған байланысты, құқық органдары бір айдың ішінде республиканың ірі қалаларында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шараларды қабылдауы тиіс.
ҚР İшкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес нұсқаулар республиканың барлық аймақтарына түсіп жатыр.
- Тапсырма орындалады. Ал жалпы осыдан екі ай бұрын министрдің басшылығымен кеңестер өткізіліп, әсіресе, ірі қалаларда қауіпсіздік шараларын өткізу туралы тапсырмалар беріліп жатыр, - деді Бағдат Қожахметов.
Оның айтуынша, жалпы республикадағы қылмыс деңгейі биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2-3 пайызға төмендеген. Бұл ішкі әскердің, патрульдық полицияның және учаскелік инспекторлардың жұмыс тәртібін ретке келтірудің қорытындысынан шыққан нәтиже.
- ТМД елдерінен Қазақстанға жұмыс іздеп келген мигранттарға байланысты бірқатар шаралар өткізілді. Көптеген құрылыс компанияларының жабылуына байланысты жұмыссыз қалғандар қылмыстық жолға түсуі мүмкін деген болжам болған. Күмәнді немесе жұмыссыз қалған мигранттарды есепке алып, әрқайсысына бақылау жасаудың арқасында бүгінгі таңда қоғамдық жерлердегі қауіпсіздік дұрыс деңгейде деген ойдамыз, - деді Бағдат Қожахметов.
Экономист Ораз Жандосов әлемдік қаржы дағдарысы кезінде осындай шешімнің қабылданғандығын құптайды. Бірақ ол үкімет мұндай шешімін өте кеш қабылдап отыр деп есептейді.
- Бұл ретте Үкімет дұрыс қадам жасап отыр. Бірақ, шешімнің кеш қабылданғандығын айтып өткен жөн. Қазір криминалдық қылмыстың көбейгендігін шынайы статистиканың өзі бейнелеп отыр. Яғни, үкімет оны алдын-ала болжауы керек еді, - деді Ораз Жандосов.
«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярованың пікірінше, үкіметтің мұндай шешімінің кері жақтары болуы да ғажап емес. Әсіресе, бұл өз ұстанымдары мен талаптарын наразылық шерулері арқылы білдіргісі келген қара халық үшін соққы болып тиюі мүмкін деп есептейді партия өкілі.
- Бұлар «шаш ал десе, бас алуға» дайын. 15 тәулікті былай қойғанда, олар жедел түрде қылмыстық іс қозғап жіберуге, халықты ұрып-соғып, басқа да әрекет жасауға дайын екендігі көрініп тұр, - деді Маржан Аспандиярова.
Биылғы жылдың тамыз айынан бері бір ғана Алматы қаласында жиырма шақты наразылық акциялары өткізілді. Солардың барысында құқық органдары «Талмас» қоғамдық қозғалысының төрағасы Айнұр Құрмановты 15 тәулікке абақтыға жауып, қоғамдық белсенділер - Ризада Жақыпбек пен Дәулет Жұмабековтерге әкімшілік айыппұл салды.
XS
SM
MD
LG