Accessibility links

Ресейлік путинтану


Останкино телемұнарасынан парашютпен секіру. Мәскеу, 20 маусым 2003 жыл.
Останкино телемұнарасынан парашютпен секіру. Мәскеу, 20 маусым 2003 жыл.

Ресей телеарналары бір қарағанда еркін болып көрінгенімен, шындап келгенде, мемлекеттік телеарналарда Кремльдің саясаты туралы талдамалық бағдарламалар жоғалып кетті. Орыс-грузин соғысы жайында шындық айтылмайды, шынайы зерттеулердің уақыты өтті.

БЕС МИНУТТЫҚ АРСЫЗДЫҚ

Теледидар экранында жасы сексенге келіп қалған, жүдеу киінген қартаң кемпір. Бұл адам – Цхинвалиде тұратын осетин кемпірі – өткен жылғы ресей-грузин соғысының куәгері.

Ол өзінің баспанасына грузин әскерилерінің қалай басып кіргендігі жайында айтып тұр: «Олар америкалық әскери формаларды киіп алған, қолдарында америкалық автоматтары бар, – дейді кемпір. – Олардың арасындағы әлдебір нұсқаушы басшысы болса керек. Сол ағылшынша бұйрық беріп тұрды...»

Камера қозғалмастан әңгіме айтып тұрған кемпірді көрсетеді. Тілші оның сөзін бөлер емес. Ол ғұмырында өзінің сиырынан өзге ешнәрсе көрмеген әлгі кемпірден әскери форма мен автоматтың кімдікі екендігін қайдан білесіз, бұйрықтың ағылшынша берілгенін қалай білдіңіз деп сұрамайды да.

Тілші не үшін үндемеу керектігін жақсы біледі. Өйткені, оның өзі және бүкіл түсіру тобы – бұрмаланған осы телеақпараттың ауторлары, бұл Ресейдің мемлекеттік телеарналарынан жаппай көрсетілетін болады.

Кемпірге осылай айту керек деді, ол айтты. Тілші өзінің бет-жүзін жасырмайды да. Мемлекеттік арнаның жалақысы жоғары. Ал бүгінде ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында «бес минутқа арсыз болсаң, есесіне өмірлік азығыңды табасың» деген принцип орнаған.

«НТВ» телеарнасындағы «Куклы» телешоуын түсіру кезінде Владимир Путинді бейнелейтін қуыршақ. 30 наурыз 2000 жыл.
Владимир Гусинскийдің кезіндегі НТВ-нің, еркін баспасөз бен шынайы зерттеулердің кезеңі келмеске кеткен. Қазір НТВ сарыжағал жаңалықтардың арнасы ретінде гүлденуде. Оның журналистері бет-бетімен кеткен. Біреулері журналистік кәсіптен мүлдем қол үзді. Біреулері саясат тақырыбына барудан жиіркенеді. Ал енді біреулері өтіріктің жолына түскен.

Президент Дмитрий Медведев Мемлекеттік Дума арқылы сайлау заңнамасына өзгертулерді күштеп өткізіп, ендігі жерде жаңа президент төрт жылдың орнына алты жылға сайланып-тағайындалатын болғандықтан, барлығы өз-өзінен түсінікті болды.

Дмитрий Медведев – 2012 жылға дейін. Содан соң Владимир Путин тағы 12 жылға. Сөйтіп, 2024 жылға дейін бәлендей өзгерістерсіз, сол билікпен, соның белгілеген критерийлері және құндылықтар өлшемімен өмір сүруге тура келеді.

Бұған бүкіл елде оппозициялық басылымдардың қалмағандығын, ал енді бірен-саран тәуелсіз БАҚ-дарында жұмыс істей қалсаң, өлтіріп кететіндігін қосып айтқымыз келеді.

ӨТКЕНДІ АҢСАУ

Ресейдің ақпарат құралдарындағы қазіргі жағдай осындай. Күні кеше ғана шынайы саяси репортаждар жасап жүрген журналистер, таза насихат құралына айналған өз арналарында жұмыста қалған соң, енді әлеуметтік тақырыпқа ауысып, жалақы алу үшін айына екі мәрте кассаға келеді.

Сырттай қарағанда олар амбицияларын жоғалтқан жоқ сияқты, апта сайын әлдебір зерттеуді көруге болады. Мысалы, қандай да бір кішкене қалашықта, әлдебір кішкене кәсіпкерге маза бермейді.

Теледидар оған кімнің, қалай және не үшін маза бермейтіндігі жайында жан-жақты баяндаған телерепортажды көрсетеді. Содан кейін экранда міндетті түрде «Единая Россияның» мүшесі болып табылатын губернатор пайда болып, кінәлілердің жұмыстан алынғандығы жайында шыр-пыр болып айтады. Ол тікелей өзі «жоғарыдағы биліктің алдына сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе қойып, заңнамаға әлдебір ұсыныстарын жасайды».

Мұндай «зерттеулердің» сценарийлері әрқашан бірдей: кінәлілер – төменде, орта буындағы бастық – жақсы, бірақ барлық үміт тек Владимир Путинде. Ал ол болса, әрдайым жаныңнан табылады. Сондықтан, барлығын жарқын болашақ күтіп тұр.

Осы уақытқа дейін неге дәл осылай өмір сүріп жатқандығымыз жайында ешқандай талдау-тұжырым, ешқандай сұрақ жоқ. Проблемаға жоғары биліктің еш қатысы жоқтай. Тек «Владимир Путин анда болды», «Дмитрий Медведев қатаң мәлімдеді» дегендер ғана бар.

Пікірсайыстық бағдарламалар экраннан мүлдем жоғалды. Журналистердің кәсіби пессимизмі толығымен орнығып алған.

НАСИХАТ ҚҰРАЛЫН ҚАЙТА ЖАНДАНДЫРУ

Алайда, тек насихатшылар ғана жұмыс істейтін сала бар. Ол – Владимир Путин мен Дмитрий Медведевтің саяси мәлімдемелері мен саяси шешімдеріне қатысты.

Бұл жерде пікірталас тұрмақ, тіпті жай ғана сұрақ қоюдың өзі мүмкін емес. Ресей – ақпараттық соғыс жолында деген Кремльдің үзілді-кесілді шешімі ғана бар. Теледидардағы айтылған өтірік ендігі жерде өтірік емес, ол – жауға қарсы қолданылатын қару. Грузияға қатысты күн сайын кез-келген нәрсеге байланысты өтірік айтып жатты. Өтірік неғұрлым сенімсіз болса, солғұрлым жақсы.

Краснодар өлкесінде доңыз тұмауына шалдыққан алғашқы адам тіркелгенде, экранда әлдебір «ғалым» пайда болып, ойға келмейтін оқиғаны айтты. Ол доңыз тұмауының Грузия жағынан келгендігі жайында «дерек барын» келтірді. Оның айтуынша, «Грузияда доңыздарға эксперимент жасаған құпия биологиялық лаборатория жұмыс істеген». Содан кейін әлгі доңыздар қашып шығып, жабайы шошқалармен шағылысып, Ресей шекарасынан өтіп кеткен. Енді міне нәтижесі осы!

2008 жылы тамызда Оңтүстік Осетияда болған соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, май шам ұстап тұрған әйел. Цхинвали, 8 тамыз 2009 жыл.
Грузин соғысының алғашқы минуттарынан-ақ өтірік айтыла бастады. Ресейлік «урагандарды» көрсетіп, оны грузиннің «градтары» деді. Опат болғандар жайында минут сайын өтірік айтып жатты: алдымен - 2 мың адам, содан соң – 160, ал қазір болса, біресе – 59, біресе – 71 кісі құрбан болған дейді.

Грузиндер Цхинвалидің суын уламақ болды деп те өтірік айтты. Өтірікті судай сапырғаны соншалық, тіпті қисынсыз соқты. Өйткені, уланған су сол өзеннің ағысымен Грузияға қайтып келеді емес пе?!

Соғыстың бір жылдығына орай «8/8/8» атты фильм жасалды. Бұл – өткен жылғы соғыстың басталған мезгілі. Үйіне «америкалық-грузиндер» басып кірген әжейдің әңгімесі дәл осы фильмде.

КРЕМЛЬГЕ ЕШҚАНДАЙ СҰРАҚ ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

Ақпарат құралдарындағы басты стратегия – ешқандай сұрақ қойылмауы тиіс. Дмитрий Медведев Германияға, Ангела Меркельге бара жатып, Ресейдің Украина президенті Виктор Ющенкомен ортақ ешнәрсесі болмайды деп мәлімдеме жасайды.

Ал бұл мәлімдеменің мағынасы не екенін ешкім сұрамайды да. Дипломатиялық қарым-қатынастар үзіле ме? Мүмкін, әлдебір келісімдердің күші жойылатын шығар? Немесе шекараны жауып, әуе және теміржол қатынастарын тоқтата ма?

Грузияға қатысты осындай мәлімдеме болды ғой. Ең бастысы – соғыс бола ма? Бұл әзіл емес, өйткені президент Дмитрий Медведев ешқандай қарым-қатынас болмайды деп айтты емес пе?

Константин Эрнст, Бірінші арнаның бас директоры. 6 наурыз 2007 жыл.
Тағы бір өткір сұрақ: егер Виктор Ющенконы қайтадан президенттікке сайласа, сонда бұл алдағы 5, 10 немесе 15 жылда ешқандай қарым-қатынас болмайды деген сөз бе?

Бірақ ешқандай жауап жоқ. Жақын көршілермен соғысқа әкелуі мүмкін, соғыс пен бейбітшіліктің проблемаларына қатысты мәлімдемелері жайындағы сұраққа жоғары басшылықтың жауап қайтарып, түсініктеме беруі түгілі, бұл туралы ешқандай бағдарламасы да жоқ.

Ресей журналистерінің арасында: «Мен Бірінші арнаны көріп отырғанымда, Эрнст экраннан маған қоқысқа қарап отырғандай әсерде боламын» деген әзіл бар. Константин Эрнст – Бірінші арнаның бас директоры.

(Журналист Матвей Ганапольский «Эхо Москвы» радиокомпаниясында жұмыс істейді. Бұл мақала «Азат Еуропа» / «Азаттық» Радиосы үшін жазылған. Бұл мақалада айтылған ой-пікірлер мен тұжырымдар біздің редакцияның ұстанымымен сай келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG